$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2022, 07:39
Қоғам

Балалар әдебиетінде тың туынды жазған жазушы 4 млн теңге жүлдені ұтып ала алады – Мәдениет министрлігі

2023 жылдан бастап Қазақстанда жас ақын-жазушылар үшін президенттің әдеби сыйлығы тағайындалмақ 

Балалар әдебиетінде тың туынды жазған жазушы 4 млн теңге жүлдені ұтып ала алады – Мәдениет министрлігі
Фото ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды – балалар жылы деп жариялағаны кеше ғана сияқты көрінеді. Жыл басында, 1 қаңтар күні қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған ол өз сөзінде елімізде балалар жылы жарияланатынын ресми мәлім екен еді, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін», - деген болатын ол.

Тоқаевтың сөзін еске алсақ, президент бұл бағыттағы жұмыстар «тек жалаң ұран мен мерекелік шаралар» болмауы тиіс екенін алға тартқан. Яғни, президенттің тапсырмасына орай Балалар жылы аясында бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек еді. Осы ретте, Мәдениет және спорт  вице-министрі Нұрғиса Дәуешов журналистердің алдына шығып, Балалар жылына орай мәдениет пен спорт саласында қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.

Жалпы, мәдениет және спорт министрлігі  «Балалар жылын» өткізу аясында көзделген барлық тапсырмалар мен іс-шараларды жүзеге асырғанын айта кету керек.

«Балалар жылы аясында әзірленген іс-шаралар Жоспарында 69 ауқымды іс-шара көзделген, оның ішінде Министрлік 9 шара бойынша негізгі орындаушы болып белгіленген. Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған», - деді шаралардың саны мен сапасына тоқталған Дәуешов.

Оның сөзіне сенсек, Мәдениет министрлігі биылғы «Балалар жылына» орай кемі 1 млн баланы қамтитын ірі-ірі жобаларды жүзеге асырған.

«Мына жобаларды ерекше атап өткім келеді. Сайттар мен әлеуметтік желілерде республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы жұмыс істеп тұр. Қазір жоба аясындағы материалдардың қаралымы 2 млн қаралымға жетіп отыр. Ал, «Оқушының мәдени нормативі» жобасы еліміздегі жалпы мектептердің 20%-ын немесе 1 510 мектепті қамтыды Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала»  веб-сайты іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 000-нан астам кітап бар.

Балалар әдебиеті демекші, Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі әдебиеттің тұралып тұрған бұл бағытын қолдау үшін келесі жылдан бастап жас жазушылар үшін жүлде қоры 4 млн теңге болатын президенттік сыйлық табыс етпек. «Министрлік 2023 жылдан бастап қазақстандық жас ақын-жазушылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлығын тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл әдеби сыйлықтың бір номинациясы арнайы «Балалар әдебиеті» бағытындағы қаламгерге арналады . Бұл балалар әдебиетіне тың туындылар қосылуға өз септігін тигізері сөзсіз», - дейді Нұрғиса Дәуешов.

Бұл мәселеге қатысты кейін БАҚ-қа түсініктеме берген Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі сыйлыққа қатысты Үкімет қаулысы да шығып қойғанын хабарлады.

«Шынында бұл (жаңа президенттік сыйлық – ред.) әдеби ортаға, қаламгерлер үшін де жағымды жаңалық болып тұр. Елімізде жастарға деген жан-жақты қолдау бар. Соның ішінде, жазамын деген жастарға арналған қолдау өте маңызды. Сондықтан, қаламды серік еткен  жастарға арнап келесі жылдан бастап президенттік сыйлық тағайындалады. Үкіметтің жақында ғана қаулысы шықты. Жазушы бастысы бұрын ешқандай байқаудан жүлде алмаған, бір сөзбен айтқанда су жаңа шығармасын ұсынуы керек», - дейді Тәжі.

Оның айтуынша, президенттік сыйлықтың әр номинацисы бойынша жүлде қоры 4 млн теңге болады және сыйлықтың төрт номинациясы бар. «Проза, поэзия, драматургия және балалар әдебиеті номинациялары бар», - дейді Ақтілек Тәжі.

Ал, вице-министр Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, балалар әдебиетін қолдау тек осындай байқаулармен шектелмейді. «Бұдан бөлек Министрлік әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару жұмыстары аясында биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 еңбек 69 мың данамен мемлекеттік ұйымдар мен кітапханаларға тегін таратып жатыр», - деп мәлім етті ол.

БАЛА ЖӘНЕ СПОРТ ТӘРБИЕСІ: ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН 652 КЛУБ БАР

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір Қазақстанда мектеп жасындағы жалпы оқушылардың, яғни 3,4 млн оқушының ішінде 2 млн бала дене шынықтыру және спорт шараларымен қамтылған. Мәдениет министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек,  республикамызда балалар мен жасөспірімдердің 652 клубы және 138 дене шынықтыру клубы жұмыс істеп тұр, ондағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 200 мыңнан асады. 

«Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі бойынша, бүгінде 4 жастан 17 жасқа дейінгі 458 мыңнан астам бала мен жасөспірім 14 652 спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін барады», - деп мәлім етті Дәуешов.

Ал, бұдан өзге, еліміздің 7 қаласында (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Талдықорған, Петропавловск және Семей) «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жұмыс істеп тұр, 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп лигасы ашылған.

БАЛА ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ ТУРИЗМ: 1400 БАЛА ТУРПАКЕТ АЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА ТЕГІН ҰШҚАН

Естеріңізде болса, 2022 жылдың басында «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидалары әзірленіп, бекітілген болатын. Бұл дегеніміз – ел ішіндегі туристік пакет сатып алған отбасындағы балаға әуе кемесінің ұшағы тегін болады.

Мәдениет және спорт министрлігі хабарлағандай, субсидиялау отбасылық авиатасымалдауды қолжетімді етеді, ішкі туризмді дамыту үшін қосымша ынталандыру болады. Бекітілген ережеге сәйкес, бұл бастама ерікті қолданылады. Сонымен қатар, бұл пакетті Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар, азаматтығы жоқ тұлға саналатын 17 жасты қоса алғанға дейінгі кәмелетке толмаған жолаушы пайдалана алады, мүмкіндікті кәмелетке толмаған жолаушының ата-анасымен немесе жақын туысымен бірге ұшқан кезінде қолдана алады.

Міне, Нұрғиса Дәуешов жыл басында қабылданған осы шараның жыл қосындағы қорытындысын жариялады. Туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялаудың арқасында республика аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде бүгінгі таңда 1 400 бала турпакет құрамында Қазақстан бойынша тегін ұшқан.

«Туроператорлар 350 млн. теңгеден астам сомаға туристік өнімдерді сатты. Kids GoFree бағдарламасы бойынша турларға сұраныстың тұрақты өсуі байқалады. Балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді дамыту мен дәріптеу бойынша жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүргізілді», - дейді Нұрғиса Дәуешов.

Балалар туризмін дамытудың басқа бағыттарына тоқталған ол  Алматы облысында 300 баланы қамтитын, тау және жаяу жүру туризміне арналған «Жоңғария» республикалық туриадасы өткенін ерекше атап өтті.

«Жаз айларында балалар археологиясы бойынша жобалар, «Ауылдағы апта», «Summer school» әлеуметтік бастамалары жүзеге асырылып, 2000-ға жуық бала осы іс-шаралармен қамтылды. Тәрбие берудің маңызды арнасы ретінде балаларды, жастарды елжандылыққа баулу, еріншек болмау, ұрпақ санасына отансүйгіштік қасиет сіңіруге ерекше мән беру бүгінгі ата ананың беріп жатқан тәрбиесі мен қоса қоғамның үлесі екенін ескерген жөн», - деді Дәуешов.

ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ – ЖАС ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ

Ал, «Балалар жылындағы» мәдени шаралардың қорытындысы ретінде Мәдениет және спорт министрлігі елордада «Жас патриоттар» форумын өткізген. Астанаға 7-14 жас аралығындағы жас ақындар, жазушылар, блогерлер, суретшілер, артистер мен спортшылар бір алаңға жиналды. Шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысып, балаларға лебізін жеткізді.

«Бүгін біз оқуда, спортта, өнерде және басқа да салаларда ерекше көзге түскен жас патриоттарды марапаттай отырып, балалар жылын қорытындылаймыз. Сіздердің әрқайсыларыңыз еліміздің мақтанышы және болашағысыздар», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Форум аясы республикалық таланттар байқауының қатысушылары марапатталды. Барлығы 10 номинация бойынша 30 жеңімпаз анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. «Үздік эссе» номинациясы бойынша Береке Сүлейманның айтуынша, «Балалар жылының» аясында оның және қатарластарының осындай зор қолдауға ие болғаны оларды тек шабыттандыра түседі.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары