$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аусыл, бруцеллез, жұқпалы дерматит: елімізде ветеринария мәселесі өзекті болып тұр

Төрт түлік малды жұқпалы аурулардан қорғау мәселесі шешімін таппай тұр

Аусыл, бруцеллез, жұқпалы дерматит: елімізде ветеринария мәселесі өзекті болып тұр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев; Фотолар ашық дереккөзден алынды

Елімізде ауыл шаруашылығына қатысты шешімін таппай тұрған мәселелер аз емес. Бірер жыл бұрын шілденің шіліңгір ыстығында бірнеше өңірде жұт болып, біраз мал аштықтан қырылған болса, жекелеген өңірлерде ара-тұра жұқпалы аурулар кездесіп тұрды. Ал соңғы уақыттары осы салаға қарасты ветеринария мәселесі де өзекті болып отыр. Былтыр сала министрі мал дәрігерлерінің тапшылығы туралы айтып өткен еді. Azattyq Ruhy тілшісі ветеринария саласына қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

ВЕТЕРИНАРИЯ МӘСЕЛЕСІ – САЛАНЫҢ ІЛГЕРІ БАСПАУЫНА СЕБЕП

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі VII шақырылымының депутаты Аманғали Бердалин Палатаның соңғы отырысында ветеринария мәселесіне қатысты мынадай сауал жолдаған болатын.

«Бұл сауалымыз Ауыл шаруалығы министріне қойылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында» ұзақ мерзімді кезеңде ветеринарлық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған ветеринария саласындағы заңнаманы жетілдіруді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы малдарының саны көбеюіне байланысты аусыл, бруцеллез, надулярлы дерматит сияқты жұқпалы аурулардан қорғау мәселесі өзекті болып тұр. Өңірлерде карантиндік іс-шаралар енгізіліп жатыр. Бұл әрине мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік бермейді. Екі жылдан астам уақыт бойы Қытай Халық Республикасының нарығына өнім шығарған жоқпыз. 2022 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына аусыл бойынша уақытша шектеулер енгізілді», - дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, жауапты министрлік жүргізіп отырған мемлекеттік ветеринарлық зертханалардың функцияларын жеке қолға беру саясатының кемшін тұстарын қозғап өтті.

«Осындай жағдайларға қарамастан Ауыл шаруашылығы министрі мемлекеттік ветеринарлық зертханалардың функцияларын жеке қолға беру саясатын дамытып жатыр. Аудандық зертханалардың бәсекелестік ортаға, қарапайым тілмен айтқанда жеке секторға беру – көптеген проблеманың туындауына себеп болады.

Ұзақ жылдар бойы біз жануарларды қарапайым қажетті жағдайлармен қамтамасыз ете алмадық. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру электронды базасының үздіксіз жұмысын жолға қоя алмадық. Аудан мен ауылдық округтерде интернет қанағаттанарлық деңгейде жұмыс істемейді. Тіпті бүгінде біз практикалық дәрігерлерді шприц секілді қарапайым ғана қажетті жабдықтарымен қамтамасыз ете алмай отырмыз», - деп ойын жеткізді.

Сөз арасында осындай проблемалардан кейін ветеринария саласында болып жатқан кемшіліктерді тілге тиек етіп өтті.

«Олар ескі әдіс – шыны пробилкалармен қан үлгілерін алуға, содан кейін сарысуды бөліп, зертханаға өткізуге мәжбүр. Ветеринарлық зертханалар мемлекет меншігінде болуы тиіс. Сол сияқты бір мезгілде жеке практика қатар дамуы тиіс деп санаймыз. Өйткені оған Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынбаған», - деп мәселенің маңызды тұсын көтерді.

Осы айтылғандардың негізінде және айқындалғандарды шешу мақсатында Аманғали Бердалин мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  • Біріншіден. Аса қауіпті инфекциялар бойынша жағдайды диагностикалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік монополияны жеке секторға беруден бас тарту;
  • Екіншіден. Ветеринарлық қызмет бойынша нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізу және осы үшін республикалық бюджетті нақтылау аясында қаражат бөлуді көздеу.
  • Үшіншіден. Өнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобада мәлімделген талдамалық жүйені құру, цифрлық процестерді жетілдіру және деректерді жинау мен автоматтандыруды қысқа мерзімде жүзеге асыру.
  • Төртіншіден. Ветеринарлық дәрігердің жалақысын ұлғайтуды қайта қарастыру.

ВЕТЕРИНАРИЯ ПРОБЛЕМАСЫ 2021 ЖЫЛЫ ДА ӨЗЕКТІ БОЛДЫ

Ауыл шаруашылығы саласының күрмеулі мәселелері осыған дейін де сан мәрте қозғалған. Былтыр сала министрі Ербол Қарашөкеев өзі де айтып өткен болатын.

«Ветеринария саласында кемшіліктер бар. Ауылды жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету тиісті деңгейде дамымай отыр. Бұл салаға цифрландыру әлі де болса жетпеген, мамандар қағазбасты жұмыстан арылмаған. Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктердің аражігін толық ажырату қажет. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төменгі деңгейде», - деген еді министр Ербол Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы туралы Парламент Сенатының тыңдауында жасаған баяндамасында.

ТОҚАЕВ: ЭКСПОРТ КӨЛЕМІН ЕКІ ЕСЕ АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

Ауыл шаруашылығы еліміздің тыныс-тіршілігіне тікелей қатысы бар, ел экономикасы үшін де маңызы зор салалардың бірі. Алайда шешілмей тұрған түйткілді тұстары қаншама. Ветеринария – ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі ғана. Малдың етті, сүтті болуына ветеринарияның тікелей қатысы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде ауыл шаруашылығы мәселесін қозғаған болатын.

«Біз саланы дамытудың жаңа моделіне көшуіміз керек. Қаржылық және қаржылай емес қолдаудың барлық құралдарын стратегиялық мәселелерді шешуге бағыттау және толығымен цифрландыру қажет. 350 мың фермер мен үй шаруашылықтарын қатыстыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және өңдеуге арналған жеті ірі экожүйе құрылады. Бұл жаңа жұмыс орындары және ауыл тұрғындары үшін тұрақты табысқа айналады», - деген еді Мемлекет басшысы.

Сол сияқты Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнімдерінің экспорт көлемін 2 есеге арттыруды міндеттеген болатын. Ал осы жолда кәсіпкерлерге заңсыз кедергі тудырғандар жауапқа тартылатынын да мәлім еткен.

«Заңсыз кедергілердің кез келгені ауыр қылмыс болып саналады. Сол сияқты біз тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 30 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиында.

«ВЕТЕРИНАРЛАР ЖЕТКЕНШЕ ӨЗІМІЗ ЕМДЕП АЛАМЫЗ»

Осы орайда біз Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданына қарасты Доланалы ауылында мал шаруашылығын кәсібіне айналдырған Ғани Досжанға хабарласып, ветеринария саласындағы мәселелер жайлы сұрап білдік.

«Ауданның іші округке бөлінеді. Өзім тұратын округте бес ауыл бар. Әр ауылға бөлінген ветеринар дәрігерлер бар. Олар көктемде, күзде келіп, төрт түлік малға тиісті вакцинациясын салып кетеді. Қарасан, бурцеллез деген жылдам таралатын мал аурулары бар. Қыстың ортасында қорадағы малдың ауырып қалатын кездері болады. Малдың іші кеуіп, асқазаны тоқтап қалатын кездер болады. Осындай уақытта ветеринардың жетіспеушілігі қиындық тудырады. Шақырған дәрігерің кейде келеді, кейде келмейді, кейде кешігіп те келіп жатады. Ветеринарлардың жетіспеушілігі ара-тұра сезіліп тұрады. Сол себепті шақырған ветеринар дәрігерің жетіп болғанша өз бетімізбен емдеп алуға тырысамыз.

Біздің округте мен білетін әзірге жекеменшік ветеринарлар жоқ. Ал атқарушы орган тарапынан белгіленген мал дәрігерлерін шақырғанымыз үшін ақы, жол-пұлын төлемейміз. Келген соң қажетті ем-дом шараларын белгілеп, дәрілерін жазып кетеді. Жекеменшік болғаннан кейін ол дәрілерді өзіміз сатып аламыз. Ал алты ай сайын салынатын вакцинаға ешбір ақы төлемейміз, ол ауыл халқы үшін тегін», - дейді ол.

Шаруа сөз арасында ауыл тұрғындары негізінен әмбебап болып келетінін қозғап өтті.

«Өзім тұратын маңайда жұмыс санаулы-ақ жерде бар. Оның бірі – жергілікті әкімшілік, тағы бірі – мектеп. Бәріне бірдей жұмыс бола бермейді. Сол себепті жергілікті халық ауыл шаруашылығын кәсібіне айналдырып жатыр. Мұндағы жұрт өзі агроном, өзі ветеринар, өзі трактор жүргізуші. Әмбебап болып келеді», - дейді Ғани Досжан.

Сол сияқты өсірген төрт түлік малын қайда жіберетінін тілге тиек етіп өтті.

«Үлкен шаруа қожалықтары өнімдерін алыс-жақын елдерге экспортқа шығаратын болар. Бірақ өзім тұратын маңайда ешкім экспортқа шығармайды. Өзім ірі қара малды бағумен айналысамын. Мал басын көбейтіп, асылдандыру қамымен жүрмін. Өсірген малымызды Алматыға жібереміз. Алматыны етпен қамтамасыз етеміз. Мен секілді шаруалар маңайымыздағы Алматы, Талдықорған секілді қалаларға жібереді», - деп Ғани Досжан ойын аяқтады.

СҚО-ДА ВЕТЕРИНАРЛАР ТАПШЫ МА?

Біз осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының міндетін атқарушы Олжас Болысбаевқа хабарласып, мән-жайды сұрағанымызда өңірдегі мал шаруашылығы ахуалына, ветеринария мамандарына қатысты мәселелер туралы мәлімет беріп өтті.

«Облыс бойынша бруцеллез, жылқы ринопневмониясы, ринотрахиясы өзге ауру түрлеріне қарағанда жиірек кездеседі. Нақты санына тоқталсам, 2022 жылдың 11 айында 204 малдан бруцеллез табылды. Ал оның алдыңғы жылы, яғни 2021 жылы 447 малдан анықталған. Яғни өңірімізде бұл көрсеткіш екі есе қысқарғанын байқауға болады.

Ал мамандарға тоқталар болсақ, ветеринария саласында 433 маман қарастырылған. Оның ішінде 355 маман қазіргі уақытта қызмет етіп жүр. Қалған жалпы саны 78 бос орын тұр. Қазір осы ветеринария саласының мамандарын қызметке қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Жыл сайын Аграрлық университетке барып, жас мамандарды жұмысқа шақырамыз», - дейді Олжас Болысбаев.

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, ауыл шаруашылығы еліміздегі маңызды салалардың бірі екені айтпаса да белгілі. Халықтың күнделікті тұтынатын негізгі тауарлары – ет, сүт, нан, көкөніс, жеміс-жидек дәл осы саланың өнімі. Сол себепті Ербол Қарашөкеев жетекшілік ететін Ауыл шаруашылығы министрлігі шешімін таппай тұрған проблемаларды жылдам арада шешіп, кемшіліктердің орнын толтыруы қажет.

Серіктес жаңалықтары