Nur Otan Шәуілдірдегі көпқабатты үйлердің жылу мәселесін шешуді өз бақылауына алды
Облыс әкімі осы ауылдағы қазандық құрылысына қаражат бөлінгенін айтты
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарының алғашқы күні Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шәуілдір ауылында 300-ден астам отбасы 70-80-ші жылдары салынған үйлердегі инженерлік инфрақұрылымның тозуы салдарынан жылу беру жүйесінің мардымсыз жұмысына байланысты Nur Otan партиясына шағымданған.
Бауыржан Байбек қазіргі таңда бұл мәселенің шешімі Nur Otan партиясының бақылауына алынғанын атап өтті.
«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында бүгінде еліміздің шалғай аудандарының түйіткілді мәселелерін шешу бойынша партия жүйелі шаралар әзірлеуде. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу Nur Otan партиясының бақылауына алынды», – деп мәлімдеді Бауыржан Байбек өзінің Facebook парақшасында..
Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жақын арада бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінетінін, осы ауылдағы қазандықтың құрылысына қаражат бөлінгенін жеткізді.