Қазақстаннан 500 млн доллар заңсыз шығарылды деген қауіп бар

Автор: Azattyq Rýhy

Қаржы министрлігі қазір бұл қаражаттың қайда жұмсалғанына зерттеу жүргізіп жатыр

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов қоластындағы қызметкері Ғабит Лесбековтің (Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары – авт) кеше Сенатта айтқан мәлімдемесіне түсініктеме берді. Лесбеков кеше Сенатта Қазақстаннан шетелге 27 трлн теңге шыққанын хабарлаған еді. Қазақстандықтардың көбі бұл қаражат шетелге заңсыз шыққан деп түсініп, қаржы шекарамыздың қауіпсіздігіне күмәнмен қараған болатын. Министр бұл қаражат заңды айналыммен шыққанын және қандай бағыттарда айналымда болғанын түсіндірді. 

«27 трлн теңге туралы теріс түсіндірме берілген. Шын мәнінде бұл операциялардың барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы іске асқан операциялар. Бұл соманың жартысы импорт тауарларды сатып алуға жасалған төлем, тағы бір бөлігі резидент емес адамдардың қызметі үшін төленген ақы, ақшаның тағы бір бөлігі халықаралық нарықтардан алынған қаражатты жабуға кеткен ақша, тағы бір бөлігі бұдан бұрын Қазақстан нарығына салынған инвестицияның дивиденті ретінде төленген ақша. Осы транзакциялардың барлығы сол 27 трлн теңге ішіне кіреді», - деді Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Дегенмен, Смайылов осы 27 трлн теңге ішінде заңсыз шығуы мүмкін қаражат бар екенін жоққа шығарған жоқ.

«Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары айтқан соманың кішкене бір бөлігі, шамамен 500 млн доллар, заңсыз шығарылған болуы әбден мүмкін. Тәуекелдер өте жоғары. Әр операция бойынша тиісті аналитикалық жұмысты жасаймыз. Заңсыз шықты ма, жоқ па, тергеу органдары анықтайды», - деді Смайылов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан