Сарбаз Балғынбаев әскери бөлімді бір ай бойы тонап келген
Дивизия командирі де қамауға алынды
Ішкі істер министрі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Түркістан облысы Бадам станциясы маңындағы әскери бөлімнен сарбаздың қару-жарақты қалай ұрлағаны туралы айтып берді.
«Ол барлық қаруды бір мезетте алып кеткен жоқ. Белгілі бір уақыт аралығында қару ұрлығын жоспарлаған. Қаңтар айының аяғы мен ақпан айының ортасында ешкімге көрінбей қару қоймасынан, бірлеп-екілеп ұрлап отырған. Ал автомат сияқты ауыр қаруларды шығару үшін достарын шақырған. Яғни, қарудың негізгі бөлігі 19-нан 20-на қараған түні ұрланды. Қосымша үш адам - дивизия командирі, оперативті кезекші мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери адам қару-жарақты сақтау ережесін орындамағаны үшін қамалды»,- деді ол.
Тергеушінің айтуынша, сарбаз екі тапаншаны 120 мыңға сатып үлгерген. Қалғаны достарының үйінде сақталған. Қазір Балғынбаев пен сыбайлас екі досы да қамауға алынды. Ұзын саны 29 автомат, 28 тапанша, 2 әскери пышақ қолды болған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан