Қазақстан үш ауысымды емес, екі ауысымды мектеп жүйесінен құтылуы керек – сарапшы
Еліміздің білім, ғылым және денсаулық сақтау саласында бірқатар реформа жоспарланып отыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында білім, ғылым, денсаулық сақтау саласындағы реформалық іс-шаралар бар. Сарапшылар бұл салалардағы бастамалар қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутаты Ақмарал Әлназарова ауылдағы денсаулық сақтау мәселесі туралы айтты.
«Ауылдық медицина саласында жүзеге асырылғалы жатқан реформа өте құптарлық бастама. Халықымыздың жартысы ауылда тұрады. 75 мың дәрігердің 18 пайызы ғана ауылдық тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл бағдарламада көрсетілген барлық бастаманы біз орындауымыз керек», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, 3 млн-ға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ.
«Осы мәселе алдағы 7 жылда шешіледі деген үміт бар. Себебі оның ішінде 1,5 млн халық- ауыл тұрғыны. 1,3 млн-ы- әйел. Ана мен бала денсаулығын жолға қоямыз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Ана мен бала денсаулығына байланысты перинаталды орталықтар салынып жатыр. Өкінішке қарай, соңғы жыл ішінде ана өлімі 2,5 есе өскенін айтып отырмыз. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатыр. Президент бағдарламасында перинаталды орталықтарды салу бар. Осының барлығы медициналық қызметтің сапасын жақсартады деп білемін. Медицина саласында еңбек етіп жатқан қызметкерлердің мәртебесін арттыру туралы Президент былтыр тапсырма берді. Содан бері заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жарты жыл болды қаралып жатқанына, дұрыс жұмыс істейтін заң болсын деп, барлығымыз атсалысып жатырмыз», - деді Әлназарова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы ең ірі блок – ғылым саласы.
Еліміздің ғылым саласындағы мақтанышы-қазақстандық вакцинаның әзірленуі. «QazBioPharm» ұлттық холдингінің директоры Күнсұлу Закарья атағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық вакцина әзірленіп, әлемдік стандартқа сай, Орталық Азиядағы жалғыз биофармациялық зауыт ашылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі-ғалымдарға көмек көрсету. Оның тапсырмасы бойынша, биыл «QazBioPharm» ұлттық холдингі құрылды. Оның құрамына 8 жетекші ғылыми-зерттеу институты берілді. Соңғы жылдары биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті болып отыр. Ол жаңа биологиялық қауіптің пайда болуына байланысты. Қазіргі таңда холдинг биологиялық қауіпсіздік пен қауіпті және аса қауіпті патогендік тәсілдерді зерттеп жатыр. Біздің жұмыс істегенімізге 3 ай ғана болды. Осы уақыт аралығында холдинг 45 мың ғылыми зерттеу жүргізді. Бұл 30 жылда атқарылған игі іс. Оның 500-і адам мен жануарға жұғатын қатерлі вирустарға қатысты жобалар. Мәліметтерді талдау деректердің ашық базасынан алынды. 30 жыл ішінде еліміздің 25 мекемесі 44 қауіпті вирусты зерттеген», - деді Закарья.
Оның айтуынша, Қазақстанның әлеуеті жыл сайын артып келеді.
«Бізде кадр мен қондырғылар бар. Бірақ олар біріктірілмеген. Әлеуетті біріктіру керек. Материалдық-техникалық базаны біріктіру қажет. Сол кезде жұмыс тиімді әрі нәтижелі болады. Мысалы, жоғары технологиялы қондырғы бар. Алайда оны басқа институттың мамандары қолдана алмайды. Ешкім өз аймағына кіргізгісі келмейді. Біздің институтардың кейбіреуінде бір қондырғы жоба аяқталғанша дейін ғана қолданылған. Сол үшін де барлық институттың аудитін жүргізіп, материалдық базаны біріктірген абзал. Біліктілікті арттыру үшін барлық ғалымдардың тәжірибе алмасқанын да назардан тыс қалдырмау керек», - деді Күнсұлу Закарья.
Оның айтуынша, стратегиялық мәселелерді шешу үшін ғылыми-техникалық бағдарламаларға байқау ұйымдастырып, оларға қатаң бақылау жүргізу керек.
«Бізге ғылыми-технологиялық саясат туралы жаңа заң қабылдау керек», - дейді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылым және технологиялық саясат туралы заң әзірленеді.
Ал «Bilim Media Group» ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы әділетті сөзіне қатысты пікір айтты.
«Әділеті мемлекет, әділетті қоғам, әділетті экономика деп негіздеуіне өте қатты риза болдым. Себебі біздің саяси мәдениетке, құндылықтар жүйесіне әділетті ұғымының келуі өте үлкен жеңіс деп ойлаймын. Оны білім саласына келтіретін болсақ, менің ойымша, мемлекеттегі, экономика мен қоғамдағы әділетсіздіктің түп-тамыры білім беру жүйесіндегі әділетсіздікте жатыр. Мамандардың білім жүйесінде жүзеге асырылмай келе жатқан бастамалар, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының айырмашылығы, екі ауысымды мектептердің өзінде балаларға сапалы және әділетті білім алуға мүмкіндік беріле қоймайды», - дейді Кенжеханұлы.
Ол ондай біліммен қазіргі дамыған заманда бәсекеге қабілетті бола қою да күрделі екенін айтады.
«Қоғамда, экономика мен түрлі тап өкілдерінің арасында өзін-өзі тұлға, маман ретінде іске асыра алатындар мен оған қолы жетпегендердің арасында әлеуметтік алшақтық пен әлеуметтік қайшылық күшейіп жатыр. Сол себепті әділеттілікті негізгі ұстаным ретінде ала отырып, білім беру жүйесіндегі негізгі мәселемен байланыстыру өте дұрыс. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін алдағы уақытта 1,5 млн оқышуға орын әзірлеу өте күрделі және өте үлкен мақсат», - деді ол.
Рауан Кенжеханұлы атағандай, Қазақстанға үш емес, екі ауысымды мектептер жүйесін жеңіп, толық бір ауысымды мектеп жүйесіне көшу үшін кемінде 2 млн оқу орны керек.
«Ол үшін 3 мың мектеп салынуы керек. Бұл қазіргі экономикалық ахуалды ескерсек, өте күрделі мәселе. Бірден шешіп тастау, шынында қиын болады. Бұдан бөлек, бағдарламада айтылған мәселе - ескі мектептерді қалыпна келтіріп жөндеу және жаңарту жұмыстары. Жыл сайын мыңға тарта мекетеп жаңарады деп отырмыз. Бірақ бұл міндетті шешуге тек мемлекеттің шамасы жетпейтіні анық. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлердің де атсалысқаны керек. Яғни, бұл қоғамдық жұмысқа айналуы керек», - дейді ол.
Спикер атағандай, елімізде экономика мен цифрландыруға өте көп көңіл бөлінеді.
«Бұл салада ауыз толтырып айтатын жаңалықтар бар екенін білеміз. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық форматқа өтуі де бар. Біз дүниежүзі бойынша 32 елдің қатарына кіргеніміз де рас. Канада мен Израиль сынды елдердің арасында тұрмыз. Қаржы және өзге саладағы бұл бағыттағы ілгерілеу көзге де көрінеді. Нәтижесін де беріп жатыр. Білім беру саласындағы әділетсіздік пен сападағы айырманы, қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін білім беру саласындағы цифрландырудың дұрыс енгізілуі тиіс. Жаппай, терең, тікелей методикалық тұрғыдан дұрыс қарастырылған, технологиялық, инфрақұрылымдық және мазмұндық мәселелерді ескере отырып, реттеу керек», - деді ол.
Рауан Кенжеханұлы осы салаға жауапты мемлекеттік органдардың индустрия мен нарыққа қоятын талаптары нақтыланып, мазмұндық, авторлық тұрғыдан не керегін талап етуі керек.
«Осы бастаманы біріздендірсек, білім беру саласын дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде, Президентті қолдау штабының мүшесі ретінде осы бастамаларды жүзеге асыруда өз тарапымыздан бар күшімізді салуға дайынбыз», - деді ол.
Ал Әкелер ұйымының төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбеттің айтуынша, технологияны дамыту керек.
«Әлеуметтік желіде «дәретханаларды жөндемей жатып, технологияяны дамыту да дұрыс емес» деп жатады. Бұл – дұрыс емес. Қазақстанда жақсы мектептер де бар. Оларға технологиялар қажет. Бірақ үш ауысымды мектептердің мәселесін шешпей, дәретханалардың проблемасын тарқатпай, біз технологияны да дамыта алмаймыз. Сондықтан мекенжайлық көмек сияқты, әрбір мектеппен жеке жұмыс істеу керек. Себебі кейбір мектептердің жағдайы жақсы. Ал кейбір мектептің материалдық жағдайын шешу керек. Себебі ешбір бала назарсыз, білім сапасы жағынан артта қалмауы керек», - деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады.
«Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру», - деген еді Тоқаев.
Сайлауалды бағдарлама үш қағидатқа негізделген.
Олар:
- Әділетті мемлекет;
- Әділетті экономика;
- Әділетті қоғам;
«Ашығын айтайын, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көп жүйелі проблемалар жиналып қалды, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі өсіп кетті. Бұның барлығы еліміздің тұрақты дамуын тежеп отыр, ұлтымыздың жасампаз мүмкіндігін шектеп жатыр. Енді, әділдік идеясы мемлекеттік саясатымызда ең басты идея болады. Біздің барлық ұлттық идеологиямыз Әділдік идеясына негізделеді», - деп атап көрсетті Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, әділдік идеясы әрбір шешімде, ал адам мемлекеттің басты байлығы болады.
«Сол себепті біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" формуласын берік ұстанатын боламыз», - деді Президент.
Ал халықтың басым дауысын жинап, сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.
« Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Марья Айдарбаева