Харассментке қарсы күрес: әйелдердің құқығы қалай қорғалмақ?

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылар харассментке қарсы күресті заң бойынша реттеу керек екенін айтады

Фотолар ашық дереккөзден

Бүгінде кез келген адам екінші адамға қызығушылық таныта алады. Бірақ ол адам тура солай оның қызығушылығына теріс жауап бере алады. Бұл - ізгі қоғам көрсеткішінің бірі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және гендерлік теңдік коалициясының төрайымы Меруерт Казбекова атағандай, коалиция еңбек саласындағы әйелдердің харассментке және сексуалдық зомбылыққа ұшырауын тек заң аясында шешу керек екенін айтады. Ол үшін елдің заңнамасына тиісті өзгерістерді енгізу қажет.

Былтыр Мемлекет басшысы ұрпақтардың теңдігі жаһандық форумында отбасылық және гендерлік институттың тұжырымдамасы бола алатын құқықтық база әзірленгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанның екі серіктестік ұйымға қосылатыны туралы мәлімдеді. Ол: гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы коалиция мен экономикалық және құқықтық теңсіздік ұйымы. Бұл әрекет мемлекеттің бірқатар талапты орындауын қажет етеді. Президент әйелдер мен балалар тарапына жасалатын жалпыұлттық зерттеу жүргізуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Орталық Азияда гендерлік теңдік бойынша  өңірлік платформа құруды да ұсынды. Президент барлық баяндамаларында біздің елдегі гендерлік теңдікті орнату туралы айтады.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко харассмент мәселесінің өзектілігі жайында айтты.

«Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік акция басталды. Бұл акцияның басталуы да өте үлкен маңызға ие. Себебі 25 қараша әлем бойынша әйелдерге қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы күн болып есептеледі.  Бұл салада әлеуметтік зерттеулер өте көп. Оның аясында жүргізілген сауалнамалар бойынша сұралған адамдардың 82 пайызы сексуалдық қырындаудың өзекті мәселе екенін атаған. Бұл көрсеткіш назар аударарлық деп ойлаймын. Осы бойынша қажетті бастамаларды жүзеге асыру қажет», - дейді Тарасенко.

Оның айтуынша, жұмыста харассментке ұшырау бойынша алшақтық 22 пайызды құрап отыр.

«Респонденттердің басым бөлігі заңнаманың жетілмеуіне қатысты пікір білдірген. Бұл жерде олармен келісуге болады. Агрессордың жазаланбай кетуін сауалнамаға қатысушылардың 40 пайызы таңдаған. Онымен де келісуге болады», - деді ол.

 Астана қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова атағандай, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық туралы айтуға әйелдер батылдық таныта бермейді. 

«Себебі, ол жұмыс берушімен қарым-қатынасты бұзғысы келмейді. Оны жария еткісі келмей жатады. Сол шағын кәсіпорын немесе мекемеде ішкі тәртіп арқылы шешкісі келеді. Бірақ бізге анонимдік түрде хабарласқан қыз балалармен жұмыс істейміз. Оларға құқықтық көмек беруге тырысамыз. Қоңыраулар «102» арнасына емес, сенім телефондарына, әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметкерлердің жеке нөмірлеріне түседі. Олар негізінен жасырын түрде шешуге тырысады, өйткені қыз немесе әйел жұмыс берушіге тәуелді. Бұл мәселелер компания немесе ұйым ішінде шешіледі. Бірақ біз жәбірленушімен бірге жүреміз, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз», - деді ол.

Гүлмира Шрахметованың айтуынша, негізінен 20-30 жас аралығындағы қыздар қоңырау шалады екен.

«Олар жетекшісі тарапынан киноға бірге бару туралы ұсыныс келіп түсетінін айтады. Әрине, ол жұмыста жәбірленуші бағынышты тұлға да, агрессор ретіндегі адам бастық болады. Биыл шағымдар көп деп айта алмаймын. Өткен жылмен салыстырғанда статистика ұқсас. Құқықтық мәдениет пен мұндай құқық бұзуға нөлдік төзімділік артып келе жатқанын атап өткім келеді. Қыздар мен әйелдер жиі жүгінеді, бұл мәселені шешудің жолдарын өздері табуға тырысады. Қалай болғанда да, біз құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жұмыс істейміз. Білім беру мекемелерінде психологтармен бірлескен жұмыс жүргіземіз. Егер халықтың хабардарлығы көбірек болса, сәйкесінше, құқық бұзу да аз болады. Сенбі күндері полиция басқармасының аудандарында қорғау ұйғарымдары мен белсенді талаптар санаты бойынша тұратын адамдармен жұмыс жүргіземіз. Нақты тіркелген фактілерді айта алмаймын. Сенім телефондарына немесе қызметкерлердің жеке телефондарына бір жылда 20-ға жуық қоңырау түсті», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбеков атындағы Қостанай академиясының ІІБ әкімшілік қызмет кафедрасының аға оқытушысы Сергей Корнейчук бұл сала өте аз зерттелгенін айтады.

«Бұл негізінен - тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бізде харассмент ұғымы әлі де жоқ. Жұмыс орнындағы жыныстық қудалауға аз көңіл бөлінеді. Сондықтан, бүгін жұмыс орнында абьюзерлерге әсер етудің құқықтық негіздері болуы үшін заң жобасын ұсынғымыз келеді. Нақты статистика жоқ. Біз қандай баптарды  жетілдіргіміз келетінін айтқымыз келеді. Олар тек жұмыс орнында ғана емес. Бұл күнделікті өмірде болуы мүмкін», - дейді ол.

Сергей Корнейчук атап өткендей, заң жобасында біз жұмыс орнындағы болатын жағдайларды  азайтқымыз келеді.

«БАҚ-та оларды жауапқа тарту өте қиын болуы мүмкін және құқық қорғау органдарының өздері оны қалай жүзеге асыратынын білмейді деп жазады. Баптар бар, бірақ олар мамандандырылмаған. Харассментпен күресуге бағытталмаған. Біріншіден, біз Қылмыстық кодексте 3-бапта харассмент ұғымын енгізгіміз келеді. Жауапкершілік төрт бағытта болғанын қалаймыз. Бұл қылмыстық, әкімшілік, азаматтық және тәртіптік жауапкершілік, сондықтан басшы харассментке қатысты осындай заңға қайшы әрекеттер болып жатқанын біліп, тәртіптік шаралар қолдана алады», - дейді ол.

Маманның айтуынша, Әкімшілік кодексте мамандандырылған норма ұсынылады.

«Қылмыстық кодексте біз 23-бапты жетілдіргіміз келеді. Сондай-ақ, біз басшының рөлін көтеру, харассмент фактілеріне жауап беру құқықтары мен нақты міндеттерін енгізу үшін Еңбек кодексіне өзгерістер енгіземіз. Себебі кәсіподақ ұйымдары бұған да әсер етуі мүмкін. Біз жұмыс орнындағы қудалаумен күресу керек деген құзыретті енгіземіз. Егер жыныстық қудалау жұмыс орнында болса, біз ескертуден бастаймыз: құшақтау, жұмыстан кейін қалу туралы ұсыныс, кафеге бару сынды әрекеттер үшін  5 АЕК-ке дейін айыппұл арақалай алады. Егер бұл қайта орын алса, онда біз 15 күн бойы сол лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынғымыз келеді. Егер қоғамдық қауіп асқынса, қылмыстық жазаланатын іс - әрекеттің белгілері болса, Қылмыстық кодексте бәсекелес норма бар деп айтамыз. Тиісінше, онда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі болады», - деді Сергей Корнейчук.

«Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік бағдарламасы жобасын Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жаһандық консорциумы атынан Америкалық заңгерлер қауымдастығының  құқық үстемдігі бағдарламасы, Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы және «Ортақ мүдделерді іздеу» ҚҰ іске асырады. 

Жобаның мақсаты Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылықты төмендету. Ол үшін әйелдер бизнес-қауымдастықтарымен, азаматтық қоғам ұйымдарымен және кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеу көзделіп отыр.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция құрылды. Қазіргі уақытта бірлестік 30-дан астам әйелдер бизнес-қауымдастығын, азаматтық қоғамның әйелдер ұйымдарын және кәсіпкерлерді біріктіреді.

Қазақстанда 2022 жылғы наурыз бен шілде аралығында коалиция мүшелері 324 адамның қатысуымен консультативтік кездесулер ұйымдастырды, атап айтқанда фокус-топтар көптеген кәсіпкер әйелдерді қатыстырып, пікірталастар, әлеуметтік және мәдени-креативті кәсіпкерлік бойынша дөңгелек үстелдер, кәсіпкер әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық мәселелері бойынша онлайн сауалнамалар мен тренинг өткізді.

«Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы барлық ақпаратты көрсететін бірыңғай онлайн бизнес-платформаның жоқтығы, қаржы ресурстарына қолжетімділіктің қиындығы, Қазақстанда тәжірибеде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың жоқтығы, гендерлік кедергілер  мәселелер әйелдердің кәсіпкерлік қызметке толыққанды қатысуына мүмкіндік бермей отыр», - деп атап өтті Қазақстандағы Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының өкілі Зарина Бекболат.

Гендерлік кедергілер арасында Қазақстанның кейбір өңірлерінде патриархалдық қоғамның күшті ықпалы атап өтілді. Мұндай жағдайда әйелдер отбасы мен тұрмысқа қатты байланған, жылдар бойы отбасы мүшелерінен қолдау таппайды, нәтижесінде кәсіпкерлікпен кеш айналыса бастайды. Сондай-ақ, отбасылық бюджет пен мүлікке иелік ету, жеке бизнесін дамыту және жұмыс істеу құқығын шектейтін отбасыларда әйелдер экономикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады.

Бұған қоса, отбасы тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі, декреттік демалыс пен бизнесті қатар алып жүрудегі қиындықтар, үй шаруашылығы және бала тәрбиесіне байланысты әйелдердің жүктемесі екі есе артатыны, толық емес отбасыларда баланы тәрбиелеу мен қамтамасыз етуге байланысты жүктеме (ата-аналары ажырасқаннан кейін әдетте балалар аналарымен қалады) және жұмыс орнындағы жыныстық қудалау туралы айтылады.

Әртүрлі деңгейдегі ұйымдар мен компанияларды басқаруға әйелдерді тағайындауда да кедергілер жетерлік. Басшылық лауазым мен отбасын біріктіру мүмкін емес сынды стереотиптік кедергілерден басқа, көшбасшылық позициялардағы жұмыс «ерлерге тән» деп саналады. Жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік біржақты көзқарас білінеді, білікті әйелдерді ұстау стратегиясы жоқ. Көптеген компанияларда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында ішкі саясат пен қажетті бағдарламалар жасалмаған.

Марья Айдарбаева