Ерлан Нұрғалиевтің өліміне кінәлі браконьерлер өмір бойына сотталды
Тағы 4 азаматқа қатысты 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қарағандының ауданаралық соты инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне себепкер болған және Петр Ныцикті жаралаған үш браконьерге қатысты үкім шығарды. Судья Қайрат Қасымов кінәлілер – Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіковті өмір бойына қатаң режимдегі түрмеге қамауға шешім қабылдады. Бұл туралы Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады
Қылмыстық іске қатысы бар Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасқан Мырзабаев, Айдос Әкімовтертерге заңсыз аңшылыққа шыққаны үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Олар орта режимдегі абақтыға қамалады. Барлық сотталғандар бес жылға дейін аңшылықпен айналысу құқығынан айрылып, компенсация қорына 20, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар, сот 17 киікті атып өлтіргені үшін кінәлілерден қаржылай 89 миллион теңге өндіріп алмақ.
«Б. Ахметов, К. Ақшанов және Н. Шүкілдековтерден жәбірленуші П.Ницыктің пайдасына 500 000 теңге материалдық залал, 6 000 000 теңге моральдық зиян, ал жәбірленуші Н.Нұрғалиевтің пайдасына (қаза болған Е.Нұрғалиевтің інісі) - 500 000 теңге материалдық залал, 9 000 000 теңге моральдық зиян, жәбірленуші М.Нұргалиевтің пайдасына (қаза тапқан Е.Нұрғалиевтің баласы) - 1 890 000 теңге материалдық залал, 15 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар, киік аңын заңсыз ату салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 89 763 750 теңге көлеміндегі залал барлық сотталушылардан мемлекет пайдасына өндірілді», - делінген сот баспасөз қызметінің жазбасында.
Еске салсақ, 2019 жылдың қаңтар айында «Охотзоопромның» инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болды. Қымбат көлікпен аң аулаға шыққандардың жолын кеспек болған инспекторлар Петр Ныцик пен Ерлан Нұрғалиевке бір топ браконьер жабылып, соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған Нұрғалиев сол оқиғадан кейін бір тәулік өткенде көз жұмды. Қорықшы өлімі Үкіметті заңсыз аңшылық туралы заңды қайта қарауға мәжбүрледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және сотталғандар оған шағым келтіруге құқылы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан