$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Аптасына 1000 долларға дейін ақша төленеді»: есірткіні белгіленген орынға жасырып кетушілер туралы сұхбат

2017 жылдан бастап, заңсыз есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтардың барлығы Қылмыстық кодеске көшті

«Аптасына 1000 долларға дейін ақша төленеді»: есірткіні белгіленген орынға жасырып кетушілер туралы сұхбат

Елордада 1 166 нашақор ресми тіркеуде тұр. Тіркелгендердің 154-і әйел болса, 875-і отыз жастан асқан жұмысқа жарамды ер азаматтар. Мұндай дерек Астана қаласында өткен есірткі қылмыстарының алдын алып, нашақорлықпен күресті күшейтуге бағытталған республикалық шарада айтылды. Қазір ең көп тұтынылатын есірткі түрі - синтетикалық есірткі. Оларды байланыссыз тасымалдайтындар өздерін заманауи тілмен «кладмен, минер» деп атайды, яғни есірткіні жасырып кетушілер. Курьер ретінде жұмыс істейтіндердің басым бөлігін жастар құрайды.

Azattyq Ryhy тілшісі елордада есірткі жасырып кететіндерге қатысты қылмыс түрлері, оларды жазалау мен ата-аналарға ұсынылатын ескертпелер жөнінде Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Әлия Қибатқызымен сұхбаттасты.

- Әлия ханым елордада есірткі тасымалдайтындарға қатысты қылмыс қаншалықты жиі тіркеледі?

- Синтетикалық есіркі заты қазіргі таңда ең ахуалды мәселе болып отыр. Биылғы жылдың 10 айын алатын болсақ, елордада есіркіге қатысты 185 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 134-і есірткіні сатумен айналысқан тұлғаларға қатысты. Заңсыз есірткі айналымынан 251 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Сондай-ақ 34 келі синтетикалық есірткі алынды. Жоғарыда көрсетілген қылмыстық істің 58-і осы синтетикалық есіркіні сату мен сақтауға қатысты. Оның 21-і есірткіні сату болса, 26-сы сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Жыл басынан бері 4 есірткі жасайтын зертханалар анықталып, жұмысы тоқтатылды. 299 -1 баб интернет желісі арқылы есірткі сатумен айналысатын тұлғаларға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Қазір өздеріңіз білетіндей жертөле, гараж немесе жылу трассаларында графикалық суреттер көп бейнеленеді. Мұның барлығы синтетикалық есірткі сататын сайттардың сілтемелері. Бүгінде осындай 75 сайт жабуға жолданылды.

- Есірткі жасырып кетушілерге қолданатын жаза түрлері қандай? Олар қалай құрықталады?

- Біз жедел басқарма болғандықтан жедел іздестіру шараларын жүргіземіз. Сол арқылы осындай тұлғаларды ұстау мен оларға қозғалған қылмыстық істерді сотқа жолдаумен айналысамыз. Біздегі жұмыстың 80 пайызы құпия түрде жүргізіледі. Сондықтан қалай ұстайтынымызды ашып айта алмаймын. Есірткі жасырып кетушілерге қылмыстық жаза қолданылады. 2017 жылдан бастап, заңсыз есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтардың барлығы Қылмыстық кодеске көшті. Егер бұрын есірткі затын аз мөлшерде өзінде сақтап, оны өзі ғана пайдаланса бұл әкімшілік жауапкершілік болатын. Қазір мұның барлығы қылмыстық құрам болып есептеледі, яғни бас бостандығынан айырылады. Қатаң жаза түрі өмір бойы бас бостандығынан айыру. Есірткіні сату арқылы заңсыз ақша тапқандықтан, ұсталғандардың жеке заты тәркіленеді.

- Соңғы кезде «жеткізуші» ретінде жасөспірімдерді жұмысқа тарту жиіледі. Есірткі тасымалымен айналысатындардың орташа жас аралығы қанша?

- Курьерлікке 16 жастан бастап, 30 жасқа дейінгі адамдар тартылады. Олардың басым бөлігін жастар құрауының себебі - жастарға жұмыс керек. Оларға бірден есірткі екенін ашып айтпайды ғой. Жалақысы жақсы жұмыс ұсынады. Белгілі бір затты апарып тастау керектігі айтылады. Есірткі жасырып кетушілерге шамамен затты жеткізу үшін аптасына 1000 долларға дейін немесе одан да көп ақша ұсынылады. Жеңіл пайда көзі болғандықтан жас балалар жиі алданады. Олардың көбісі не тасып жүргенін біле бермейді. Кейін білген күннің өзінде жақсы ақшадан кете алмай қалады. 

Аталған сайттар есірткіні сатушылар және оны сатып алушылармен тек «Telegram», «Facebook» және арнайы сайттар арқылы байланысады. Мұндағы күрделі мәселенің бірі – кейбір есірткі сататын сайтты жасаған тұлғалар Қазақстанда болмайды. Басқа мемлекеттен арнайы аккаунт жасап, сол жерден сату, жұмыс ұсынумен айналысады. Егер бұрын есірткіні қолма қол бір-біріне тасымалдайтын болса, қазір байланыссыз интернет желісі арқылы жасалады.

Есірткі сату фактілерін былтырғы жылға қарағанда биыл көбірек анықтадық. Біздің қызметкерлер бір орында отырмайды. IT технологияларын оқып үйренеміз. Қылмыс интернет арқылы жасалған соң, әлеуметтік желі, интернеттен хабарымыз болуы керек.

- Жақында есіңізде болса, Ақтау қаласында бір топ адам есірткі жеткізген жігітті аяусыз азаптаған видео тараған еді. Бұл жағдайға көзқарасыңыз қандай? Қарапайым адамдардың осылай жазалауын қаншалықты дұрыс деп санайсыз?

- Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Оларды жазалап, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін арнайы заң органдары бар.  Біз зайырлы мемлекетпіз. Демократиялық мемлекет болғаннан кейін өз заңымыз бар. Сол заң аясында ғана жауапкершілікке тарту керек. Ал өз алдына қандай қылмыс жасаса да адам денсаулығына зиын келтіру дұрыс емес. Бұл менің жеке көзқарасым.

- Соңғы жылдары синтетикалық есірткі қолданушылар саны артты. Бұған басты себеп қолжетімділік пе?

- Синтетикалық есірткіні 30-ға дейінгі жастар қолданады. Жастардың ойынша есірткі тұтынатын адамның бейнесі – ине арқылы есірткіні қолданатын, үйі жоқ, киімі жұпыны, жұмыс істемейді деп есептейді. Ал қазіргі синтетикалық заттарды ішуге де, дәрі-дәрмек ретінде жасап тұтынуға да болады. Сондықтан олар өзін тәуелдімін, нашақормын деп есептемейді.

Біз жедел іздестірумен қатар профилактикалық жұмыстармен де айналысамыз. Мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарына дәрістер өткіземіз. Синтетикалық заттардың адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндіреміз. Синтетика заты бұл – химия. Дәрігерлердің айтуынша, бір қолданғаннан бастап тұлғаларда тәуелділік пайда болады. Бұл тәуелділік моральдық емес, физикалық тәуелділік.

Есірткі жасырып кетушілерге қатысты қандай да бір күдікті іс-әрекетті байқасаңыз бірден арнайы телефондарға хабарласуды сұраймыз. Біздің басқарманың 71-63-93 анонимді телефон нөмірі бар. Олар сол мезетте жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ұстауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өзіміздің Instagram парақшамыз бар. Сол жерге ақпарат жазуға болады. Бәрі бақылауда, сізге бірден жауап береді. Есірткі тасымалына қатысты жұмыстар OLX-те де ұсынылады. Сөйлесу немесе хат алмасу арқылы сондай жарнаманы көрсеңіз суретке түсіріп алып жіберсеңіздер болады. 

- Жастарды аталған қылмыстан қорғау үшін не істеу керек? Ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Қазір көп ата-аналар күні бойы жұмыста. Біз оны жақсы түсінеміз. Отбасын асырау маңызды, бірақ балаға мұқият қарау керек. Оның ортасы, істеп жүрген жұмысын қадағалап отырыңыз. Әлеуметтік желіден не қарайды, қандай сайттарға кіреді деген сұрақ әрдайым көкейіңізде болсын дегім келеді. Балам оқуда немесе жұмыста жүр деп отыруға болмайды. Сенің балаңа сеннен басқа ешкімнің жаны ашымайды. Баланы қорғауға, оған қарауға тек ата-ана міндетті. Сондықтан баламен отырып сөйлесу керек.

Есірткі затын сақтау мен сату өз кезегінде қызып тұрған кәсіп. Сондықтан олар жарнаманы өте жақсы жасайды. Әдемілеп, сәнделген жарнамаларға алданып қалатындар көп. Егер балаңыздан күдікті іс-әрекет байқасаңыз, қалтасынан түсініксіз зат тауып алсаңыз бірден дабыл қағу керек. Кез-келген дәріханаларда экспресс тест жасауға болады. Сол арқылы бала есірткі затын қолданып, қолданбайтынын тексеруге болады. Себебі, көп ата-аналар баласының есірткі қолданатынын білсе де өздері мойындамайды. Ана болғаннан кейін баласын ақтап алуға тырысады, қоятын шығар деп уақыт береді, үндемейді. Бұл қате. Керісінше, білген сәттен бастап, арнайы орындарға барып, баласын осы қиындықтан кеш болмай тұрып алып шығу керек. Ата-ана баласы өзінен сұраған ақшаны қайда жұмсап жүргенін қадағалау керек. Өз балаңа өзің көмектеспесең уақыт өтіп кеткеннен кейін ешқандай дәрігер, психолог көмектесе алмайды. Егер сен балаңа дер кезінде көңіл аудармасаң, оған басқа көшеден қосылған біреу көңіл аударады.

Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Серіктес жаңалықтары