Жемістер мен көкөністер бір жылда 17,4% қымбаттады
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 10 ай ішінде азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жетті. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар бар болғанымен нәтиженің көңіл көншітпейтінін айтып, нақты шаралар қабылдау керектігін алға тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Energyprom.kz келтірген статистикалық деректерге сүйенсек, осы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары бір айда 1,8%-ға және бір жылда 24,1%-ға қымбаттады.
Айлық динамикада Ұлытау облысында азық-түлік тауарлары бағасының ең үлкен айлық өсуі байқалды - 2,4%. Елорда мен Жамбыл облысы да қымбатшылықтың үштігіне кірді. Аталған өңірлерде азық-түлік тауарлары 2,2%ға өсті.
Жылдық динамикада Маңғыстау облысында сектордағы ең жоғары баға тіркелді: бірден 31,4%-ға. Екінші және үшінші орында Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы тұр: әр өңірде қымбатшылық жылына 25,8%-ды құраған. Ең төменгі жылдық өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелді - 22,6%.
Жемістер мен көкөністер бір жылда 17,4% қымбаттады. Оның ішінде жаңа піскен жемістердің құны бір жылда 18,9%-ға, көкөністер 11%-ға өсті.
Жемістер арасында банандар бірден 45,8%-ға дейін қымбаттап, жемістің бір келісі 867 теңгеге дейін жетті. Апельсин 26,2%-ға, бір келісі 959 теңгеге дейін, алма 11,3%-ға, бір келісі 528 теңгеге дейін, лимон 8,6%-ға, бір келісі 1,2 мың теңгеге дейін, кептірілген өрік 65,4%-ға, бір келісі 3,8 мың теңгеге дейін қымбаттады.
Көкөністер арасында қияр бір жылда бірден 30,8%-ға дейін қымбаттап, бір келісі 691 теңгеге дейін, пияз 26,5%-ға, 116 теңгеге дейін, қызанақ 14,4%-ға, бір келісі 678 теңгеге дейін, картоп 9,9%-ға, бір келісі 155 теңгеге дейін өсті. Ақ қырыққабат (16,5%), сәбіз (4,6%) және қызылша (1,3%) арзандады.
Қараша айының қорытындысы бойынша сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 30%-ға өсті. Оның ішінде ішуге арналған сүт 30,3%-ға, консервіленген сүт 42,2%-ға, ашытылған сүт өнімдері 31,4%-ға қымбаттады.
Бөлшек саудады майлылығы 2,5%-ды құрайтын пастерленген сүттің бір литрі 331 теңгеден, майлылығы 3,2-4% литріне 417 теңгеден, қаймақтың бір кг құны 1,7 мың теңгеден, айран литріне 365 теңгеден, сүзбе бір кг үшін 1,9 мың теңгеден, қатты ірімшік бір кг үшін 4,4 мың теңгеден сатылды.
Ет, оның ішінде ет өнімдері бір жылда 16,1%-ға қымбаттады. Бөлшек сауда орындарында сүйектері бар сиыр еті орташа есеппен бір кг үшін 2,4 мың теңге, қой еті бір кг үшін 2,7 мың теңге, шошқа еті бір кг үшін 2,1 мың теңге, жылқы еті бір кг үшін 3 мың теңге, тауық еті бір кг үшін 1,4-1,2 мың теңге, пісірілген шұжық бір кг үшін 2,6 мың тг, жартылай ысталған шұжық бір кг үшін 3,1 мың теңгеден сатылды.
Бірінші санаттағы он жұмыртқаның құны орташа есеппен 468 теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға қымбат.
Нан бір жылда 19,3%-ға, жарма 36,8%-ға, макарон 42,2%-ға, ұн 43,7%-ға қымбаттады.
Жоғары сұрыпты бидай ұнының бір келісі 373 теңгеден, бірінші сұрыпты бидай ұны 243 теңгеден сатылды.
Жарма арасында арпа жармасы 44,5%-ға, бір кг үшін 368 теңгеге дейін, қарақұмық жармасы 38,2%-ға, бір кг үшін 718 теңгеге дейін, сұлы жармасы 37,5%-ға, бр кг үшін 606 теңгеге дейін, күріш 33,5%-ға, бір кг үшін 489 теңгеге дейін, тары 25,2%-ға қымбаттап, бір кг үшін 470 теңгеге дейін жетті.
Қараша айында Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізген еді. Өз сөзінде Премьер-министр министрліктер мен әкімдіктердің жасап жатқан шараларының нәтижесіз екенін атап өтті.
«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс. Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу серпіні жоғары. Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі», - деді Әлихан Смайылов.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл басынан бері қант, жұмыртқа, тұз, нан, ұн, қарақұмық және сүт өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілерге бағаны төмендету туралы талаппен 82 хабарлама шығарғанын мәлімдеді.
«Монополиялық жоғары бағалар мен келісілген әрекеттер бойынша 23 тергеу тағайындалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары мен сауда үстемелерін шектейтін 174 монополияға қарсы комплаенс жасалды. Өткен жылдармен салыстырғанда АӨК нарықтарындағы тергеулер мен хабарламалар саны артты. Өңірлердегі нарықтық шоғырлануы жоғары тауар нарықтарының тобы ерекше назарда. Бұл жұмыртқа, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, тұз және нан өндірісі», - делінген хабарламада.
Нақтырақ айтқанда, жұмыртқа өндірісі нарығында жазғы кезеңнің шығындарын жабатын маусымдық құнның өсуіне және электр энергиясына, жем-шөпке, буып-түю материалына кететін шығындардың ұлғаюына қарамастан, қаржылық шығындар мен әкімшілік шығындардың өсуі бір біріне сәйкес емес екені анықталған. Осыған байланысты, Шымкент, Қостанай, Тараз қалаларында 7 жұмыртқа өндірушіге қатысты тергеу басталды, 14 өндірушіге бағаның төмендеуі туралы хабарлама шығарылғаны белгілі болды. Нәтижесінде олардың 7-уі бағаны 6%-дан 10%-ға дейін төмендетті.
Айта кетерлігі, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында монополияға қарсы орган құс фабрикалары мен көтерме жеткізушілердің атына 32 хабарлама шығарған еді.
Жоғары импорттық тәуелділік жағдайында қант өндіру нарығында республиканың қант зауыттарына шикізатты, оның ішінде қант қамысынан жасалған шикізатты сатып алуға айналым қаражатын беретін «КаисИнвест» ЖШС қанттың көтерме саудасын 58% монополиялау арқылы жүзеге асырған.
«Тауарды биржалық сауда туралы талапты сақтамауы өнім берушілердің шектеулі санына өнімді өткізудің ашық емес схемаларын қолдануға әкелді. Осыған байланысты монополияға қарсы органның материалдары бойынша қант өндірушілерге қатысты әкімшілік істер қозғалды. Қазіргі уақытта "Каис Инвест" ЖШС-не қатысты қант өткізу көлемінің ұлғаюы кезінде үстемеақының өсуіне байланысты монополиялық жоғары бағаны белгілеу белгілері де қарастырылуда», - делінген хабарламада.
Соттың қарауында іс-әрекеттерінде монополиялық жоғары бағаны қолдану белгілері анықталған тұз өндіруші зауытына қатысты да материал бар.
Бұдан бөлек, тауық етін өндірушілерге, сауда базарларына және минералды тыңайтқыштарға қатысты тергеулер жалғасуда.
Ал АӨК нарықтарында бағаны белгілеу әдетте маусымдық сипатта болады, бұл кезде жеміс-көкөніс тобына жатпайтын тауарларды тұтыну жазда азаяды, ал қыста керісінше.
«Осыған байланысты бағаның көтерілуінің негізділігін сенімді бағалау үшін өнімді сатудың барлық кезеңін - маусымдық және маусымдық емес (шығынды) ескеру қажет. Монополиялық жоғары бағаларды белгілеу сонымен қатар ай бойынша динамикадағы шығындар мен пайда баптары туралы деректерді зерттеуді қажет етеді. Бұл монополияға қарсы әрекет ету шаралары бағаның өсуінен кейін бірден қолданылмайтынын білдіреді. Сондай – ақ, нарықтық шоғырлануы төмен АӨК нарықтарында-жеміс-көкөніс тобы және т. б. шаралар қабылданбайды», - делінген агенттіктің хабарламасында.
Үкімет бюджет қаражаты есебінен дайын өнімді арзандату бойынша жеке жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенциялар және айналым қаражатын толықтыруға өндірушілердің сауда желілеріне жеңілдікпен несие беру қарастырылады. Бүгінгі таңда осы мақсаттарға бөлінетін сома 100 млрд теңгені құрайды.
«Соңғы үш жылда АӨК нарықтарында қабылданған монополияға қарсы ден қою шаралары санының күрт өсуіне қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуінің негізгі себебі АӨК нарықтарындағы баға келіспеушіліктері емес, ішкі нарықтағы ұсыныстың төмен деңгейі, импортқа жоғары тәуелділік себеп. Бұл дайын өнімнен де (19 әлеуметтік маңызы бар өнімнің 9-ы брйынша 58-ден 9% - ға дейінгі мөлшерде), сондай-ақ пайдаланылатын шикізаттан. Осыған байланысты бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмыста негізгі назар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, олардың жаңа компаниялар, фермерлік, шаруа қожалықтары үшін қолжетімділігін арттыруға, өнімді арзандатуға экономикалық тиімсіз субсидиялар көлемін төмендетуге, егіс алқаптарын ұлғайтуға, импортқа тәуелділігі жоғары тауарларды өндіру мен қайта өңдеуге аударылады», - делінген хабарламада.
Осы мақсаттарда бұған дейін мемлекеттік қолдау операторларына қатысты субсидия алушыларға қойылатын сандық талаптарды төмендету, ШОБ, нарықтың жаңа субъектілері үшін шектеулерді алып тастау және мемлекеттік қолдаудың әртүрлі шарттарын қолданудың негізсіз практикасы бойынша монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылған болатын.
Айжан Жанатқызы