Салмағы 500 грамм баланы «адам» қылу құны - 37 мың теңге

Автор: Azattyq Rýhy

Мұнда сәбилердің «іңгәлаған» дауысы емес, реанимациядағы аппараттардың тоқтаусыз дыбысы ғана естіледі

Бір ыдысқа  үлкен ас қасықпен 23 қасық ұн өлшеп алсаңыз, ары кетсе, екі жапырақ нан пісетін ұн иленеді. 23 қасық ұн дегеніміз 450-460 грамм шамасында салмақ береді. «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығындағы жаңа туған сәбилерді реанимациялау және интенсивті терапиядан өткізу бөлімі туғандағы салмағы небары 23 қасық ұнға тең құйтақандай сәбилерді аман сақтап қалады.

«Қазір ол бала алты жаста, есімі Үміт. Бізге келіп тұрады.  Анасы екеуі  осындағы аналарға ерік-жігер беріп тұрады», - дейді ол сәбиді еске алған бөлім меңгерушісі Ботакөз Әбентаева.

Үміт сияқты ерте туған балаларды бөлімнің дәрігерлері осындай жабық төсекпен «қарсы алады». Салмағы бір келіге де жетпейтін шақалақ жан-жағындағы вирусқа, қоршаған ортаның ыстық пен суығына өте төзімсіз келетіні белгілі. Бөлім меңгерушісі Ботакөз Әбентаеваның айтуынша, әйел ерте босанып қалады деп болжау қиын, бірақ, «уақытынан бұрын босануға әкеп соғатын бірқатар факторлардың алдын алуға болады».

«Ана мен бала орталығына өте ауыр экстрагенитальды патологиялық аурулары бар, акушерлік анемнезі өте нашар, жоспарлы түрде бала көтеруі керек әйелдер келеді. Көп отбасы кез келген жүктілік әйел организмі үшін кәдімгі стресс екенін, егер әйелдің денсаулығында туа біткен немесе қант диабеті, онкологиялық аурулар сияқты  жүре пайда болған аурулар бар болса, жүктілікті мұқият жоспарлау керек екенін түсінбейді. Бұл әрине өкінішті. Бірақ, біз зайырлы, демократиялы ел болғандықтан, жүктілікті үз деп ұсына аламыз, тек қинай алмаймыз», - дейді.

Реанимациялау және интенсивті терапиядан өткізу бөлімі 12 орынға арналған. Мұнда 22 аптасында туып қалған, салмағы 500 грамнан басталатын және айы-күні жетіп туса да, денсаулығында өте қауіпті ақаулары бар балалар жатады. Бөлімге жылына 400-450 бала түседі, тірі қалатын сәбилердің үлесі – 96,8 пайыз.

Ботакөз Әбентаева қол астындағы мамандармен бірге балаларды тексеріп жүр. Шала туған сәбилер жаялыққа оралып, түбіт киіммен жатады.

Аналардың көбі сәбиінің түрін көрсетуге, тіпті, жақыннан суретке түсіруге қарсы болды. Тек мына кіп-кішкентай «табанның» анасы ғана  сәбиін жақыннан көруге, оның қол-аяғын болсын суретке түсіруге рұқсат етті.

«Қолыңды бере ғой, кіп-кішкентай құлыншағым. Ояндың ба, қалың қалай?». Дәрігер әр баламен осылай ұзақ сөйлеседі, олардың қолынан сүйіп, еркелетіп кетеді

«Олар өте кішкентай, өте сүйкімді. Көзін ашса, қолын қимылдатса да, анасының сүтін өздігінен іше бастаса, өздігінен демала бастаса, қатты қуанамыз», - дейді дәрігер.

Баласының төсегінің басына қасиетті Құран-Кәрімнің сүрелерін, тілектерін, әңгімелерін қағазға түсіріп, ойыншық  іліп қоятын аналар да бар екен.

Суретте: Шала туған баланың күтіміндегі басты атрибуттың бірі – түбік киім

Ботакөз Әбентаеваның айтуынша, осы бөлімде жатқан шала туған сәбилердің барлығы түбіттен тоқылған жейде, тымақ, қолғап, шұлық киеді.

«Түбіт киімдері «28 питель» атты клуб мүшелері тоқып береді. Олардың арасында әйелдер де, ерлер де бар, түрмеге түскен әйелдер тоқып беріп жібереді. Түбіт баланың денесін қышытып, терең ұйқыға кетірмейді, ең бастысы өте әлсіз баланың бойын жылы ұстайды», - дейді дәрігер

Бұл бөлімде анасы қайтыс болған шақалақ та жатыр. Бірақ оны суретке түсіруге рұқсат бермеді. «Анасы жоқ қой, бұл балаға енді кім қарайды?» деп сұрақ қоя бастаған маған дәрігер зекіп тастады. «Тыныш ол бәрін естиді, ол әлі-ақ жігіт болады, оның өмірі алда, болашағы жарқын...». Дәрігер мен сәбидің үнсіз диалогын үзуге дәтіміз шыдамады. Ауыр күрсінген Ботакөз Әбентаева бізді реанимация бөлімінен алып шығып, кабинетіне қарай шақырды.

Суретте: Жаңа туған сәбилерді реанимациялау және интенсивті терапиядан өткізу бөлімінің меңгерушісі, неонатолог дәрігер Ботакөз Әбентаева

Сұхбат таңғы сағат 10.30 шамасында жүріп жатқанмен, яғни, жұмыс күні енді басталса да дәрігердің қатты шаршап тұрғанын байқау қиын емес еді. Оның айтуынша, сол күні таңертең тоғызда туа біткен жүрек ақауы бар сәби түскен.

