Алматыда жер үй тұрғындары ірі өзендерді кәріз суымен ластап келген

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ, өзен арналары тұрмыстық қалдықтармен де ластаған

Алматы тұрғындары кәріз суын қаладағы өзендерге ағызып келген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Қала арқылы өтіп жатқан үлкен 4 өзеннен алынған су сынамаларының нәтижелері көңіл көншітпейді.

Тексеріс жүргізген прокуратура жекеменшік үй иелеріне 40-тан астам әкімшілік хаттама толтырған. Лас суды өзенге тек жеке үйдің иелері ғана емес, дәмхана мен мейрамхана қожайындары да жасырын ағызып отырған.

«Медеу ауданында – 2, Алатау және Түрксіб аудандарының әрқайсысында 6 тұрғын үйден лас суды өзендерге ағызу оқиғалары тіркелді. "Үлкен Алматы", "Ащыбұлақ", "Қарғалы" және "Тереңқара" суынан алынған сынамалар бойынша жүргізілген микробиологиялық және санитарлық-химиялық зерттеулер, су құрамының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сай келмейтінін көрсетті», - деп мәлімдеді Алматы қалалық прокуратурасының өкілдері.

Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, өзенге жақын тұратын тұрғындар суға тұрмыстық қалдықтарды да жиі тастайды екен. Тіпті, Іле-Алатау мемлекеттік табиғи паркінің аумағын ластау фактілері да жиілеген. Ал, тау бөктерінде орналасқан екі мейрамхананың қалдық суы жасырын жүргізілген құбыр арқылы «Үлкен Алматы» өзеніне құйылып келіпті.

«Қадағалау органының бастамасы бойынша Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы, Экология департаменті, Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Жасыл экономика басқармасының экология бөлімі, Жергілікті полиция қызметі мамандарынан тұратын арнайы топ құрылып, тексеру жүргізіп жатыр», - деді қалалық прокуратура қызметкерлері.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы