Елімізде 21 мыңнан астам ғылым қызметкері бар
Ғылым саласы елдің даму көрсеткішінің алғашарты сияқты. Адам өмірін жеңілдететін технологияларды әзірлеу білімді қажет етеді. Бұл сала елдің стратегиялық бағытының маңызды бағыты болып есептелетіндіктен, экономикалық өсімге де ерекше әсер етеді. Қазақстандағы ғылымның жағдайы қандай екенін саралап көруді жөн көрдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тәуелсіздік жылдарынан кейін Қазақстандағы ғылым саласының жағдайы мүшкіл болды. Барлық посткеңестік елде осындай жағдай белең алды. Кеңес үкіметі ыдырыған соң көптеген институт пен ғылыммен айналысқан зерттеу орталықтары жабылып қалды. Яғни, Қазақстандағы ғылымды басынан бастау қажет болды. Әлем бойынша 1000 адамның біреуі ғалым болса, ел бойынша 2500 адамға шаққанда бір ғалым шығады. Елімізде 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді екен. Бұл Ресеймен салыстырғанда 4,3 есеге, Беларусьтен 2,7 есе және АҚШ-тан 6,4 есеге аз.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді.
Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежелері бар, оның ішінде 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы атағына ие.
Қазақстандағы ғылымның көзге көрінетін бір жетістігі пандемия кезінде болды. Қазақстандық ғалымдар жеңісінің шарықтау шегі коронавирусқа қарсы вакцина болды десек артық болмас. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ұжымы санаулы елдермен қоса коронавирус пандемиясына қарсы вакцина ойлап тапты. Институт 1958 жылы құрылған. Оның қалыптасуы мен дамуы екі кезеңнен тұрады.1992 жылға дейін институт КСРО АШМ құрамында болды. Қазір ол Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарайды. QazCovid-in қазақстандық ғылымның жарқын көріні ретінде, дамыған елдердің деңгейінде екпе дайындаудан суырылып шыққан білімі жоғары ғалымдардың жеемісі ретінде тарихта қалары анық.
Қазіргі уақытта ғылыми саланы дамыту, оның нәтижелілігін арттыру мемлекеттің өзекті міндеттерінің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыруды едәуір арттыруды тапсырды.
Мәселен, 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайды, ал 2025 жылға қарай ЖІӨ – нің 1%-на дейін ұлғайту жоспарланған.
Биыл Қазақстан үкіметі 2022-2026 жылдарға арналған ғылымды дамытудың тұжырымдасын бекітті.
«Қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігі және оның ұлттық деңгейдегі қолданбалы проблемаларын шешуге қосқан үлесі кейіннен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық немесе тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру деңгейіне ЖІӨ-нің 1%-на дейін қол жеткізу мақсатында барлық көзден ғылымға жұмсалатын шығыстарды ұлғайтуға ерекше назар аударылады, ол кезең-кезеңмен жүзеге асырылады», - делінген тұжырымдамада.
Мәселен, жетекші ғылыми мектептерді, зерттеу университеттерін қалыптастыру және дамыту үшін гранттық қаржыландыру бойынша көзделген қаражат аясында мегагранттар бөлуді қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жоспарланып отыр.
Әлемдік трендтерге сәйкес ғылыми ұйымдардың, зерттеу университеттері мен зертханалардың ғылыми инфрақұрылымы дәйекті түрде жаңғыртылмақ.
Оның үстіне қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруда қосымша жеке қаржыландыру үлесін арттыруға, ғылымның өндіріспен байланысын нығайтуға, нақты секторды, бизнесті ғылыми бөлімшелерді құруға және дамытуға ынталандыруға, басым бағыттарды дербес айқындауға, қажетті ғылыми әзірлемелерге тапсырыс беруге және енгізуге баса назар аударылады.
Сондай-ақ, ғалымның әлеуметтік мәртебесін көтеру үшін жетекші ғалымдарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер пакетін пысықтау ұсынылады.
Жас кадрлардың ғылымға келуін ынталандыру үшін жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына 500 қазақстандық ғалымды тағылымдамадан өткізуге, академиялық жазуды, ағылшын тілін, цифрлық дағдыларды оқытуға, ғылыми өтінімдерді әзірлеуге және басқа да қажетті құзыреттер мен дағдыларға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтарды ғылыми ұйымдарға тартуға, қазіргі заманғы ғылым менеджерлерін даярлауға кешенді шаралар іске асырылмақ.
Сонымен қатар, ғалымдарды ынталандыру үшін ғылымға қосқан үлесі үшін жыл сайын 2 мың АЕК (6 млн теңгеден астам) мөлшерінде 50 «үздік ғылыми қызметкер» анықталып, марапатталады.
Сондай-ақ ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беру арқылы ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарды көтермелеу жалғасады.
Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, тұжырымдаманы іске асыру қазақстандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оның елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесін арттыруға, жеке сектордың инвестицияларының өсуіне және ұлттық және өңірлік деңгейлердің қолданбалы проблемаларын шешуге ықпал етеді.
Бұл тұжырымдамадағы мақсаттар орындалса, ғылым саласының ілгерілеуіне куә болатынымыз анық.
Үкіметте ғылым бағыты бойынша ұлттық жобаны таныстырған Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есеге арттыру міндеті қойылып отырғанын айтты. Яғни ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50% - ға көбейту жоспарланған.
Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды оның 7 525-і жас ғалымдар, бұл жалпы ғалымдардың 35% - ын құрайды.
«Бүгінгі таңда ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті (252 мың теңгеге дейін). Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру енгізілді.Жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулерге және постдокторантура үшін 1037 грант бөлінді. Жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілді. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады», - деген еді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ еліміздің 10 жоғары оқу орнында постдокторантура құрылып, диссертациялық кеңестерге ҒЗИ мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылып жатыр.
Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру үшін студенттер мен магистранттардың ғылыми қауымдастығы құрылды.Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҒЗИ санын 15-ке арттыру, индекстелетін журналдардағы жарияланымдарды 150%-ға өсіру және 2025 жылы жабдықтарды 30% - ға жаңарту арқылы ҒЗИ сапасын арттыру міндеті тұр.
Сондай-ақ, 2025 жылы қазақстандық ғалымдардың Халықаралық ғылыми журналдарындағы мақалалардың жалпы саны бойынша InСites елдік рейтингінде 65-орынға және «ҒЗИ сапасы» көрсеткіші бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 65-орынға қол жеткізу жоспарланған.
«Материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту мақсатында 1,7 млрд теңге бөлінді. Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары 800-ге жуық ғылыми жабдық сатып алды. 2021 жылы жабдықтарды жаңарту үлесі – 13,7% - ды құрады.Ғылыми орталықтардың 25,8% - ында олардың жұмысы мен жүргізілетін зерттеулердің тиімділігі мен нәтижелілігі тұрғысынан аудит жүргізілді.Ғылыми және жарияланымдық қызмет нәтижелері бойынша «Scimago Institutions rankings» халықаралық рейтингіне 8 қазақстандық ҒЗИ мен ЖОО кірді», - деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, әлемдік деңгейде индекстелетін ғылыми журналдардағы мақалалардың жалпы саны бойынша InCites елдік рейтингісінде Қазақстан позициясының 2021 жылы 75-орыннан 73-орынға өскен.
Ғылымға мемлекет қаражат бөліп, қолдамаса, оның тасы өрге шаппайтыны белгілі. Бүгінгі таңда «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша 129 жобаны коммерцияландырып жатыр. Биыл ҒҒТҚН коммерцияландыру бойынша жаңа конкурс жариялады. 2021 жылы коммерцияландырылған жобалардың үлесі - 26,2% - ды құрады.
Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында және ДЭФ ЖБИ рейтингінде Қазақстан позициясының 70-орынға өсуін қамтамасыз ету үшін ғылым саласындағы заңнама жетілдіріліп жатыр.
Соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 62%-ға өскен. Бұрын конкурстар үш жылда бір рет өткізілсе, енді жыл сайын өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар, алдағы кезеңге 2023-2025 жылдарға ғылымды қаржыландырудың көлемін үш есе үлкейту мәселесін Қаржы министрлігі де пысықтап жатқан көрінеді.
Аталған шараларды іске асыру үшін мегагранттарға жаңа конкурстар жарияланады. Ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне аккредитациялық талаптар күшейтілген. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі бізге арналған. Аталған тұжырымдама мен ұлттық жобада көрсетілген көрсеткіштерге жетпей, қазақ елі ғылыми жетістіктерімен әлі де мақтана алмайтыны анық. Айтқанымыздай, әзірге қазақстандық ғылымның шарықтау шегі мен жеңісі пандемия кезінде ғалымдардың ойлап тапқан вакцинасы. Одан кейін әлемге паш ететіндей жаңалық, өнертапқыштық жүйе есімізде жоқ. Сондықтан да Үкәмет бұл салаға қыруар қаржы бөліп, әліптің артын бапқпақшы. Мәселен, ұлттық жобадағы ғылым блогын жүзеге асыратын адамдар санын 21 мыңнан 34 мыңңға арттырудың өзі экономикаға айтарлықтай септігін тигізеді. Ұлттық жоба бойынша жалпы ғылым саласын қаржыландыру 832,9 млрд теңгені құрайды. Бұл бөлінген қаражат нәтиже көрсете ме жоқ па, бұл уақыттың еншісінде. Жаңа Қазақстан ғылымды жаңа деңгейге шығара ала ма? Оған жауапты көп жылдан кейін алатынымыз анық.
Марья Айдарбаева