«Кардиологтар жүрегіне операция жасайын десе, тіпті, ине өткізетін тері жоқ, ал баланың жағдайы өте ауыр», - деді шаршауының себебін сұрағанда ол.

Жалпы, Ботакөз Әбентаева уақытынан бұрын туған баланы күту – өте қиын жұмыс екені айтпаса да түсінікті дейді.

«Кәсібилігінен басқа, мұндай бөлімшеде яғни, неонатолог бөлімшесінде жүрегі кең, төзімі темірдей адамдар ғана жұмыс істей алады деп ойлаймын», - дейді ол.

Бұл бөлімде 11 дәрігер, 26 мейірбике, 4 санитар тазалықшы бар. Осы қырықшақты қызметкер шала туған сәбилерді тәулік бойы бақылауда ұстайды.

Сурет: Бөлім меңгерушісі ерте туған балаларға қанда күтім жасалатыны туралы айтып жатыр

«Шақалақ балалардың өмірі үшін күресудің құны қанша?» деп сұрадық дәрігерден. Осы  сәттегі дәрігердің түрін, эмоциясын суретке түсіріп үлгергенде, сұрағымыздың жауабын термей-ақ та қоюға болар еді. Ботакөз Әбентаева «не жыларымды, не күлерімді білмеймін» деген мұңлы әрі аздап ашулы қалыпта жауап берді.

«Жұмысқа енді кіріскен дәрігер 37 мың теңе жалақы алады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, дәрігерлердің жалақысы өседі деді ғой, енді көбейетін шығар. Егер жалақыға қосылатын әртүрлі үстемақыларды есептесе, қолына 60-70 мың теңге түседі. Ал, егер екі ауысымда, демалыссыз жұмыс істесе, 100 мың теңгеден асатын жалақы алады», - дейді ол.

Ботакөз Әбентаева жалақысы күлкілі, бірақ жұмысы өте жауапты дәрігерлерді әлеуметтік желіде сынап, тіпті, оларды сотқа беретін қоғамға деген назын білдірді.

«Мәселен, үйіңізге сантехник немесе электрик шақырдыңыз делік. Олар сынған құбырды жөндеу үшін бірнеше деталь сатып әкел деп тапсырса, үндемей соны сатып әкелеміз. Әйтпесе, үйімізді су басады деп қорқамыз. Ал дәрігер жыл сайын тегін скринингтен өтіп, УЗИ, ренгент жасап кел десе, неге бармаймыз? Ең сорақысы, ауырып келген адамды анализге жіберіп, осы аппараттардан өтіп келу керектігін айтсақ, бізді түк білмейтін, қауқарсыз дәрігер деп ойлайды. Бірақ ол суреттерсіз біз диагноз қоя алмаймыз ғой. Сосын бірнәрсе болса, дәрігер кінәлі дейді.

Бірақ, Қазақстан Республикасының Конституциясында әрбір адам өзінің және отбасының денсаулығына өзі жауапты деп анық жазылған. Дәрігерді сынап, кінә тағатын адам ең құрығанда екі сағатқа келіп, қабылдау бөлімінде жұмыс істеп көрсін. Ауыр халде түскен баланы қабылдап, оны құтқару үшін дәрігерлер реанимацияда қалай жанталасатынын көрсе, кейін интенсивті терапияда неше күн тер төгетінін білсе, есіктің артында алаңдап тұрған ата-анасына жұбату сөз тапса, ең қиыны, өмірінің алғашқы сәтінде аппаратқа жеткенше шыдай алмаған сәбидің әке-шешесіне «балаңыз өлді» деп айта алса, басқаша ойда болар еді деп ойлаймын»,- дейді ол.

Суретте: Екі ай осы бөлімде жатып, салмағы 2 келіден асқан Айым Дәулетбайқызы

Осы сөздерді айтқан Ботакөз Әбентаева бізді реанимациядан интенсивті терапия бөліміне шығарып салды. 500-600 грамм салмақпен туып, салмағы 2 келіден асқанда балалар осы бөлімге ауысады. Бөлімдегі Сымбат есімді медбике аналардың арасынан бір келіншекті «көндіріп», баласын суретке түсіруге рұқсат сұрап берді.

«Бұл – Айым Дәулетбайқызы. 2019 жылдың 26 желтоқсанында туған. Бізде жатқанына елу күннен асты. Ұзақ уақыт кислородпен демалды, оның үстіне, уақытына ерте туған балалардың көбінде көз аурулары жиі кездеседі. Қазір өзі демалады, көзіне операция жасалды. Қазір салмағы екі келіден асты. Үйіне шығуға дайындап жатырмыз», - дейді бөлімше ішіндегі неонатология секторының медбикесі Сымбат Құлмағамбетова.

Айымның анасы он сегіз жыл күткен қызын отыз аптасына да жетпей ерте босанып қалған. Себебі – қан қысымы қатты көтерілген. Дәрігерлер баланың өміріне қауіп төнген соң, анасына операция жасап, ерте босандырған.

«...Елу күннен асты, осында жатырмыз. Шаршаймын, жылаймын, бірақ, жанымнан осы қыздар табылады. Күндіз барсам да, түн ортасында барсам да баламды тексеріп береді, қызметкерлерге алғысым шексіз», - дейді Айымның анасы.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан