Баспана мәселесі, жұмыссыздық: жағдайы төмен отбасылардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Автор: Аян Бекжанұлы

Президент аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешуді тапсырған

Фото: ашық дереккөзден

«Мемлекеттің басты құндылығы – адам». Бұл еліміздің ұстанатын негізгі қағидаты. Осы мақсатта жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, мүгедек балаларды бағып отырған, т.б. отбасыларға қолдау көрсету мәселесі – мемлекеттің тікелей назарында. Сол сияқты ең төменгі жалақы уақыт өткен сайын артып келеді. Бала санына қарай әлеуметтік төлемақы да төленіп отырады. Бұдан бөлек жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек көрсетіліп жатқаны БАҚ беттерінде ара-тұра жарияланып тұрады. Сол сияқты осы санаттағы отбасылардың баспаналы болу мәселесі мен жұмыссыздық Үкіметтің ғана емес тікелей Мемлекет басшысының назарында тұр. Баспананың қолжетімді болуына жағдай жасауы – еліміздің одан әрі гүлденуіне жасалған оң қадамдардың бірі екені сөзсіз. Дегенмен әлі де атқарылар шаруа шаш етектен. Azattyq Ruhy тілшісі осы бағыттағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына жасаған ең алғашқы Жолдауында көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың мәселесіне, олардың баспаналы болуына ерекше назар аударды. Әрі осы бағытта нақты тапсырмалар да берген.

30 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫНЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУ

«Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс. Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.  

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тапсырма бойынша жауапты ведомстволар іске кіріскен болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы мәліметіне жүгінер болсақ, Астанада кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған тоғыз мыңнан астам отбасы тұрады.

Елордада аталмыш санаттағы отбасылардың баспаналы болғаны туралы ақпараттар жарияланып тұрады. Әкімдіктің хабарлауынша Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен былтыр Астанада 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынды. Тек соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседен аса ұлғайыпты.

«Салыстырмалы түрде алсақ 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілген. Ал баспаналы болатындар – кезекте тұрған азаматтар. Олар: жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер», – деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Жоғарыда айтылғандай, 30 мың отбасының баспана мәселесін 2022 жылға дейін шешу жөніндегі Президент тапсырмасы уақытылы орындалып жатыр ма? Жуырда «AMANAT» фракциясынан сайланған, сол сияқты Парламент Мәжілісінің өзге де бір топ депутаты Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытынан кешігіп жатқанын айтып, көпбалалы отбасылардың мәселесін қозғап өтті.

«Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдық болып саналады. Бұл тұрғын үй мәселелерін шешумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 3 жыл ішінде 30 000 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Мәжіліс депутаттарының айтуынша бұл тапсырма бүгінге дейін орындалған жоқ», - дейді депутаттар.

ШЕНЕУНІКТЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ТУЫСТАРЫНА ЗАҢСЫЗ БЕРІЛГЕН

Сол сияқты тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу үшін табысы жеткіліксіз азаматтарға тиімді әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс деп санайтындарын, кезекте тұрғандардың тұрғын үй проблемаларын болашақтың еншісіне қалдырмай, жедел шешу қажет екенін айрықша атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі бірнеше бағыт бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, бекітті. Алайда кейбір лауазымды тұлғалар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша тұрғын үй алу бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін алғышарттар жасайды. Мұндай әрекеттердің нәтижесінде шынымен мұқтаждардың құқықтары бұзылады. Мысалы Алматы облысында мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз бөлу фактілерін прокуратура органдары растады. Осы жылдың ақпан айында Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында 70 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті шенеуніктер мен олардың туыстарына кезектен тыс 10-нан астам пәтер берілді.

Аудан прокуратурасында жүргізілген тексеріс тұрғын үй қорынан коммуналдық тұрғын үйді бөлу жөніндегі комиссияның түрлі заң бұзушылықтарға жол бергені анықталғанын атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің қатарында жоқ адамдарға, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың мамандарына қызметтік тұрғын үй ретінде заңсыз беру фактілері анықталды», - дейді Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты жолдаған сауалда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша пәтерлердің орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайды. Алайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабында бір адамға кемінде 15 шаршы метр, сол сияқты 18 шаршы метрден аспайтын пайдалы алаң болуы керек.

«Бұл мөлшер қаншалықты заңды деген сауал туындайды. Сонымен қатар, бізге әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың тиісті уәкілетті тұлғалар тарапынан тұрғын үйді әділетсіз және заңсыз бөлінгеніне шағымданған ондаған және жүздеген өтініш келіп түсуде.

Нәтижесінде кезекте тұрғандар арасында наразылық артып келеді. Жаңа әділ Қазақстанның «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» құрылысының формуласына сүйене отырып, азаматтарымызды тұрғын үймен әділ қамтамасыз ету мақсатында мынадай шұғыл шараларды қабылдау қажет деп санаймыз», - дейді Мәжіліс депутаттары.

  1. Президенттің көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауды жеделдету, бір адамға шаққандағы тұрғын үй алаңының нормаларын қайта қарау және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға түзетулер дайындау;
  2. тұрғын үйді кезекке қою заңдылығын бұзу фактілерін болдырмау және әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйге толық тексеру жүргізу үшін кезекте тұрғандар қатарынан белсенділердің қатысуымен тәуелсіз сарапшылар тобын құру;
  3. Еgov арқылы кезекте тұрған әрбір адам өзінің жылжуын және өзгелерге тұрғын үй бөлуді еркін қадағалай алуы үшін әрбір елді мекенде ашық қолжетімділікте тұрғын үйге электрондық кезек құруға құқылы.

Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өткен болатын. Бұл бүкіл әлемге жайылған пандемияның шектеулерінен кейін ең алғаш өтіп отырған жиын болатын. Осы басқосуда Мемлекет басшысы үлкен мінберден толқып тұрып былай деген еді:

«Біздің қолға алған іс-әрекеттеріміз табысты болуы үшін ұлт дамуының көкжиегін кеңейтіп, мемлекетіміздің болашағын айқындап алуымыз керек. Бұл ретте өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалау, елдің іргелі мүдделерін ескере отырып, барынша прагматикалық тұрғыда әрекет ету маңызды. Азаматтардың тұрмыс сапасын артыруға қатысты алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» негіз қалаушы қағидатын берік ұстанатын боламыз», – деген еді Президент.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ – БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ

Мемлекет үшін адам құндылығы бірінші орында екенін Президент осылайша білдірген болатын. Мемлекет өз халқының жағдайын, тұрмыстық әл-ауқатын алдыңғы орынға қоюы қажет. Дегенмен бұл масылдық сипатқа айналмауы тиіс. Жауапты ведомстволар екі қолға бір күрек ұстай алатын адамға тұрақты жұмыс пен қолайлы жалақы беріп, өз күйін күйттей алуына жәрдем беруі тиіс.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының осы айдағы мәліметтеріне жүгінер болсақ, былтыр 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрапты. Бұл халықтың жалпы санының 69,3 пайызын құрайды. Ал 2020 жылғы көрсеткіш 69,2 пайыз болыпты.

Мәліметтерге жүгінер болсақ, бір жыл бұрын аталған көрсеткіш 100 мыңға кем болған. 2020 жылы – 9,2 млн адам. Экономиканың түрлі салаларында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 4,2 млн адам немесе 48,3%-ы – әйелдер, ал 2020 жылы – 48,2%.

«Еңбекақы төлеудегі айырмашылықтар орындалатын жұмысқа және кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлеріне байланысты ерекшеленеді. Еңбекақының ең жоғары мөлшері тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 503 930 теңге, ең төменгісі – ауыл, орман және балық шаруашылығында – 150 705 теңге болып белгіленді», - делінген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы.

Сөзімізді түйіндер болсақ, балаңа балық берме, қармақ бер деген тәмсіл ойымызға оралады. Мемлекеттен әлеуметтік көмек емес, жұмыс алған адам ешкімге алақан жаймайды. Жұмыссыздық та, баспана да өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі. Жауапты ведомстволар осы бағыттағы жұмысын күшейткені жөн.