Білім, психология, тамақтану: Қазақстан мектептеріндегі бастамалар
Ел мектептеріндегі педагог-психологтар қандай әдіс бойынша жұмыс істейді
Білім беру процесіндегі барлық қатысушының психологиялық тұрақтылығы өте маңызды. Себебі ересек кезде пайда болатын барлық «травмалардың» басым бөлігі бала кезде қалыптасады. Дарынды балалармен жұмыс істеудің өзектілігі де содан болатын. Қазір еліміздің мектептерінде барлық балаға психологиялық көмек, қолдау көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл орайда Оқу-ағарту министрлігі бірқатар кешенді шараны жүзеге асырып отыр. Оның ішінде психологиялық қызметке қойылатын талаптардың бірізділігін қалыптастыру, психологиялық қызмет жұмысын әдістемелік басқару мен олардың жұмысын күшейту, кәмелетке толмағандар арасында аутодиструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша біркелкі бағдарламаның қабылдануы, психолог-педагогтердің жүктемесін азайтып, олардың кәсіби стандартын әзірлеу қажеттігі кіреді.
Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 25 тамыздағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің қағидалары бекітілген болатын.
Психологиялық қызмет келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады:
-бастауыш білім беру деңгейінде-әр оқушының шығармашылық қабілеттерін бейімдеу және қалыптастыру кезінде танымдық және оқу мотивациясын, дербестігін және өзін-өзі реттеуді дамытуда бастауыш сынып оқушысын қолдау;
-негізгі орта білім беру деңгейінде-оқытудың жаңа жағдайларына бейімделу, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің танымдық және оқу қызметін дамыту, жеке және құндылық-семантикалық өзін-өзі дамыту және өзін-өзі тану міндеттерін шешуді қолдау, танымдық процестерге төзімділікті қалыптастыру;
-жалпы орта білім беру деңгейінде-білім алушы мен тәрбиеленушіге өзін-өзі анықтауға және жеке басын сәйкестендіруге, бейіндік бағдарлауға көмек көрсету, мақсат қою және дербес шешімдер қабылдау қабілетін дамытуға, тұрақты дүниетанымды қалыптастыруға жәрдемдесу.
Орта білім беру ұйымының психологиялық қызметінің құрамына мектеп басшысының орынбасары, педагог-психолог, әлеуметтік педагог кіреді.
Сынып жетекшілері, тәрбиешілер, кураторлар, пән мұғалімдері, медицина қызметкерлері білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу процесіне қатысады және лауазымдық міндеттеріне сәйкес ата-аналармен және өзге де заңды өкілдермен өзара іс-қимыл жасайды.
Психологиялық қызметі мыналарды ескере отырып жүзеге асырылады:
-кәсіби этиканы сақтау;
-баланың жеке басына деген жанашырлық пен құрмет;
-білім алушы мен тәрбиеленушінің жеке және жас ерекшеліктері;
-психологиялық және педагогикалық білімнің интеграциясы;
-баланың құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, ақпараттың құпиялылығы;
-білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің, педагогтердің денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтіру мүмкіндігін болдырмау;
-білім беру процесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілерді сүйемелдеудің ғылыми, кешенділігі, жүйелілігі, кезеңділігі мен үздіксіздігі.
Педагог-психолог диагностикалық, консультациялық, дамытушылық (түзету), психологиялық-педагогикалық ағарту және ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты жүзеге асырады.
Ережелер сонымен қатар мұғалімдердің психологиялық қызметке жүгіну тәртібін қарастырады.
Бұйрық 2022 жылғы 11 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биыл мамырда психологиялық қызметті үйлестіруде министрліктің қызметі кеңейтілген.
«Психологиялық қызметтің ережесі де бекітілді. Психологиялық жұмысты жақсы жолға қойып отырған өңірлерді атайтын болсақ, Қарағанды, Қостанай, БҚО, Ақтөбе облыстары мен Алматы, Астана қалалары жақсы көрсеткіш беріп отыр. Басқа облыстар белсенділік танытуы қажет. Психологиялық қызметтің атқаратын міндеті мен жұмысты тиімді ұйымдастырған жағдайда оқушылар арасында жиі кездесетін мәселелердің алдын алуға септігін тигізетіні белгілі. Сондықтан заңнамалық тұрғыда бұл бастамаларды қолданған абзал», - деді ол.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа ережелерді іске асырудың маңыздылығын атап өткен болатын.
«Педагог-психологтардың толтыратын құжаттарын 3-тен екіге азайту жұмысын жақын арада аяқтау керек. Психологардың тікелей өзінің құзыретіне кірмейтін жұмыстарына тартпауды қадағалау керек. Олар тек қана тікелей құзыреттілігі бойынша жұмыс істеуі керек. Қазір психологтар саны жетіспейді. Балалардың оларға деген сенімі де артып келеді. Педагог-психологтардың жұмыс істеу тәртібі мен шеберлігі де артты. Әдістемелік орталық арқылы жұмыстың барлығын басқару керек», - дейді министр.
Оның айтуынша, цифрландыру мәселесі де өте маңызды.
«Барлық құжатты цифрландыру арқылы ұйымдастырумыз керек. Қазіргі заманның балалары да басқа, қажеттіліктері де басқа. Оларға тиісті психологиялық көмек керек. Ата-аналарымен болатын мәселелер, өздерімен жасты балалармен қарым-қатынасы бойынша психологтың көмегі керек. Психолог тек проблемалары бар балалармен жұмыс істемейді. Ол оқу бойынша туындайтын мәселелерді шешуге де көмектесуі керек. Дарынды балалармен де жұмыс істейтін біздің психологтар», - деді министр.
Тамақтану мәселесі
Мектептегі тамақтандуы дұрыс ұйымдастыру айтпаса да маңызды мәселе. Әрбір мектепте тамақтандыруды ұйымдастыруда тағамның сапалы әрі қолжетімділігі керегін әрбір мектеп басшысы түсінуі керек.
Биыл мектеп тамағымен қамтамасыз ету бойынша жаңа талаптар енгізілген. Биылдан бастап мектеп асханаларында бағаның негізсіз болдырмауына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген. Мектеп асханаларында қоғамдық бақылауды күшейту мәселесі де қолға алынған. Асханалардағы баға саясаты да ретке келтірілген. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мәселесі де қаралып жатыр. Ата-аналар балаларының қандай тамақ тұтынып жүргенін қадағалап отыруға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ мектеп асханаларында ас әзірленетін жерлерде бейнекамераларды орнату мәселесі қабылданған. Бұл асханалардағы ас әзірлеу процесін шынайы уақытта бақылауға мүмкіндік береді.
Осыған қатысты 2020 жылдан бастап қоғамдық бақылауды күшейту бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіштері 13,2 есеге артқан. 2020 жылы 119 мектеп қана оны қамтамасыз етсе, бүгінгі таңда 1577 мектеп қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бар. Бұл кезең-кезеңімен барлық мектепте қолға алынбақ.
Алайда қолма-қол есеп айырысу бағытында Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Атырау облыстары тиімді жұмыс атқармай отыр. Ал бейнекамерамен қамтамасыз ету жұмысы Ақмола, Жамбыл, БҚО және Қарағанды облыстарында көрініс тауып отыр.
Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мектеп асханаларында тағам әзірлеу технологиясының ішінара бұзылуы байқалып отырады.
«Ас әзірлеуде тыйым салынған өнімдерді қолдану, ас мәзірінің жетіліксіздігі сынды мәселелер бар. Тағамдарда тұз бен қанттың мөлшері жоғары екені байқалған. Кейбір тағамның оқушыларға дәмсіз болатыны айтылады. Сондықтан осындай мәселелерге назар аудару керек. Бұл олқылықтарды шешу үшін Ұлттық ғылым академиясының мамандары бірқатар бастаманы әзірледі»,- деді ол.
Мамандар тағамның құрамы бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Макро және микро элементтердің құрамы да зерттеліп жатыр. Оқушылардың тағамнан дәрумендердің алуы зерделеніп жатыр. Ол болашақта мектеп асханаларының ас мәзіріне енгізілмек. Оны желтоқсан айына дейін әзірлеу жоспарланып отыр.
Жаңа мектептер
Оқу-ағарту министрлігі жыл соңына дейін 225 мектеп салып, миллион оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге ниетті.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам білім алушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің есебінен 7 өңірде - Астана, Шымкент, Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында 1-4-сынып оқушылары тегін ыстық мектеп тамағымен қамтылып жатыр. Ақмола және Маңғыстау облыстарында 1-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі.
2022 жылдың соңына дейін өңірлерде 225 мектеп салынады.
Бүгінде елімізде 7 700-ге жуық мектеп бар, барлық мектепті облыс әкімдіктері, білім басқармалары басқарады. Ал министрлік бақылауда ұстайды. Осыдан екі жыл бұрын елде 2700-ден астам мектепте жылы дәретханалар болмаған. Қазір олардың саны ең төменгі деңгейге дейін азайды, аймақтық департаменттердің мәліметтері бойынша 30-дан аспайды. Жаңа оқу жылының басында құрылыс жұмыстары 21 мың орындық 41 мемлекеттік мектепте және 15 мың орындық 40 жекеменшік мектепте аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, Үкімет 2022-2026 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оның аясында 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында мектептердің мәселесі туралы айтқан еді.
«Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін үш ауысымды, апатты, тозығы жеткен мектептермен проблемалар шешілмеді. Сондықтан осы ұлттық жобаны іске асыру Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің мақсатына сай пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Әкімдер жыл соңына дейін Жер, инфрақұрылым бойынша барлық мәселелерді шешуі керек. Мұнда ешқандай сылтау жоқ. Сондықтан өңір әкімдерінің дербес жауапкершілігін бекіту жөніндегі ұсынысты қолдаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Марья Айдарбаева