$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында мектеп оқушыларының ыстық тамағына бір тоқсан бойы қаражат бөлінбеген

Жеке кәсіпкерлердің арызынан кейін білім бөлімінің қызметкерлері жұмысынан кетті

Алматы облысында мектеп оқушыларының ыстық тамағына бір тоқсан бойы қаражат бөлінбеген
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматы облысында мектеп оқушыларының ыстық тамағына қаражат уақытылы берілмеген. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан тамақ ішетін оқушыларды өз қаражатына асырауға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бірінші тоқсан аяқталса да Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі балалардың ыстық тамағына жұмсалуы тиіс қаражатты екі ай бойы төлемеген. Ауданда әлеуметтік жағдайы нашар немесе көпбалалы отбасынан шыққан 8 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылуы тиіс болатын. Аудандағы 65 мектептің асханасында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер тиісті қаражат бөлінбесе екінші тоқсанда балаларды тегін тамақтандыруға жағдайы жетпейтінін айтып отыр.

«Біз екі ай бойы 300 оқушыны күнделікті өз қаражатымызға тамақтандырдық. Мемлекеттен бөлінген ақшаны алып, оған азық-түлік әкеліп, асханада балаларға ыстық тамақ дайындап беруіміз керек. Бірақ міне екінші тоқсан басталуға жақын қалды, ақшадан хабар жоқ, сұрасақ дұрыс жауап жоқ. Аудан кешіктіріп жатыр», - деді Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкерлері.

Аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары соңғы кезде сыннан арылмады. Жауапты мекеме оқушылардың ыстық тамағына көңіл бөлмеген, деп санайды кәсіпкерлер. Олардың айтуынша Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінде бұл салаға тікелей жауапты маманның бірі – Гүлнәр Қалқаева. Ал құзырлы мекеме балалардың ыстық тамағына дер кезінде қаражаттың аударылмауын облыстың екіге бөлінуімен байланыстырады. Қажетті қаражат мемлекеттен мезгілінде бөлінгенмен, есепшот жабылып, қыркүйектің соңында ғана ашылған, дейді олар. Одан бері 1,5 ай өтсе де аудандағы жауаптылар қимылдамаған.

«Осы аптада тиісті қаражатты аударуды бастадық. Жұмыста күні-түні отырсам да бәріне тиесілі соманы аударамын. Бір аптаның ішінде қыркүйек айының ақысын жіберіп, одан кейін қазан айының құжаттарын реттеуге кірісеміз. Он бес шақты мектептің асханасына қатысты құжаттарды реттеп, ақысын аудардым», - деді жауапты маман Гүлнәр Қалқаева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘРЕКЕТІНЕН ӘБДЕН МЕЗІ БОЛҒАН КӘСІПКЕРЛЕР «AMANAT» ПАРТИЯСЫНАН АРАША СҰРАДЫ

Аудандық білім бөлімі оқу жылы басталмай жатып дау-дамайдың астында қалды. Білім бөліміндегі төрт бірдей лауазымды басшы кәсіпкерлердің арызынан соң осы аптаның басында  қызметінен кетті. Еңбекшіқазақ ауданында жеке кәсіпкерлер білім бөлімінің әрекетіне қарсы шығып, тендердің кемшін тұстарын жариялаған еді. Енді білім бөлімінде туындаған дауға қатысты құжаттарды аудит тексермек. Өйткені, 300 миллион теңгеден астам қаражаттың тендеріне қатысты құжаттарды іріктеуде комиссияның құрамына тек бір адамға бағынышты басшылар ғана қатысқаны анықталды.

«Білім бөлімінің басшысы Бәтес Маратқызы, бас есепші, бас маман өз еріктерімен қызметтерінен кетті. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы да жұмысын ауыстырды. Олардың бәрі комиссия құрамында болғандар. Аталған арыздардың негізінде ауданға енді тексеріс келмек. Тендерге қатысты дауға менің еш қатысым жоқ. Ол бұрынғы басшылардың тұсында болған жағдай. Ал мен мұнда тек қазан айында ғана келдім. Мектеп асханаларын жалға алушылар жұмысын жалғастыра береді, олармен келісімшартты тағы созамыз. Ал тендердің қайтадан қашан өтетіні немесе өтпейтіні тексерістің нәтижесінен кейін белгілі болады. Бұл лауазымда мен де көп отырмаймын, уақытша келдім, облысқа кетемін», - деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айнагүл Мұқанқызы.

Серіктес жаңалықтары