Алматы әкімі үйі «қызыл сызыққа» шығып кеткен тұрғындардың проблемасын шешуге уәде берді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған проблема қалаға кейін қосылған шағынаудандарда жиі кездеседі

Бақытжан Сағынтаевтың есептік кездесуіне келген тұрғындар «қызыл сызық» мәселесінің әліге дейін шешілмей жатқанын айтып шағымданды. Әсіресе, Алатау ауданында үйіне құжат жасата алмай жүргендер көп екен.

«Бұрын біз облысқа қарайтынбыз. Ол кезде «қызыл сызықпен» проблема болған жоқ. Қалаға қосылғаннан кейін жеріміздің «қызыл сызыққа» шығып кеткенін айтып, құжаттарымызды ала алмай келеміз», - деді Дәурен Рахметов есімді тұрғын.

Сағынтаев болса дәл мұндай проблема тек Алатауда ғана емес, өзге де аудандарда көп екенін мойындап отыр. Қалада жалпы саны 500-ден астам жер үйдің ауласы «қызыл сызықтың» үстіне шығып кеткен.

«Бұл проблема Алматының бірнеше ауданында бар. Негізі ол «қызыл сызықтың» үстімен көше өтуі керек. Бірақ, үйлер салынып кеткен. Егер қазір құжаттарыңызды заңдастырып берсек, көше құрылысына қажетті жерді қайта сатып алуымыз керек болады. Сондықтан қазір мамандар сіздерге құжаттарыңызды бермей отыр. Ертең «қызыл сызықтың» бойындағы жерлерді қайта аламыз десек, үлкен шу боларын біліп отырмыз. Сондықтан, проблеманы оң шешуге тырысамыз», - деді Б.Сағынтаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы