Аймағамбетов Қызылордадағы мұғалімдерді жұмысқа салу жағдайы тексерілетінін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Министр мұғалімдерді оларға тән емес жұмыстарға тарту заң бұзу екенін еске салды 

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мұғалімдерді олардың қызметіне тән емес жұмыстарға тарту жағдайлары туралы айтты деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

«Мысалы, Қызылорда облысы бойынша бірде-бір шағым келіп түспеген. Заңнаманы бұзғаны үшін бірде-бір тиісті тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл Қызылорда облысында ешқандай заңбұзушылықтың болмағананын көрсетпейді, әрине. Мүмкін, Қызылорда облысында бұл жұмыс жеткілікті деңгейде атқарылмай отырған шығар. Осы жақында ғана Қызылорда облысында мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тарту бойынша ақпарат болды. Оны тексеру керек. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Егер ештеңе болмаса, жоқ жерден ешкім ешкімге пәле жаппайды. Сұрақтар болса, оның негізі де бар», - деді Аймағамбетов. 

Министр атап өткендей, Мемлекет басшысы 2019 жылы мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы тапсырма берген. 

«Ол тапсырма аясында біз «Педагог мәртебесі» туралы заңды қабылдадық. Ол заңда тиісті құзыреттілік беріліп, мұғалімдердің толтыратын арнайы құжаттарын да бекіттік. Мұғалім күніне екі құжатты ғана толтыруы керек. Ол – электронды журнал және оқу жоспары. Басқа ешқандай қосымша құжат болмауы керек. Бізде заңнамада қарастырылмаған құжаттарды талап етеді. Бұдан артық құжаттарды сұрау - заң бұзу. Оған жауапкершілік те бар», - деді министр. 

Еске салсақ, 28 қыркүйекте Қызылорда қаласындағы білім ошақтарының директорлары мен ұстаздары сабақ уақыттарында көше тазалап жүргені туралы ақпарат әлеуметтік желіде таралды. 

Бұл мәселеге қатысты Қызылорда қалалық білім бөлімінің мамандары педагогтер сенбілікке жұмылдырылмады деп жауап берген. 

«Бүгінгі күні Қызылорда қаласы бойынша тазалық айлығы өтіп жатыр, аталған шараларға педагогтер жұмылдырылмаған. Бұл мәселе тұрақты түрде бақылауда болады»,- деген еді олар.