Петропавлда 20 жыл бойы ата-аналардан ақша жинаған ұйымды жабуға кім кедергі?

Автор: Azattyq Rýhy

«Альянс» қоғамдық қорының төрағасы, есепшісі мен кассирі ата-аналар есебінен 20 жыл бойы жалақы алып келген

Петропавл қаласындағы «БЭСТ» гимназиясының жанынан құрылған «Альянс» қоғамдық қоры 20 жыл бойы ата-аналардан ақша жинап келген. Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігінде мақала жарияланғаннан кейін бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен еді. Бүгін мектептерде ақша жинау тақырыбы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған басқосуда жалғасын тапты. 

Жиында айтылғандай, «Альянс» қоғамдық қорының қызметінде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Бәрі заңдастырылған. Ата-аналармен де келісімшарт жасалып, олар ақшаларын өз еріктерімен беретіндерін айтып, қолдарын қойған. Жұмсалған қаржының қайда кеткенін дәлелдейтін түбіртектері де бар көрінеді. Дегенмен, мектептің қажеттілігі үшін ата-аналардан ақша жинауға елімізде тыйым салынған.

«Қор 1999 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, мен директор қызметіне өткен жылы ғана кірістім. Оған дейін бірнеше жыл мұғалім болдым. «Альянстың» мектепке көп көмек көрсететінін айтқым келеді. Мен оны жаба алмаймын. Себебі аталған ұйымның мектепке ешқандай қатысы жоқ», - деді мектеп директоры Гүлнәр Арықпаева.

Директор қоғамдық қордың «мектепке қатысы жоқ» дегенімен, сынып жетекшілері әрбір ата-анамен келісімшарт жасау, ақша тапсыруға үгіттеу сынды жұмыстарға жұмылдырылатыны белгілі болды. Қоғамдық ұйымның жалға алып отырған кеңсесі де мектепте орналасқан. 

Естеріңізге сала кетсек, қоғамдық ұйымның төрағасы, есепші мен кассир ата-аналар есебінен 20 жыл бойы жалақы алып келген. Мәселе қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін жиналыс өтіп, қор төрағасы ауыстырылыпты. Бұл қызметке жаңа кіріскен Владимир Витченко тегін жұмыс істейтінін жеткізді. 

«Мектепте жиналыс өткіздік. 44 ата-ана қатысты. Мен көпшілік пікірін білу мақсатында «Альянсты» жабуды ұсындым. Басым көпшілігі қарсылық танытты. Ата-аналар ақшаны өз еріктерімен тапсырып отырғанын айтты», - дейді ол.

Осылайша көпшілік пікірі тағы да қақ жарылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жахин жемқорлық қаупін тудырып отырған «Альянс» қоғамдық ұйымын жауып, оның міндетін мектептің қамқоршылық кеңесіне жүктеуді ұсынды.

«Қор қызметкерлері жалақы алу үшін өздеріне түрлі жұмыс ойлап табады. Шет елдерден кітап алып жатырмыз, олимпиадалардан жүлде алған балаларға сыйақы тағайындалды деген сияқты фактілерді алға тартады. «Ата-аналар ерікті түрде ақша тапсырып жатыр» дейсіздер. Сол ақшаны ешкімді мәжбүрлемей, арнайы шот ашпай-ақ мектептің шотына салуға болады ғой. Ол кезде қор қызметкерлеріне жалақы төлеу сынды шығындар азаяр еді», - дейді ол.

Облыстық білім басқармасының жетекшісі де осы пікірді құптады. Алайда, мектеп директоры бастаған «альянстықтар» бұған келіспеді. Қордың жабылуына үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті, енді, мектеп ата-аналары арасында анонимді сауалнама жүргізбек.        

      

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО