Елімізде 60 мыңнан астам жетім бала баспанаға мұқтаж
Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ елімізде 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған бала (0-ден 18 жасқа дейін) бар. Ал оның ішінде 18 мыңнан астамы жекелеген азаматтардың отбасыларында, яғни патронаттық тәрбиеде, қорғаншылықта, қамқоршылықта, сол сияқты асыраушы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Бұл мәліметтер ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисовтің Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтылған. Сонымен Үкімет жетім және ата-ана қамқорлығынан ерте айырылған балаларды өмір сүруге бейімдеп, кәмелет жасқа толғаннан кейін қоғамның бір кірпіші болып қалануы үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр? Azattyq Ruhy тілшісі осы бағытта шолу жасамақ.
Жуырда Алматы қаласында орналасқан №1 Балалар үйінде қайырымдылық шарасын өткіздік. Балалардың алды кәмелет жасына жетіп қалған, ал сүт кенжесі – 4 жасар бүлдіршін. Балалардың жүзінен қуанышты, өмірден өз орнын тауып, қоғамның бір мүшесі болуға деген ұмтылысты көргенде балалар үйіне емес бейне бір демалыс аймағындағы лагерьге түсіп кеткендей күйде қаласың. Мұнда 80-нен аса бала тәрбиеленіп, мемлекет қамқорлығында өмір сүріп жатыр. Күнделікті мектебіне, колледжіне барып, дәріс алған соң балалар үйіне келіп, ары қарайғы тіршілігін жалғастырады. Ғимарат ауласында ойнауға болатын алаңқай, футбол алаңы, ал жатақхана ішінде үстел теннисі секілді түрлі жағдай қарастырылыпты. 90-шы жылдарғы жағдай келместің кемесіне мініп, толықтай өзгерген.
«Біз – үлкен бір отбасымыз. Бір-бірімізге аға-бауыр, іні-қарындас болып жүрміз. Әрқайсымыздың арманымыз сонау биікте. Мәселен Санжар пилот болып, ұшақты тізгіндегісі келеді. Виктор әскери адам болуды армандайды. Өзім IT саласында білім алып, ары қарай осы бағытта қызмет етіп, еліме пайдасы тиер үлкен бір компания ашқым келеді. Екі жылдан кейін 11-сыныпты аяқтаймын. Қазірден бастап дайындалып жүрмін. Балалар үйінде компьютер кабинеті бар. Ютубтан түрлі дәрістерді көріп, өз бетіммен IT кодтарын жасауды меңгеріп жүрмін», - дейді Павел (аты-жөні өзгертілді) есімді бозбала.
Рас, армандары сонау шыңда. Әрқайсысының алға қойған жоспары орындалып, бақытты болса екен деп тілейсің. Дегенмен қанша жерден күлімдеп, езулерінен күлкі кетпесе де есейіп қалған қыз-жігіттердің көзінен мұң байқалады. Ол – кәмелет жасына толып, балалар үйінен кеткен соң қалай күн көремін деген ой. Дайын тұрған үй жоқ. Кепілдендірілген білім гранты да жоқ. Ал Алматыдағы жалдау құны бәрімізге мәлім. Бір бөлмелі пәтердің жалдау құны Ресейдегі мобилизациядан кейін 250-300 мың теңгеге дейін шарықтаған кезі болған.
Жуырда депутат ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов Үкімет басшысына сауал жолдап, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың баспаналы болуына қатысты мәселені қозғаған болатын.
«Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың қарқыны баяу және жетілдіруді талап етеді. Негізі біздің елімізде «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқылы. Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамаға сәйкес жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үйлерді бөлу кезінде коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйлердің немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді делінген.
Алайда, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша бүгінгі таңда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында 60 845 азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр екен.
Былтыр, яғни 2021 жылы – 1211 адам тұрғын үй алған болса, осы жылдың бірінші жарты жылдығында 287 адам ғана тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Бұл жалпы былтыр берілген тұрғын үйлердің 13% ғана. Егер бұл жұмыс осы қарқынмен жалғасатын болса, тек кезекте тұрған осы санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға 50 жыл уақыт керек», - дейді депутат Амангелді Ғабдылкәрімұлы.
Жуырда Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында да баспана мәселесін ерекше қозғап, әкімдікке тиісті тапсырмалар берген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев балалар үйінен шыққан жастарды ерекше атап көрсетпегенмен, берілген тапсырмасы уақытылы орындалар болса, аталмыш санаттағы жастарға үлкен көмек болары анық.
«Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.
Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы тұрғындарымен кездесуінде.
Иә, баспана мәселесі – еліміздегі өзекті проблемалардың бірі. Ал қамқор болатын ата-анасы жоқ балаларға бұл қиындық екі есе ауыр екені түсінікті. Ал Әлихан Смайылов жетекшілік ететін ҚР Үкіметі балалардың баспаналы болуы үшін қандай шаруалар атқарып жатыр? Сенат депутатының сауалына былай деп жауап жазыпты:
«Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқығы бар («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67-бабы (бұдан әрі – Заң). 1.09.2022 жылғы жағдай бойынша тұрғын үй алуға кезекте 621 127азамат тұр, оның ішінде 60 962 – «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жылына берілетін тұрғын үй саны 38%-ға өсті (2013 жылы 758 пәтерден 2021 жылы 1211 пәтерге дейін). Осы жылдың 9 айында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 5 165 азамат, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде осы санаттағы балаларды қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді, онда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен, сондай-ақ патронаттық ұйымдардың қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген», - делінген Әлихан Смайыловтың Сенат депутаты Амангелді Ғабдылкәрімұлына берген жауабында.
Үкімет басшысының айтуынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттар ашылды, олар асыраушысынан айрылу, мүгедектік, алимент бойынша алатын жәрдемақылары есебінен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестердің, бизнес-құрылымдардың қаражат аударуы жолымен толықтырылады.
Белгілі болғандай, 2016-2022 жылдары демеушілердің қолдауы арқылы «Отбасы банк» АҚ арқылы Ақтөбе облысында 65, Шығыс Қазақстан облысында 43, Солтүстік Қазақстан облысында 4, Павлодар облысында 15, Қостанай облысында 1, Абай облысында 1 пәтер сатып алынды. Бұл ретте, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының тұжырымдамасына сәйкес жылжымайтын мүлік, оның ішінде тұрғын үй сатып алу мәселелері қарастырылмаған.
«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалардың тәрбиешілеріне, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 2% мөлшерлемемен 10% бастапқы жарнамен кредиттер беру көзделген (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген).
Тұрғын үй қатынастары саласындағы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында заңға өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды алты айдан үш айға дейін тұрғын үй алуға кезекке қою мерзімі қысқартылды (Заңның 71-бабы).
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланады. Заң жобасына тұрғын үйге мұқтаж адамдарды есепке алу, жалдау ақысын субсидиялау, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алуға кезекке қою, республикалық маңызы бар қалаларда үш жылдық тіркеудің міндетті талабын алып тастау және т.б. нормалар енгізілген», - деп Әлихан Смайылов Үкіметтің осы бағыттағы атқарып жатқан шаруалары туралы мәлім етті.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға жағдай жасау мәселесі Үкімет назарынан тыс қалған жоқ. Атқарылып жатқан шаруа да аз емес. Тек жылдамдық жетіспейді. Балалар үйінен шығып, оңды-солын әрең ажыратып жүрген шағында білместікпен теріс жолға түсіп кетпесе екен деп тілейсің...