$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2022, 16:26
Қоғам

Қаржы саласы: бюджет, жоспарлау мен болжам

Келесі жылға қандай салаға қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды

Қаржы саласы: бюджет, жоспарлау мен болжам

Қаржы саласы мемлекет дамуында ерекше рөлге ие екені айтпаса да түсінікті. Себебі ол экономиканың құрамдас бөлігі, ал экономика елдің дамуын айшықтайды. Қаржы секторындағы ахуал мемлекеттің дұрыс ұйымдастырылған саясаты мен мамандар біліктілігіне және әлемдік экономикалық жағдайға байланысты болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент елімізде сауатты мемлекеттік саясаттың арқасында бәсекеге қабілетті қаржы секторы қалыптасқанын да айтқан болатын.

«Қазақстанның қаржы секторы өңірдегі ең озық деп танылды. Қаржы жүйесі соңғы онжылдықта ауыр экономикалық дағдарыс кезінде өзінің тұрақтылығын көрсетті. Мемлекет ең қиын кезеңдерде әрқашан отандық қаржы секторын қолдады. Осының арқасында бүгінде банктер өте тұрақты және экономиканы несиелеу үшін үлкен әлеуетке ие. Сондықтан олар экономикалық серпінді қалпына келтірудің және оны одан әрі әртараптандырудың негізгі қозғалтқыштарының бірінің рөлін алуға міндетті. Экономиканы қаржыландырудың тағы бір маңызды көзі болуы тиіс»,- деді Президент.

Экономикалық аласапыран кезеңінде адамдар табыстарын сақтап, отбасыларын қамтамасыз етуге тырысып, қауіпті шешімдер қабылдауы ғажап емес. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы кезінде көптеген адам қаржы пирамидаларына немесе күрделі қаржы құралдарына ақша салды.

Украинадағы соғыс, банктер мен ақша аударымдарының ресми арналарындағы санкциялар мен бұзушылықтар тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның  экономикалық жағдайына айтарлықтай әсер етеді.

Орталық Азияда қаржылық сауаттылыққа көбірек көңіл бөлінеді: банктер дөңгелек үстелдер өткізеді және оқу курстарын ұсынады, балаларға қаржылық сауаттылық бойынша мектептен тыс қосымша сабақтар ұйымдастырылады, ал үкіметтер білім беру ресурстары мен бағдарламаларын қаржыландырады.

Мысалы, биылғы қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ті құрады.Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,8%-ті, ал қызмет көрсету саласында – 1,6%-ті құрады. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салаларында тіркелді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 6,7%-ті құрады.Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі өнеркәсіпте 4,1%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,7%-ке, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 7,4%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 14,7%-ке, көлік және қоймалауда – 8,5%-ке ұлғайды.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Шығыс-Қазақстан және Батыс-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.

Елдің 2023 – 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте айтып берген болатын.

Болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректерден, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулерін ескере отырып қалыптастырылған.

«Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 $ деңгейінде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды.Инфляция 2023 жылы 7,5 - 9,5 % деңгейінде, 2024 жылы – 4-5%, 2025 – 2027 жылдары 3-4% деңгейінде белгіленді.Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдетіледі деп күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд АҚШ долларынан 84,6 млрд АҚШ долларына дейін, импорт 45,7 млрд АҚШ долларынан 53,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», - деді министр.

Мысалы, биыл мемлекеттік бюджетке 11 трлн 177 млрд теңге сомасында  кірістер түсті немесе жоспар 104,8%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 7,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 101,9%-ке орындалды.Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,2%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 96,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,9%-ке атқарылған. Республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді.

Ең көп игерілмеу Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары, Астана қаласында болған.

Осындай есеп-қисапты бағамдап, жоспарлап, болжап жүрген қаржы саласындағы мамандарға деген құрмет екі есеге артады. Әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ олардың арасынан бүгінгі заманға сай, есеп-қисапқа толы – қаржыгер мамандығы ерекшеленетіні сөзсіз. Әсіресе, мемлекеттің қаржысына келгенде жауапкершілік екі еселенеді. Ұлттық Валюта күні қаржыгерлердің де кәсіби мерекесі болып есептеледі. Бүгін біз Қаржы министрлігі Қазыналық комитет төрағасының орынбасары Әлия Байгежинамен жолығып, қаржыгер мамандығының қыр-сыры туралы әңгіме-дүкен құрып, елдің қазынасы туралы сыр шерттік.

Қазыналық комитетпен жұмыс жасасқан адамдардың арасында Әлия Құрманқызын танымайтындар кемде-кем шығар. Еліміздің бас қаласы Алматыдан Астанаға көшкен жылдары аталмыш министрліктің Бюджет департаменті Материалдық өндіріс басқармасы Өнеркәсіп, инвестициялар және табиғи ресурстар бөлімінің экономисі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Атап айтқанда, Астанаға келген жас мамандардың алдыңғы легін құрады.

«Біздің комитеттің міндеті – республикалық бюджетті орындау және жергілікті бюджетке қызмет көрсету.Қаржыгер – оңай мамандық емес. Тіпті, осы уақыт ішінде күрделі мамандық дейтін тұжырымға келдім. Бұл мамандықтағы біліктілік, шеберлік бір күнде болып қалмайды. Ол үшін ұзақ уақыт, мол тәжірибе және қажырлы еңбек қажет. Осы салаға студенттік кезімнен келіп, 20 жылдан астам еңбек етіп келемін. Бір айтарым, қаржылық сауаттылық, біліктілік біртіндеп жиналады. Бастапқыда еліміздің бюджеті деген не? Оны қалай жоспарлайды дейтін алғашқы ұғымдармен танысасың, тәжірибе жүзінде жасайсың.  Бюджеттің кірісі бар, яғни салық жүзінде немесе басқа түрлері бойынша және оның шығыны бар. Азаматтардың жалақысы, халықтың зейнетақысы және басқа да салалық шығындар демекші. Бастапқыда бір бөлімнің жұмысын береді, кейін бір өңірдің бюджетін жоспарлауды береді. Кейін қаржыгер маман өз міндетін мінсіз атқара бастағанда оған ел бюджетіндегі басқа өміршеңді салаларды жоспарлау сеніп тапсырылады. Бұл ұзақ жылдың жұмысы. Қуанышыма орай, маған жол сілтер қаржы саласының үздік ұстаздары жолықты», - деді Әлия Құрманқызы.

«Қызмет жолыңыздағы тәлімгерлеріңіз туралы айтып өтесіз бе?» деген сұрағымызға қаржы саласының майталманы былай деп жауап берді.

«Бюджетті жоспарлаудан бастап, шығындарды классификациялау және бюджетті орындауға дейін көп салалы жұмысты бүге-шүгесіне дейін білу үшін ізденіс пен Хәкім Абай атамыз айтқандай «Жақсы ұстаз» керек. Біздің министрлікте жастарға үлгі болар және бүгінгі кәсіби мамандарды тәрбиелеген қаржы саласының корифейлері жеткілікті. Бұрынғы министрлер: Наталья Артемовна Коржова, Болат Бейдахметұлы Жәмішев, Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов бүгінде еліміздің Премьер-министрі Әлихан Асханұлы Смайылов және Мәдина Адамқызы Сәтқалива, Шаихова тағы басқаларды айтып өтсек болады. Осындай үлкен мектептен өткеніме дән ризамын».

Кейіпкеріміздің айтуынша, бүгінде еліміздің бюджетінің түсілімі жеткілікті.

Бүгінде ел қазынасы 20 триллионнан асса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары небәрі 398 миллиард теңге болған. Еліміздің астанасы Алатаудың бөктерінен Сарыарқаның төріне көшірілген  жылы қиыншылықтар болғанын есіне алады.

Сол жылдары кей әлеуметтік бағдарламаларға және қосалқы салаларға қаржы аз бөлінгенін тілге тиек етеді. Қазіргі кезде бюджетіміздің мүмкіншілігі анағұрлым көбейді. Мұның барлығы ел экономикасының дамуын көрсетіп тұр. Солай десек те, еліміздің қорғаныс қабілеттілігін арттыру, құқықтық тәртіпті сақтауға арналған қаржы үнемі бөлініп тұратынын зор мақтанышпен айтты.

«Мемлекет басшысы әскери қызметшілер мен ел қорғанысына жауапты азаматтардың әл-ауқатын көтеруге арналған бағыттарды анықтап берді. Қуаныштысы сол – ол тапсырмаларды орындауға бюджетіміздің мүмкіншіліктері жыл сайын артып келеді. Келесі жылы Ұлттық ұланның кей  әскери қызметшілерінің жалақысы өседі, онымен қоса тұрғынүй шаршы метрінің қымбаттауына байланысты тұрғынүй төлемдері өсетіні жоспарлануда. Сонымен қатар, көптеген бағдарламалар бойынша қаражат бөлінуі жоспарда бар мәселе», - дейді ол.

Әлия Құрманқызының айтуынша, ел қорғауда жүрген әскери қыызмешілер, оның ішінде Ұлттық ұлан да қай кезде болмасын есептерін дер кезінде аяқтап, қаржы көлеміне келгенде шатаспайды.

«Біздің ойымызша, ел қорғау саласындағы азаматтарымызға мемлекет әр кезде көңіл бөлуі тиіс. Ондай қамқорлық олардың жалақыларының өсуімен көрініс табуда. Келесі жылға қорғаныс қабілетіне шамамен 500 милиардттан астам қаржы бөліну жоспарланып жатыр. Әскери қызметшілер мен күш-құрылым қызметкерлері біздің тыныш өмірімізді қамтамасыз етуде. Олар әр кезде құрмет пен жоғары басшылықтың жіті назарына лайықты деп ойлаймыз», – еді Әлия Құрманқызы.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары