$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2020, 12:35
Қоғам

СҚО әкімдігі мектеп құрылысын тоқтатып тастады: шенеуніктер екі сөйлеп отыр

Облыстық Құрылыс басқармасы мектеп құрылысының тоқтатылуына қатысты мердігер компания мен журналистерге екі түрлі ақпарат берген

СҚО әкімдігі мектеп құрылысын тоқтатып тастады: шенеуніктер екі сөйлеп отыр

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы тоқтады. Жауапты мекемелер оның нақты себебін әр түрлі етіп айтқан. Мәселенің мән-жайын Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрген еді.

Халық арасында «Санта-Барбара» атанып кеткен шағынауданда ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Балалар ауыл орталығындағы мектептерге қатынап оқиды. Оларды тасымалдайтын 2 автобус бар. Бірақ, оқушылардың кейбірі көлікке сыймай, мектепке жаяу немесе таксимен қатынайды. Мектеп пен «Санта-Барбара» арасы жаяу жүргіншіге 1 сағаттық жол.

«Таңертең күнде жұмысқа бара жатқанда ата-аналар балаларын жылатып, орталыққа шанамен сүйреп әкетіп жатқанын көремін. Кішкентайларды аяймын. Одан басқа шара жоқ. Оқушылар мектепке жету үшін 7-де үйлерінен шығады. Егер ауылда мектеп болса, жұмыс орындары да болар еді. Қазір біздегі мұғалімдер Петропавлға барып жұмыс істейді. Шағын орталық ашылса да, ата-аналарға жақсы болар еді», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Нұрмұхамбет Есман.

Бескөлдіктердің айтуынша, желтоқсан айында мектептің іргетасы қаланған. Бірақ, ауыл тұрғындарының қуанышы көпке бармады. Осыдан бір апта бұрын құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Мердігер компания – «Зерттеу СК». Өндірістік техникалық бөлімнің жетекшісі Лариса Павлованың айтуынша, жұмыстың тоқтап қалуына СҚО әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин жолдаған ресми хат себеп болған.

«Біз тек орындаушымыз. Тапсырыс берушінің талабы бойынша құрылыс тоқтады. Бұдан басқа түк айта алмаймын», - деп құрылыс компаниясының өкілі әкімдік жолдаған құжатты қолымызға ұстатты.

Құжатта мектептің салынып жатқан орны ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырындағы қаулысына сәйкес келмейтіні айтылған. Яғни нысанның орналасқан жері әуе көліктерінің ұшу қауіпсіздігінің талаптарына қайшы.

«Құрылыс тоқтатылды. Аудан әкімдігі ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Мектептің төбесінен ұшақ өтеді. Сондықтан бұл жерге ештеңе салуға болмайтындығын естіп жатырмыз. Ұшақ біздің үйдің дәл төбесінен өтеді. Ол бізге қауіп төндірмей ме? Үйлерді, мектепті салуға рұқсат бергенде жауапты мекемелер қайда қараған», - дейді зейнеткер Күлзиям Сәрсенбаева.

Ал, облыстық әкімдік мектеп құрылысының тоқтатылу себебін мердігер компанияға басқаша түсіндіргенімен, бізге өзге ақпарат берді, яғни ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне байланысты емес дейді.

«Мектептің құрылысы қаржыландыру болмай жатқандықтан тоқтап қалды. Наурыз айында қайта жалғасады. Оған ұшақтардың еш қатысы жоқ», - дейді СҚО әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жетекшісінің орынбасары Владислав Лукин.

Тапсырыс беруші мен орындаушының сөзі бір-біріне сәйкес келмеді. Мектеп жоспарға сай 2020 жылдың 1 тамызында ашылуы керек. Алайда, мына қарқынмен құрылысшылар жаңа оқу маусымына дейін де үлгермеуі мүмкін.

«Аталған шағын ауданда тұратын балаларды орта біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы мектеп салу ұйғарылды. Жобаның құны 900 миллион теңге. Өткен жылы 90 миллион теңге бөлінді. Оған қажетті материалдар сатып алынды. «В» блогының төменгі қабатында құрылыс жүріп жатқан болатын. Биыл 300 миллион теңге тағы бөлінді. Бұл әзірге іргетас пен бірінші қабатқа жетеді. Жұмыс жоспардағыдан алда келеді. Наурыз айында тағы да қаржы бөлінеді. Нысанды қыркүйек айында ашуды жоспарлап отырмыз. Мердігер құрылыс жұмыстарын әзірге өз қаражатына жүргізіп жатыр», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жетекшісінің орынбасары Владислав Лукин.

Мектеп құрылысы Петропавл халықаралық әуежайының талабы бойынша тоқтап қалған. Өйткені мектеп салынып жатқан аумақ ұшу-қону алаңына 4 шақырым қашықтықта болуы шарт. 

«Бескөл ауылында мектеп құрылысы басталды. Олар бізге рұқсат алу үшін хат жолдады. Біз ол құжатты қарап жатырмыз. 2-3 күнде сараптама дайын болады. Нысан ұшу жолағынан 3 943 метрде тұр. 60 метр жетпегендіктен, сараптама жасалады. Әуежайға жақын маңда нысан салынатын болса, Үкімет қаулысына сай, олар бізден рұқсат алуы керек. Бұның барлығы қауіпсіздік шаралары мақсатында жасалады. Олардың рұқсатнаманы бұған дейін не себепті алмағанын айта алмаймын. Мектеп ұшу-қону жолағының шетінде тұрғандықтан, кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Қосымша маяк орнату қажеттілігі туындауы мүмкін. Оның барлығын сараптама көрсетеді», - дейді «Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының директоры Марат Хасенов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары