Цифрлық қызмет көрсету: әлеуметтік-еңбек саласында қанша пайыз қызмет сандық форматқа ауысты?
Бүгінде eGov Mobile қосымшасында 400-ге жуық мемлекеттік қызмет бар

Еліміздегі әлеуметтік-еңбек саласындағы 45 қызмет түрінің 43-і электрондық форматта көрсетіледі. Оның 23-і азаматтарға проактивті (өтінішсіз) түрде ұсынылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мемлекет басшысы «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуы еліміздің негізгі жетістіктердің бірі екенін атап өткен еді.
«Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде eGov Mobile қосымшасында 400-ге жуық мемлекеттік қызмет бар, оның 166-сы eGov.kz порталының қызметтері және e-license порталының жеке тұлғаларына арналған 250 қызметі қолжетімді. Ай сайын қосымшаны шамамен 13 млн қазақстандық белсенді пайдаланады және айына шамамен 1,2 млн мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, цифрлық форматта көрсетілетін әлеуметтік-еңбек саласы қызметтерінің үлесі 2020 жылдан бастап 20%-ға өсіп, жалпы 80%-дан асқан. Келесі жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
2023 жылы жәрдемақыларды толығымен автоматты түрде тағайындауға көшу басталады. Қазіргі уақытта проактивті форматта көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде көрсетілетін қызметтер санының өсуі байқалады. Ендігі ретте проактивті қызметтер көрсету кезінде жәрдемақыларды автоматты түрде тағайындауға көшу жұмыстары басталады. Яғни қызмет көрсету процесінде адамдардың қатысуы толығымен жойылады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсіл пилоттық режимде іске қосылады. Жалпы, келесі жылы автоматты тағайындау форматын төрт қызмет бойынша қолдану жоспарлануда.
«Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банктік қосымшалар арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды. Бұдан басқа 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға жүгінбей-ақ ала алады», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, төлемдерді орталықтандыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқырылып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмекті және жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша тағайындалатын әлеуметтік көмектің 11 түрін төлеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Бұған дейін бұл қызметтерді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып келді.
Өкінішке қарай, бүгінде барлық азаматтар мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы ала бермейді. Олқылықты жою мақсатында Отбасының цифрлық картасы енгізілді.
«Бұл қызмет отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға және мемлекеттік кепілдіктерді белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің өтініш форматынан анықтау форматына көшуге мүмкіндік береді», – деді Ербол Оспанов.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы арқылы 9 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі және ол қызметтерді 12 мыңнан астам адам алып үлгерді. Сондай-ақ, Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылғаны белгілі болды.
«2023-2024 жылдар аралығында Отбасының цифрлық картасын әлеуметтік-еңбек, денсаулық сақтау және білім беру салаларының қызметтерімен кеңейту жоспарлануда. 2025 жылы жоғарыда аталған салаларда барлық мемлекеттік кепілдіктер берілетін болады», - деді вице-министр.
МҮГЕДЕКТІКТІ БЕЛГІЛЕУ ҮШІН АЗАМАТТАР ТЕК ЕМХАНАҒА ЖҮГІНЕДІ
Өткен жылдың қазан айында мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізудің пилоттық жобасы іске қосылды. Бұған дейін мүгедектікті белгілеу үшін азаматтар төрт түрлі инстанцияға яғни емхана, МӘС бөлімі, ХҚКО, әкімдікке жүгіну қажет болса, жаңа формат бойынша қызметті алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, қалғанының бәрі ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен болады. Барлық деректер тиісті мемлекеттік органдарға беріліп, сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды.
Осы жылы аталған қызмет түрін 52 мыңнан астам адам алып, осы тізімдегі әрбір бесінші бесінші азамат жаңа форматта куәландырудан өтті. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер, оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну, жеке көмекшінің қызметтері және т.б. сияқты мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтердің басым бөлігін 2020 жылы іске қосылған Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуға болады.
«Бұл портал мүгедектікті белгілеу мен оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алу арасындағы мерзімді айтарлықтай қысқартуға көмектесті. Әлеуметтік қызметтер порталында азаматтар жеткізушіні өз бетінше таңдай алады, ал мемлекет тек өнім беруші шығындарын өтейді. Әлеуметтік қызметтер порталы енгізу есебінен мүгедектігі бар адамдардың құралдар мен қызметтерге қажеттілігін қанағаттандыру деңгейі өсті. Мәселен, енгізілгенге дейін 2019 жылы қамтамасыз ету көрсеткіштері 62% деңгейінде болды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 88%-ға дейін ұлғайды. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қажеттілік 85% - ға орындалады», – деді Ербол Оспанов.
102 МЫҢ БОС ЖҰМЫС ОРНЫ ЖӘНЕ 120 МЫҢ ТҮЙІНДЕМЕ ОРНАЛАСТЫРЫЛҒАН
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов жұмыспен қамту бойынша бірыңғай цифрлық алаң – Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) және оның негізінде құрылған жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесі туралы да айтып берді.
Қазіргі уақытта электрондық еңбек биржасында 102 мың бос жұмыс орны және 120 мың түйіндеме орналастырылған. Аталған платформада төрт мемлекеттік қызмет көрсетіледі және халықты жұмыспен қамтуды қолдаудың 9 шарасы қолжетімді.
«Онлайн-қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен физикалық байланысын барынша азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2022 жылы жұмыс іздеп жүрген 371 мың адам немесе жалпы санының 61%-ы онлайн-форматта тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 86,7 мың адамды құрады, ал 71 мың адам жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер алды», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, электрондық еңбек биржасының экожүйесіне «Skills.Enbek», «HR.Enbek», «Business.Enbek» және т.б. платформалар кіреді.
Skills.Enbek платформасында жұмыс іздеушілерге арналған 109 кәсіпті ішінара немесе толық қамтитын 160 онлайн курс қолжетімді. Еңбек министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері 142 мыңға жуық адам кем дегенде бір курсты аяқтады.
«Тағы бір маңызды платформа – «Business.Enbek», онда бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процестері автоматтандырылған. Осылайша, берілген 67 мың өтінімнің ішінен мемлекеттің қолдауының арқасында өз ісін ашуға мүмкіндік алған 20 мың адам іріктелді. Еңбек ресурстарының жаңа порталы – «HR.Enbek». Бұл алаң қызметкер мен жұмыс берушінің барынша тиімді және жылдам өзара іс-қимылын қалыптастыруға, қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Жалпы мемлекеттік органдардың деректер базасын интеграциялау арқасында жұмыс беруші қызметкердің келісімімен оның цифрлық жеке ісімен танысып, адамның біліктілігі мен құзыретін түсініп, жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдай алады. Еңбек шарты сол платформада тіркеліп, қызметкер туралы мәліметтерді толықтырады және кадрлық іс жүргізуді жеңілдетеді.
«Жалпы іске асырылып жатқан іс-шаралар жалдау рәсімін жеңілдетуге және ашықтықты арттыруға, қызметкерлерді әлеуметтік және еңбек тәуекелдерінен қорғауға, деректерді бұрмалау тәуекелдерін азайтуға, еңбек шарттарын ресімдеу мерзімдерін қысқартуға, коммерциялық қызметтер алу үшін жұмыс орнын растауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Ербол Оспанов.
Айжан Жанатқызы