$ 510.06  566.32  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2022, 17:44
Қоғам

Басшылық позициядағы әйелдердің үлесі 2030 жылға қарай 30%-ға дейін өсуі тиіс – Ләззат Сүлеймен

Қазақстан гендерлік теңдік бойынша әлем елдері арасында 65-орынға көтерілді

Басшылық позициядағы әйелдердің үлесі 2030 жылға қарай 30%-ға дейін өсуі тиіс – Ләззат Сүлеймен
Фото ашық дереккөзден

Бүгін, 2022 жылдың 21 желтоқсанында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия 2022 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, 2023 жылдың жоспарларын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстан Республикасының саяси-әлеуметтік дамуындағы басты әрі маңызды бағыттардың бірі – әйелдерге қолдау көрсету, гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырып, әйелдерге қатысты тұрмыстық-зорлық зомбылықты түбірімен жою. Бұл мақсатқа жету бүкіл ел алдындағы міндет болғанымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар  жұмысты жан-жақты бақылап, президентке тікелей есеп беріп отыратын орган. Комиссия өкілдері 2022 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, келер жылға көзделіп отырған міндеттерді жария етті.

ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ 2022 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ?

2022 жылы Ұлттық комиссияның қызметі әлеуметтік-демографиялық даму; экономикалық мүмкіндіктер мен еңбек қатынастарын кеңейту; отбасы және мәдени-адамгершілік даму; зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қауіпсіздік және қарсы іс-қимыл; балалар қауіпсіздігі, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; гендерлік саясат және халықаралық ынтымақтастық сияқты бағыттарға ерекше басымдық берген.

«Әрбір басымдық бойынша сараптамалық топтар құрылды», - дейді сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Сүлейменнің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендіріліп, онда отбасы институтын дамытудың және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетудің қазақстандық моделі басымдыққа ие болған.

«Мемлекет қатысатын компанияларда басшылық лауазымдарда әйелдердің 30%-дық өкілдігіне қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізілді. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша басшылық позициялардағы әйелдер саны 20% – ға дейін, 2030 жылға қарай-30% - ға дейін өсуі тиіс», -деді президенттің бұл тапсырмасына байланысты атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстарды жария еткен Ләззат Сүлеймен.

ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҮШІН 60 АДВОКАТ ОҚЫТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесінің бірі – тұрмыстық-зорлық зомбылыққа іліккен әйелдердің ісін әйел тергеушілерге тапсыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырыстарының бірінде әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарды тергейтін топтардың құрамына тергеуші әйелдерді енгізу керегін ерекше тапсырған. Президенттің тапсырмасын орындау аясында бүгінге дейін:

  • Полиция департаменттерінде тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына тергеуші әйелдер енгізілді.
  • Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық қылмыстарды ашу және тергеу жөніндегі осындай топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы ереже бекітілді.
  • Жеке адамға қарсы қылмыстарды тергеу жөніндегі қалалық және аудандық басқармалардың, сондай-ақ, полиция департаменттері тергеу басқармаларының бөлімшелерінде әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық (жыныстық) қылмыстарды тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына тергеуші әйелдер енгізілді.

Бұл ретте, заңгер Ләззат Рақышева болса тергеуші әйелдерден бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғайтын адвокаттар мен заңгерлер аз екенін алға тартып отыр.

«Мәселен, Алматыда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді немесе балаларды қорғайтын адвокаттар аз. Көп заңгер бұндай істерді ала қоймайды. Сондықтан, осы бағытта жұмыс істей алатын адвокаттар мен заңгерлерді дайындау керек», - дейді ол.

Бұл ретте, сенатор Ләззат Сүлейменнің мәліметіне сүйенсек, биыл Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия алпыс заңгерге осындай тренинг ұйымдастырған. Оның айтуынша, комиссияның алдындағы ең маңызды әрі салмағы ауыр жұмыс – осы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту.

«Биыл Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Ұлттық комиссия төрағасы мен Төраға орынбасарларының қатысуымен ұлттық комиссия 32 маңызды іс-шара өткізді. 8 отырыс, 5 кеңес өтті. Мониторинг қорытындысы бойынша барлық ведомстволар мен құрылымдардың нақты көзқарасы мен белсенді қатысуын талап ететін ең өзекті мәселелер бойынша 18 мемлекеттік органның жұмысы тыңдалды. Соның ішінде,  балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілік тәрбиелеу, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шаралары, ана мен бала өлімінің проблемалары, әйелдер мен балаларды жыныстық қылмыстардан қорғау сияқты бағыттарда атқарылған жұмыстар тыңдалды. Сонымен қатар, биыл Ұлттық комиссия әйелдер мен балаларды қорғау істерін тергеумен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге (60 адам) тренинг ұйымдастырды. Қазақстанда адвокаттар үшін балалар мен әйелдерді қорғау тақырыбында осындай тренинг алғаш рет өтіп отыр. Осы саладағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жалғаса береді», - деп сендірді Ләззат Сүлеймен.

ҚАЗАҚСТАН ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК БОЙЫНША 65-ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

Қазақстандағы қыз-келіншектердің қандай жаста болсын білім алып, кәсіпке бет бұруына қолдау көрсету – бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды бағыты. Ләззат Сүлеймен қоғамдық-маңызды мәселелерді шешуге және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жобалар туралы айтты. Мәселен, әйелдер мен қыздардың басқарушы ретіцндегі әлеуеті мен саяси мәдениетін дамыту мақсатында «Томирис» жобасы іске асып жатқаны белгілі болды.

«Өзге де бағыттар бойынша, атап айтсақ, онлайн-білім беруді кеңейту, педагогтардың біліктілігін арттыру және мектептерді цифрландыру, жастарға жыныстық тәрбие беру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ онкологиялық ауруларды анықтау және жүктілік және босану кезінде әйелдерді онлайн-қолдау бойынша идеялар ұсынылды. Айта кету керек, Ұлттық комиссия мен өңірлік комиссиялар өңірлерде азаматтық қоғам құрылымдарымен сындарлы диалог орнатты. Бүгінгі таңда отбасылық-гендерлік проблемамен айналысатын 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді», - дейді Ләззат Сүлеймен.

Гендерлік теңдікті дамыту бағытында осы уақытқа дейін атқарылған шаралардың арқасында биыл Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақсартты және 80-ші орыннан 65-ші орынға шыққан.

ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ 2023 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕРІ ҚАНДАЙ?

Бұл сұраққа жауап бере келе сенатор Ләззат Сүлеймен  ең басты міндет - елімізде жүріп жатқан реформаларды ескере отырып, Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру деп атап өтті. Соның ішінде, Сүлейменнің ерекше атап өткені – басшы органдардағы әйелдердің үлесін арттыруды қатаң бақылауда ұстау.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық сенім кеңесінің отырысында мемлекет қатысатын жария компаниялардың басшылығындағы әйелдердің үлесі әлі де аз екенін айтып, бұл Қазақстандағы әйелдердің әлеуетін толық ашуға кедергі келтіреді деген еді.

«Мемлекет қатысатын жария компаниялардың басшылығындағы әйелдердің үлесі әлі де төмен, небары 5%-7%-ды құрайды. Бұл жағдай ел тұрғындарының жартысынан көбін құрайтын әйелдердің әлеуетін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, кеңес мүшелері бұл мәселені жан-жақты пысықтап, мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарындағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру туралы міндетті норманы енгізу қажет. Осы бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы ойлануымыз керек деп ойлаймын. Бұл әйелдерге бизнес саласын тартымды етеді, Қазақстанның мамандандырылған халықаралық рейтингтердегі позициясын арттырады», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қатысты Ләззат Сүлеймен президенттің тапсырмасының орындалуын бақылау – Ұлттық комиссияның жіті қадағалауында болады деді.

«Келер жылғы міндеттің бірі - мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарында әйелдердің үлесін 30%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыруға қатысты президент тапсырмасының орындалуын бақылау» - дейді ол.

Сонымен қатар, жергілікті жерлерде әйелдерді, отбасыларды қорғау саласындағы проблемалық мәселелерді зерделеу және шешу мақсатында Ұлттық комиссияның көшпелі отырыстарын өткізу практикасын қолға алу көзделіп отыр. Бұл ретте, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметіне де мониторинг жүргізіліп отырады.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары