Туберкулез, мерез, битшеңдік: аймақтарда адамдар жиі шалдығатын ауру түрлері аталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ал Қызылорда облысының халқы диареямен жиі ауырады

Статистика комитеті Қазақстанда 2019 жылы ең жиі таралған жұқпалы аурулардың тізімін жасады.

«Ең көп таралған ауру  жоғары тыныс жолдарының өткір жұқпасы – 539.228 жағдай, функционалдық диарея – 12.382, тыныс органдарының туберкулезі – 8.438, желшешек – 41.841, тұмау – 2.213, қышыма – 669, қызылша - 576 және көкжөтел – 147», - делінген ресми хабарламада.

Мәліметтерге сүйенсек, былтыр Сібір жарасы кеселі 12 рет  тіркелген. Сондай-ақ, статистер аймақтарда тұрғындардың қандай ауруға жиі шалдығатынын анықтаған.

«Өңірлерде  тіркелген аурулар саны бойынша ең көп таралғаны: Қызылорда облысында функционалдық диарея (4450 жағдай), Нұр-Сұлтан қаласында тұмау (232 жағдай), бактериялық ішек жұқпалары (1189 жағдай), Алматы облысында тыныс органдарының туберкулезі (889 жағдай) және мерез (412 жағдай), Шығыс Қазақстан облысында ротавирустық энтерит (187 жағдай), Маңғыстау облысында битшеңдік (243 жағдай) анықталды», - делінген статистика комитетінің талдауында.