$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2022, 15:50
Қоғам

«Өзімізді шығармашылық дамытуға көбірек уақыт бөлетін болдық»: мұғалім білім саласындағы реформалар жайлы

Мұғалім білім саласындағы реформалар материалдық жағдайға да оң әсер еткенін айтты

«Өзімізді шығармашылық дамытуға көбірек уақыт бөлетін болдық»: мұғалім білім саласындағы реформалар жайлы
Фото ашық дереккөзден

Былтыр қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырған бастамалар ұстаздар мен оқушылардың жұмысына қалай әсер еткені жайлы Астана қаласы №66 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толқын Батырбайқызы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мақсатында тек екі құжат толтыруы керек екенін айтқан еді. Толқын Батырбайқызы бұл бастама мектептерде қалай сақталып жатқанын айтып берді.

«Қазіргі таңда міндетті түрде күн сайын электронды күнделік толтырамыз. Бұл – біздің басты құжатымыз. Күнделікте оқушыларды бағалаймыз, үй тапсырмаларын береміз. Екінші құжат – сабақ жоспары. Әр сабаққа кірерде сабақ жоспарының болуы маңызды. Сабақ жоспарын дайындау – табысты сабақ пен мақсатқа жету. Сыныпқа кіргеннен бастап шыққанға дейінгі процесс сабақ жоспарында көрсетілуі тиіс. Сонда ғана педагог оқушыға беретін білімнің нақты мақсатын айқындап, сол мақсатқа жетуге тырысады. Сабақ мақсатына жете отырып, алдындағы шәкіртіне сапалы білім бере алады. Оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындаймыз және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырамыз», - дейді Батырбайқызы.

Ол өз сөзінде бұдан бөлек құжат толтырылмайтынын айрықша атап өтті. Дегенмен бұл ретте сынып жетекшісінің өзіндік толтыратын құжаттары бар екенін жеткізді.

«Жылдан-жылға сапаға жұмыс істеп келе жатқанымызға көзіміз жетіп келеді. Себебі пән мұғалімі үшін нақты осы екі құжат қана керек. Басқа уақыттың бәрін оқушыға білім беру, тәрбиелеуге жұмсаймыз. Бұл бастама, әрине біздің жұмысымызға оң әсерін тигізеді. Өзімізді шығармашылық дамытуға көбірек уақыт бөлетін болдық. Дегенмен екі құжатпен ғана шектеліп қалмаймыз. Сынып жетекші ретінде де толтыратын құжаттар бар. Оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасаймыз. Тәрбие жоспарындағы әр іс-шараға сценарий жазамыз. Сонымен қатар оқушылардың үйірмемен қамтылуы бойынша мәліметтер, қажет жағдайда толтырылатын құжаттарды болады. Оның ешқандай қиыншылығы жоқ», - деді мұғалім.

Бұдан бөлек, мұғалім үйден тағам алып келетін оқушыларға мектепте жағдай жасалғанын да қозғап өтті.

«Әрине, жағдай жасалған. Үйден әкелген тамақтарын жылытып жеуге қысқатолқынды пештер қойылған. Арнайы орындықтар мен үстелдер бар. Балалар өз тамақтарын асханаға әкеліп еркін түрде тамақтанады. Сондай-ақ тек 1-сынып қана емес, 1-4-сынып аралағындағы барлық оқушыға ыстық тамақ беріледі. Бұл, әрине оқушыларға да ата-аналарға да өте тиімді», - дейді ол.

Толқын Бейсекованың айтуынша, мұғалімдікке келіп жатқан жас мамандар өте білікті.

«Қазіргі жас мамандар креативті, білімді әрі білікті. Жұмысқа жылдам бейімделуі  үшін қажетті білім, білік, дағдыны үйрету мақсатында жас мамандарға арнайы тәлімгер педагог бекітіледі. Тәлімгер өз тәжірибесімен бөлісіп, жас маманды шынықтырады. Қазіргі жас мамандардың бойынан жауапкершілікті, белгілі бір руханилықты көруге болады.

Жақсы ұстаздың жетістігі айқындалып тұрады. Оны оқушылар да, ата-аналар да, сол сияқты әріптестері де бірден байқайды. Жақсы ұстаздың жетістігі де көп болады. Бірінші жетістігі – баланың жүрегінен орын табу, білімді құю арқылы оның көңілінен шығу. Екіншіден, ата-ана баласын ұстаздан артық біледі. Үйде пәнге деген махаббаты мен ықыласын көрген ата-ана ұстаздың қадірін түсінеді. Ұстаз үшін ең бағалы сыйлық – оқушының алғысы. Елдің алғысын алған ұстаз шабыттанып, өскелең ұрпақты одан әрі тәрбиелеп қалыптастыруға тырысады», - деді ол.

Толқын Батырбайқызының айтуынша, ұстаз болудың басты миссиясы – балалардың белсенді және креативті ой өрісін дамыту. Оқушының өз сенімділігіне сай әрекет ету батылдығын дамыту және жаһандық азамат болуға атсалысу ұстаздың мойнында, дейді ол.

Ұстаз білім беру саласында болған реформалар мұғалімдердің материалдық жағдайына да әсер еткенін айтты.

«Соңғы екі-үш жылда білім саласындағы реформа қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда тенденция жақсы. «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдердің құқығы жан-жақты қорғалған. Жалақы да әлдеқайда өсті. Мен жас маман болып мектепке келгенде 35 мың теңге айлық алатынмын. Қазір ол 10 есеге өсті деп айта аламын», - деді Толқын Бейсекова.

Мұғалімнің айтуынша, осыдан 5-6 жыл бұрын сабақта қолданылатын барлық оқу құралын өздері сатып алатын.

«А4 парағы, ашық сабақ кезінде оқушылардың топтық жұмысына қажетті түрлі-түсті қаламдарды өзіміз сатып алатынбыз. Қазір бізге барлығы тегін беріледі. Мұғалімдердің жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалған. Біліктілікті арттыру бойынша тегін курстарға да қатысу мүмкіндігі зор. Пандемия кезінде педагогтардың мәртебесі артты. Қазір мен кеудемді керіп тұрып, мамандығыммен мақтанамын. Бұрындары «мұғаліммін» деп айтуға қымсынатын болсам, қазір «ұстазбын» деп мақтанышпен айта аламын», - деді ол.

Толқын Батырбайқызы кезінде мұғалімдікті таңдамаған таныстары ұстаздық жолға түсуді ойланып жүргендерін айтты.

«Педагогика саласына оқуға түсетіндердің балын жоғарылатты. Сондай-ақ педагогика саласында оқып жүрген студенттердің шәкіртақысы да артты. Бұл да үлкен мәртебе деп ойлаймын. Жастар үшін шабыт деп санаймын. Осындай жағдай жасалып жатқанда жұмыс істеу екі есе қуаныш сыйлайды», - деді Толқын Бейсекова.

Мектеп мұғалімі сөз арасында бала тәрбиесі қай заманда болмасын кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етіп өтті.

«Баланың тәрбиесі отбасында және мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан мектеп пен ата-ана ынтамақтастығы үлкен рөлге ие. Ұстаз бен ата-ана бірлесе отырып, баланың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына зор ықпал жасай білсе, келешектің кемел болары сөзсіз. Бала тәрбиесінің бастауы – адалдық. «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, адал адам таза қоғамға айналады. Сондықтан мектеп қабырғасында әрбір оқушының бойына адалдық дәмін себу – біздің борышымыз.  Осы орайда оқушылар бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізіліп жатыр. Осындай жобалардың бірі – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, Оқу-ағарту  министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары қарқынды түрде жұмыс істеп жатқанына бір жылдан астам уақыт өтті», - деді Бейсекова.

Ол атағандай, клубқа мүшелікке енген оқушылар достарының арасында, ұстаздың алдында,  қоғамдық ортада, отбасында әрдайым адалдықтың туын биік ұстайды.

«Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі тренингтер, түсіндірме-ақпараттық қағаздарды таратады. Өзгенің ақысын жемеуге, әрдайым адал болуға үгіттейді. «Адалдық» сөзінің мағынасы шыншылдық, айнымастық екендігін достарына түсіндіреді. «Адалдық кітапханасы», «Адал дүкен» адалдық алаңдары жұмыс істейді. Оқушылар өздері мектеп дәліздерінде тұрған кітаптарды оқып болған соң өз орнына қоюды әдетке айналдырады және сатушысыз дүкендегі заттарды алып, көрсетілген ақшасын орнына қойып отырады. Міне, мұның өзі баланы адалдыққа, ұрлыққа жол бермеуге шақырады», - дейді мұғалім.

Оның айтуынша, «Адал ұрпақ» клубы жұмысының нәтижесінде оқушының санасына тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты құнды қасиеттер дарып, үлкен өмірге қадам басқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасып, саналы өмір сүруге мүмкіндігі жеткілікті болады.

«Оқушыларымызды мектеп қабырғасынан осындай ізгі қасиеттерге баулитын болсақ, жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушіліктің қағидаты қалыптасатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. Ең бастысы төрт негізгі құндылық: адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім. Осы құндылықтарды әрбір өскелең ұрпақтың бойына сіңіретін болса, таза қоғам қалыптасу арқылы Мәңгілік елге айналарымыз сөзсіз», - деп түйіндеді ол.

Ұстаздың айтуынша, қауіпсіз ортада білім алу және білім берудің маңызы зор.

«Қоғамның басты байлығы – адам. Қауіпсіздік барлық жерде маңызды болуы керек.  Жылдан-жылға мектепке қойылатын бейнебақылаулардың саны да артып жатыр. Бірақ бұл бейнебақылау қауіптің алдын алмайды, тек болған жайды көрсетіп береді. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан мектептің қауіпсіздігін күшейту қажет. Мәселен, тәртіп сақшылары неліктен мектепті күзетпеске? Ал күтпеген жерден төтенше жағдай туындап, қасақана шабуыл жасалса, вахтада отыратын үлкен кісілер қайдан балаларды қорғайды? Мектеп қабырғасында оқушылар арасында бір-біріне әлімжеттік көрсетуге жол бермейміз, алдын аламыз. Қазіргі таңда мектеп медиациясы қызметінің жұмысын ұйымдастыру қарқынды түрде қолға алынып жатыр. Әр мектептің медиация қызметін атқаратын оқушылар білім беру процесіне қатысушылар арасындағы дауды өзара шешетін болады. Осы бойынша оқушыларға арнайы оқу курстары, тренингтер ұйымдастырылады», - деді ол.

Ол атағандай, мектеп қабырғасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды түрде іске асырылып жатыр.

«Жоба аясында мектепте оқушыларға арнайы оқу сағаттары, READX ұйымдастырылады. Мектеп кітапханасы мектеп қаражатынан 750-ден аса жаңа кітаппен толықты. Жаңа кітаптар қазақ және әлем жазушыларының шығармалары, «100-Besteler» cериясынан қазақ тілінен аударылған кітаптар, ертегілер және жаңа энциклопедиялармен толықты. Оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар жаңа кітаптармен танысып, кітаптарды жарыса оқып жатыр», - деп педагог ойын аяқтады.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары