$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.12.2022, 16:40
Қоғам

«AMANAT» партиясы және елдегі экологиялық мәселелер: Теміртау мен Жайықтың жағдайы қалай?

«AMANAT» партиясы Қазақстанның экологиясына қатысты проблемаларды үнемі назарда ұстайды

«AMANAT» партиясы және елдегі экологиялық мәселелер: Теміртау мен Жайықтың жағдайы қалай?
Фотолар: ашық дереккөзден

Соңғы екі күн ішінде «AMANAT» партиясының депутаттары мен партия жанындағы Экологиялық кеңес мүшелері Қазақстанның қоршаған ортасына қатысты өзекті деген бірнеше мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәселен, күні кеше Парламент мәжілісінің отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Аманжол Әлтаев вице-премьер Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында орталық Қазақстандағы өндірістік қала әрі ұзақ уақыттан бері экологиялық «апаттың» салдарын тартып келе жатқан Теміртаудың ащы шындығын айтты. Әлтаев атап өткендей, бұл мәселе оның депутаттық сауалы ғана емес, жүз мыңдаған теміртаулықтардың жан айқайы.

«Қазіргі кезде Теміртауды Теміртау емес, Түтінтау десек болады. Бұл қалада аспаннан жауған аппақ қардың өзі жерге қонғанда адам шошитын қара түске боялады. Қап-қара қардың үстінде ащы түтін мен улы газға тұншығып, күркілдеп жөтеліп бара жатқан қала тұрғындарын көргенде қабырғаң қайысады», - дейді эмоциясын жасыра алмаған Аманжол Әлтаев.

Экологиялық тақырыптағы бұл депутаттық сауалына Теміртау қаласындағы өзге де өзекті мәселелерді қосқан Әлтаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында 28 жылдың ішінде еңбек заңы белден басылғанын, жұмысшылардың құқығы қорғалмағанын, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болғанын, модернизация жүргізілмей, өндірістегі жабдықтар әбден тозып, экологиялық қондырғылар жаңартылмағанын, соның кесірінен бүгінде атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отырғанын баса атап өтті.

«Әлемнің төрт континентінде, 18 мемлекетте өндірістік кәсіпорындары бар «АрселорМиттал» компаниялар тобынан атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларының 50%-ға жуығы Теміртау комбинатына тиесілі және солардың ішінде көмір қолданатын жалғыз кәсіпорын. Қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшерден бірнеше есе артық болуы, шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды төгу кезінде экологиялық талаптардың сақталмауы қала тұрғындарының денсаулығына зиян тигізуімен қатар, қала маңындағы өзен-суларды да ластауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғаруынша, адам денсаулығына ең қатерлі жағдайлардың бірі – қоршаған ортадағы ауаның ластануы. Оның салдары түрлі дерттің көбеюіне әкелетіні белгілі», - дейді «AMANAT» фракциясының депутаты.

Жалпы, Қазақстанда әртүрлі өндірістің дамуы маңызды екенін айтқанмен,  президент Қасым-Жомарт Тоқаев ол өндірістің экология мен адам өміріне қауіп төндірмеуіне ерекше назар бөледі. Дәл осы Қарағанды облысындағы жағдайға қатысты президент «өңірдің индустриялық дамуы халықтың мүддесі мен өмір сапасына нұқсан келтірмеуі тиіс» деген еді. Аманжол Әлтаевтың да алға тартып отырған мессенджі осы.

АНЫҚТАМА: Теміртау қаласының ауасын негізінен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ластап отыр. Бұл – зерттеулермен дәлелденген. 2022 жылдың басында дәл осы компанияға қала бойынша шығарындылардың 87 пайызы тиесілі болған. Былтыр компанияға 249 мың тонна көлемінде эмиссияға рұқсат берілсе, 2022 жылы ол 115 тоннаға дейін төмендетілген.

«Лакшми Митталға («АрселорМиттал» компаниялар тобының басшысы – ред.) көмір мен темір қымбат, ал халыққа өмір қымбат! Инвестордан халықтың, Мемлекеттің, табиғат - ананың алдында әділетті болуды талап етеміз! «AMANAT» партиясы бұған дейін де көтерген жоғарыдағы мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, төмендегі талаптардың орындалуына ықпал етуіңізді сұраймыз», - деген Аманжол Әлтаев Роман Склярға бірнеше нақты ұсынысын жария етті. Атап айтсақ:

  1. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізілсін;
  2. Модернизация жүргізу, заман талабына сай экологиялық қондырғылар, автоматты мониторинг аспаптарын орнату талап етілсін;
  3. Табиғатты қорғау шаралары күшейтілсін, зиянды заттардың эмиссиясын төмендетуге арналған нақты шаралар қабылдансын.
  4. Жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі бақылауға алынсын.

Сөзін қорытындылаған депутат Аманжол Әлтаев Роман Склярдан нақты әрі уақытылы жауап күтетінін әрі Теміртау қаласының экологиялық проблемасы кезек күттірмей шешу керек мәселе екенін тағы да қайталап өтті.

«СУ САЛАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ СӘТСІЗ ЖОБАЛАРЫНА КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?»

Ал, бүгін «AMANAT» партиясының жанындағы  Экологиялық кеңестің отырысында су саласын дамыту бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Айта кетейік, Қазақстандағы өзен-сулардың жай-күйін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назарда ұстайды. Ал, биылғы қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында президент су мәселесін экономиканы тұрақты дамытуға кедергі келтіріп отырған проблема деп атап көрсеткен еді.

«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен», - деген болатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, «AMANAT» партиясының жанындағы Экологиялық кеңес мүшелері де бүгінгі отырыста Қазақстандағы өзен-суларды цифрландыру деңгейі төмен екенін, бұл саладағы жобалар сәтсіз екенін алға тартты. Депутаттардың алдында есеп берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Разия Бұралхиеваның айтуынша Қазақстанның ірі және кіші өзендерінің, көлдері мен су қоймаларының 76 мың шаршы шақырымы цифрландырылған. 2024 жылы ғарыштық мониторинг жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.

Бірақ, Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараевтың айтуынша, оңтүстік өңірдегі су бекеттерін цифрландыру жобасы сәтімен болған жоқ.

«Оңтүстік өңірлерде су арналарының жағдайы нашар. Іс жүзінде жоқ гидробекеттерге жалған техникалық паспорт беру оқиғалары тіркелді. Оңтүстікте 171 гидробекет бар. Бірақ олардың нақты қаншасы жұмыс істейтіні белгісіз. Елімізде суды есепке алу жұмысы жүргізілмейді. Ендеше, суды тиімді пайдалану туралы не деп сөз қозғауға болады? Мақтаарал ауданындағы арнаны цифрландыру үшін қомақты қаражат бөлінді. Осы сәтсіз жобаға кім жауапты?», – дейді депутат.

Ал, Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Елдос Абақанов болса Дүниежүзілік банктің болжамына сүйене отырып, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурсының көлемі жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін азаятынын атап өтті.

«Бұл 8 жылдан кейін елдегі су тапшылығы шамамен 15%-ды құрайды деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурсы тиімді пайдаланылмай жатқанына назар аударды. Президент жаңа технологиялардың көмегімен суды үнемдеу деңгейін арттыруды тапсырып, қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөнінде міндет қойды», – деді ол.

Бұған қатысты ойын айтқан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова болса соңғы үш жылда еліміз бойынша 3,6 мың шақырым канал қайта жөнделгенін алға тартты. «Ал 2025 жылға дейін тағы 4,7 мың шақырым каналды реконструкциялау жоспарланып отыр. Соңғы 5 жылда 16 су қоймасы жөнделді. Биыл 6 ғимарат қалпына келтіріледі. Ал 2025 жылға қарай тағы 19 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда. Бұл қосымша 800 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 9 ірі су қоймасын салу жоспарланып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

Бірақ, Кеңес төрағасының орынбасары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысына ескерту жасады. Депутат Елдос Абақановтың айтуынша бұл кеңес Жайық өзені мен Каспий теңізінің бассейніне қатысты мәселені екі жылдан бері көтеріп келеді. Бірақ, көп мәселе бойынша жауапты органдар ешқандай шешім қабылдамаған.

«Мысалы, бейінді ведомство Жайық өзенінің биоалуандығына ғылыми зерттеу жүргізуі тиіс еді. Алайда бұл жұмыс бір жылға кешеуілдеп жатыр. Орталық уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге немқұрайды қарап отыр. Мұны мойындау керек», – деді Елдос Абақанов.

Қорыта айтсақ, жиынның нәтижесі бойынша Кеңес осы салаға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдарға жолдау үшін бірқатар ұсыныс қабылдады. Кеңес отырысында айтылған мәселелер «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің назарында болады.

Cымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары