$ 516.91  586.33  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Электр энергиясы, жылу мәселесі: депутаттар көтерген мәселе

Еліміздегі ЖЭО-лардың үштен екісі 50 жылдан бері қолданыста келеді

Электр энергиясы, жылу мәселесі: депутаттар көтерген мәселе
Фотолар: ашық дереккөзден

«Шымкентте майнинг фермасынан 44 млн теңгенің мүлкін тонағандар ұсталды», «Елордада заңсыз қызмет еткен майнинг фермасы анықталды», «Ақтөбе қаласында майнинг фермасына жер телімі заңсыз беріліп келген – прокуратура», «Алматыда заңсыз жұмыс істеген майнингтік ферма анықталды», «Алматы облысында заңсыз майнингтен айына 300-500 мың доллар пайда тапқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды». Бұл – Azattyq Ruhy сайтында соңғы бірнеше айда шыққан ақпараттар. Мұндай заңсыз әрекеттердің нәтижесі сол энергия желісіне қосымша күш түсіп, еліміздің бірнеше өңірінде жарық мәселесі өзекті болған. Редакция тілшісі осы орайда заңсыз майнингке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға, сол сияқты Парламент Мәжілісінің депутаттары көтерген проблемаға тоқталып өтті.

Биыл жыл басында, яғни 8 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев майнингтік компаниялардың жұмысын сынға алып, оларға қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырған болатын.

«Біз энергиямен жабдықтау жүйесінің тұрақты үзілу мәселесіне тап болдық. Оған мысал ретінде елдің оңтүстігінде жақында электр қуатының үзілуін ерекше айтып өтуге болады. Біз ішінара көршілес мемлекеттердің энергия жүйелерінің сапасына тәуелдіміз. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін шұғыл шешу қажет.

Цифрлық майнинг рөлін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Криптовалюта өндірісінің әлеуметтік-экономикалық әсері аз екенін көріп отырмыз. Жаппай жұмыс орындары құрылмайды, өнім мүлдем жоқ. Сол сияқты бұл сала бірнеше бағыт ретінде электр энергиясын тұтынады. Сонымен қатар, кейбір жосықсыз майнерлер халыққа арналған тарифтің ең төменін пайдаланады. Жеткізілетін жабдыққа салықтар мен баждар төленбейді. Ең бастысы – елдің ресурстарын барынша пайдалану. Қаржы мониторингі агенттігінен осы жағдайды егжей-тегжейлі анықтауын сұраймын. Барлық тау-кен фермаларын анықтау, салық және кеден мәселелерін тексеру, олардың негізінде алынған техникалық шарттарды, сондай-ақ олардың қызметінің басқа аспектілерін мұқият зерделеу қажет», - деп Мемлекет басшысы халыққа қиындық тудырып отырған майнерлердің жұмысын сынға алған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиында жұмысы түзу майнингтік компаниялардың қызметіне мемлекет оң қарайтынын айтып өткен болатын. Бірақ бұл салада жұмыс істегісі келетіндер тиісті лицензияға ие болуы керек екенін, сол сияқты тиісті тарифтер бойынша электр энергиясын алуы, кірістер мен салықтарды декларациялауы, «жасыл» энергетикалық жобаларды іске қосуы керек екенін айрықша мәлім еткен.

«Майнинг салығын да арттырамыз. Қазір қуаттылықтың киловатт үшін 1 теңге мөлшерлемесі өте аз. Үкіметке осы салықты еселеп ұлғайтуды және қысқа мерзімде пысықтауды тапсырамын. Үкімет цифрлық майнинг өндірісін реттеу және дамыту жөніндегі шешімдердің толыққанды пакетін әзірлеуі тиіс», - деп майнинг мәселесі төңірегіндегі проблемаларға нақты тапсырмалар берген болатын.

Арада бірер ай өткен соң Қаржылық мониторинг агенттігі танымал тұлғалармен байланысы бар 55 майнингтік компанияның қызметін анықтаған. Агенттік таратқан хабарламада олардың бәрі өз еркімен қызметтерін тоқтатқаны айтылған.

«Өз қызметін тоқтатқан майнингтік компаниялардың қатарында Павлодар облысында танымал кәсіпкерлер Болат Назарбаев және Александр Клебановпен үлестес фирмалар бар. Сондай-ақ, солардың арасында «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Ақтөбе облысындағы бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысындағы танымал бизнесмендердің бірі Ерлан Нығматуллин болды.

Сонымен қатар 51 майнингтік ферманың заңсыз қызметінің жолы кесілді. Олар қызметтерінің басталғаны туралы уәкілетті органға хабарламаған немесе техникалық шарттарсыз энергиямен жабдықтау көздеріне заңсыз қосылды, арнайы экономикалық аймақтардың аумағына негізсіз орналастырылды, сондай-ақ салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Айта кетейік, майнингтік компаниядан табыс тауып келген олигарх Александр Клебановқа Екібастұздағы жылу электр орталығы да тиесілі. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысы бар мекеменің жуырда қандай жағдайға түскенін білеміз. Екібастұз тұрғындары сақылдаған сары аязда толығымен жылусыз қалғаны, артынша қалада төтенше жағдай жарияланып, биліктің араласуымен мәселенің беті бері қарағаны есімізде.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты төтенше жағдай туындаған қалаға барып, жергілікті тұрғындармен бірге болған. «AMANAT» партиясы жылусыз қалған тұрғындарға 200 жылытқыш, 400 жылы көрпе, 100 батарея және басқа да қажетті заттар тиелген кезекті гуманитарлық көмек жіберген болатын.

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары олигархтарға тиесілі компаниялардың жыл басынан бері қазақстандықтарға қаншалықты зияны тигенін қозғап, елдегі жылу электр орталықтарының жай-күйіне тоқталып өтті. Сол сияқты делдалдардың әсерінен негізгі құны да шарықтап тұрғанын айрықша айтты.

«2022 жыл Қазақстанның энергожүйесі үшін ерекше сынға түсті. Биыл жылдың басы Алматы қаласында және елдің барлық оңтүстік энергия торабы жарықтан ажыраудан басталды. Наурыз айында Петропавл ЖЭО-2-нің құбыры құлады. Қараша айының басында Риддер қаласындағы ЖЭО-ның бұзылуына байланысты 20 мыңнан астам адам жылусыз қалды. Екібастұз қаласында кезекті төтенше жағдай болды. Осы жылдың 27 қарашасына қараған түні 30 градус болатын аязда қала тұрғындары толығымен жылусыз, ыстық сусыз қалды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) жұмыс істейді, олардың негізгі бөлігі – жекеменшікке тиесілі. Ал үштен екісі 50 жылдан бері қолданыста келеді. Негізгі жабдықтың тозуы – 66%. Барлық ЖЭО-ның жалпы қолда бар электр қуаты – 6517 МВт (бұл электр станцияларының жалпы қолда бар қуатының 33,8%-ын құрайды), қолда бар жылу қуаты – 20 135 Гкал/сағ», - делінген депутаттық сауалда.

Айта кетерлігі, электр энергиясын негізгі өндірушілердің бірі – Екібастұзда орналасқан электр станциялары екені белгілі.

«Көптеген генеративті құрылымдар Мемлекет басшысының сынына қарамастан, делдалдар арқылы жұмысын жалғастыруда. Мысалы Екібастұз ГРЭС-1 электр энергиясын «AB ENERGO» ЖШС (АБ ЭНЕРГО) көтерме делдалына кВт.сағ-қа 7,4 теңгеге жеткізеді. Тұтыну құны халық үшін 26 теңгеден, ал заңды тұлғалар үшін 44 теңгеден басталады.

Өзге де өндіруші компаниялар негізгі пайданы алып тастай отырып, делдалдар арқылы жұмыс істейді, бұл ретте ешнәрсе өндірмейді деген ақпарат бар. Олардың қалтасында қаншалықты зор қаражат бар екенін елестетудің өзі қиын. Олар қайта ең көп өндіретін қуаттарға қаржы салуы керек еді. Пайданы жоюдың осындай схемаларының нәтижесі ондаған жылдар бойы жаңғыртылмаған жабдықтардың тозуына байланысты ондағы апаттардың жиілеп кетуіне әкеліп отыр», - деп депутаттар проблеманы қозғап өтті.

Сол сияқты елдің тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты осындай алып компания иелерінің, яғни олигархтардың жауапты нысанға инвестиция салмағаны айрықша сынға алынды.

«Олигархтардың барынша көп ақша тауып қалуға деген ұмтылысы, әсіресе негізгі құралдарға инвестиция салмауы – құзыретті органдардың мұқият назарында болуы керек еді», - дейді халық қалаулылары.

Сөз соңында айта кетеріміз, халықтың тұрмысымен, яғни жылу, жарық, су, азық-түлік мәселелеріне тікелей жауапты кез келген мекеменің жұмысы жауапты ведомствоның назарында болуы тиіс...

Серіктес жаңалықтары