Алматы облысында білім бөлімінің әрекетінен әбден мезі болған кәсіпкерлер «AMANAT» партиясынан араша сұрады
Алматы облысында білім бөлімінің шешіміне бір топ кәсіпкер қарсы шықты
Алматы облысында оқушылардың ыстық тамағына қатысты тартыс тоқтар емес. Жүздеген миллион теңгенің тендеріне қатысты комиссияның қорытындысына 10-нан астам кәсіпкер қарсы шықты. Кәсіпкерлердің айтуынша Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі 300 миллион теңгеден астам ақшаның жеңімпаздарын анықтайтын комиссияның отырысына сырттан ешбір бақылау ұйымын қатыстырмаған. Ал комиссияның құрамына білім бөлімінің басшысы, бас есепші мен оның орынбасары, экономист және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы қатысып, шешім қабылдағанын алға тартты. Кәсіпкерлер білім бөлімі тендерге қатысқан шағын бизнес өкілдерінен түскен құжаттарға өз қалауы бойынша балл қойғанын айтып, шағымданды. Сөз арасында салықтық көрсеткіші мүлдем жоқ, асханада балаларға тамақ дайындауда тәжірибе жинамаған, жалған құжатпен тендерге қатысқан компаниялар бірден 20 шақты мектептің жеңімпазы болып шыға келгенін де қозғап өтті. Салдарынан мектеп асханасына өздері күрделі жөндеу жұмысын жасап, қомақты қаржыға қымбат қондырғылар алған, өз есебінен оқушыларды тегін тамақтандырып келе жатқан шағын кәсіп иелері енді далада қалмақ.
Мира Сәрсенбайқызы анасымен бірге аудандағы үш мектептің асханасын жалға алған. Ширек ғасырдан астам тәжірибесі бар кәсіпкерге соңғы кездері қысым күшейген.
«15 шақты кәсіпкер Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінде болған заңсыздықтан зардап шегіп отырмыз. Білім бөлімі облысқа жіберген компаниялардың құжаттары дұрыс емес, қате болса да қабылдай салған. Мәселен, тендерді ұтқан бір ғана ЖК (жеке кәсіпкерлік) «Бинсервистің» мүлдем құжаты көрінбейді, салықтық көрсектіші нөл. Білім бөлімінде комиссия да дұрыс құрылмаған. Білім бөлімінің басшысы сол жерде жұмыс істейтін 6 адамды комиссияның құрамына бекіткен. Сырттан бақылаушы ретінде бірде бір қоғамдық ұйымның немесе мемлекеттік органдардың өкілдерін, тіптен жетекші партиялардың да мамандарын қатыстырмаған.
Комиссия мүшелерінің бәрі бір бөлімде жұмыс істейді, өз ішінен комиссия құрып, өздері таңдаған адамдардың ұтуына жағдай жасаған. Құжаттарды порталға өтірік салған. Ауданмен жақсы байланысы бар адамдар бізге қысым көрсетіп, аспазшыларымызға үгіт-насихат жүргізуді бастады. Қолында ешқандай келісімшарты жоқ болса да бізді қуып шығатынына сенімді. Бізге орнымызды босатыңдар деп жатыр», - деді жеке кәсіпкердің бірі Мира Бақаева.
Аудандық білім бөлімі 65 мектептің асханасын жалға беру үшін құжат жинаған. 55 кәсіпкерден өтініш түскен. Көбі бұл мектептерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатса да биыл аяқ астынан білім бөлімінің «талабынан» шықпай қалған. Тендер облыста өткізілгенмен, оған қатысатын кәсіпкерлерге қажетті балл мен бағаны аудандық білім бөліміндегі мамандар қояды. Даудың шығуына да осы бөлімдегі мамандардың бағалауы себепкер болған.
«Комиссия кімге қандай балл қоятынын өздері шешкен. Тіптен құжаттары толық болмаса да жаңадан, сырттан қатысып жатқан кәсіп иелеріне ең жоғарғы 22 баллды қойған. Ал өздерінің айтағына жүрмейтін біз сияқты кәсіпкерлерден бас тартқан. Барып тұрған заңсыздық. Мәселен, 1200 оқушы білім алатын Қонаев атындағы орта мектепте 185 бала тегін тамақтанады деп көрсеткен. Бірақ іс жүзінде ол жерде 54 оқушы ғана ыстық тамақпен қамтылған. Сол сияқты Шорманов атындағы орта мектепте қазір 94 бала тегін тамақ ішеді, бірақ оны 200 оқушы бюджет есебінен тегін тамақтанады деп жалған мәліметпен жіберген.
Мұның астарында жемқорлық, мемлекеттің ақшасын жалған мәліметпен көрсету арқылы артығымен алып, талан-таражға салу жатыр. Білім бөлімі кімнің қандай жағдайда жеңетінін біліп, мәселені өзара шешкен, таза жемқорлық жатыр деп ойлаймын. Тағы бір келіспейтін мәселе, тендерді ұтқан соң мәзір өзгертілмейді делінген. Сонда үш жыл бойы оқушыларға тек ботқа мен тауық сорпасы ғана беріледі. Бұдан бала жалығады. Тәжірибелі, салықты тұрақты төлеген, дипломы бар кәсіби аспазшылары болса да білім бөліміндегілердің «ұсынысымен» келіспеген кәсіпкерлер жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылып отыр», - деді Садыхан Сейтбекова.
Тек Еңбекшіқазақ ауданында 8 мыңнан астам оқушы тегін тамақ ішеді. Бюджеттен қарастырылған қаржының көлемі 300 миллион теңгеден асады. Кәсіпкерлер асхананы жалға алушы ретінде 30-дан 60 оқушыға дейінгі аралықта өз қаражаты есебінен тағы тегін тамақ береді. Айтуларынша кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп отырған бір мектептен айырылып қалса, кейбір адамдар бірден 10-15 мектепте жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болған. Аудандық білім бөлімінің бұл әрекетіне шағымданған кәсіпкерлер «AMANAT» партиясынан араша сұрады. Облысқа тек Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ғана 168 шағым түскен, дейді кәсіпкерлер.
«Біз Президенттен, елдегі әртүрлі проблемаларға араласып, істің нақты шешім табуына көмектесетін «AMANAT» партиясынан араша сұраймыз. Жалған құжатпен тендерге қатысқан кәсіпкерлер қитұрқы әрекеті үшін екі жылға бәсекеден шеттетілуі керек. Бірақ аудан оған көз жұма қарап отыр. 2022 жылдың соңына дейін оқушылардың тамағына 303 миллион теңге бөлінген. Тегін тамақтанатын әр оқушыға қазір 450-550 теңге аралығында ай сайын ақша бөлінеді. Жаңа жылдан кейін бұл баға 750 теңгеге дейін көтерілмек. Кезінде бюджеттен мүлдем ақша бөлінбеген кезде, қаражат көлемі өте төмен болған уақытта біз әупірімдеп жұмыс істеп келдік. Енді қаражат мөлшерін арттыратын болып еді, ақшаға иелік еткісі келетіндер де күрт көбейді.
Бір мектептің оқушысы мен мұғалімдеріне тамақ дайындау оңай емес. Ал шағын ғана жеке кәсіпкерлігі бар адамның бірден 10-15 мектептің тендерін ұтып алуы ақылға қонбайды. Олар жауаптылармен ауыз жаласып, тендерден ұтқанмен, бәріне тамақ дайындап үлгермейді. Ол үшін үлкен компания, жүздеген қызметкері бар ЖШС болу керек. Сондықтан олар мектептің асханасын жалға береді. Яғни, біз сияқты тендерден қағылғандар мектепте жұмыс істей береді, есептелген балаға қажетті тегін тамақты бізге жүктейді, есесіне бізден жалға ақша алмайды. Бірақ тендерді ұтқан адам оқушының тамағына деп бюджеттен бөлінген миллиондаған теңгені қолының ұшын қимылдатпастан ай сайын қалтасына басып отырады. Жұмысты біреу істейді де, қызығын басқалар көреді», - деді аудандағы кәсіпкер Мира Сәрсенбайқызы.
Тендердегі заңсыздықтарды тізген кәсіпкерлер облысты қойып, Астанаға да барған. Бір ғана аудандық білім бөліміндегі әрекетке қатысты 170-ке жуық шағымнан кейін облыстан істі тексеру және тендерді қайта қарау туралы пәрмен түскен. Жәбірленушілер мектеп асханасында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді анықтауды білім бөлімінің қарауынан мүлдем шығару керек деп санайды. Сол кезде ғана бюджеттен түсетін теңгені бармақ басты, көз қыстымен өзара бөліске салу тоқтайды.
Azattyq Ruhy тілшісі осы оқиғаға қатысты Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшылығынан бастапқыда жауап ала алмаған. Алайда әкімдіктің пәрменінен соң ғана бір қызметкерінен жауап алудың сәті түсті.
«Санитарлық-бақылау департаменті комиссияның мүшесі ретінде қатысудан бас тартты. Партия қызметкерлерінің бізге комиссия мүшесі болып қатысуға заңдық құқығы жоқ. Сондықтан заңгеріміз, әрі бас маман Әсел Молдасбаева, білім бөлімінің басшысы Бәтес Маратқызы, бас есепші, оның орынбасары, экономист және мен қатыстым. Бәріміз бір бөлімде отырамыз. Тендерге қатысқан кәсіпкерлердің құжаттарын қарап, шешім қабылдадық. Кәсіпкерлерге маман ретінде балл, бағалауды мен өзім қойдым. Кейбіріне жоғары балл қойдым. Өз тарапымнан бұл адамдарға қатысты бас тарту болған жоқ, әркім өзінің әкелген құжатына сай лайықты балл алды.
Бізге қазір облыстағы Мемлекеттік аудит департаментінен құжаттарды уақытша тоқтатып қою туралы құжат келді. Тендерден 20 мектепті ұтып алған «Лема» компаниясымен келісімшарт жасамау туралы облыстан ұсыныс түскен. Жауабын күтіп отырмыз. Шағымға байланысты тоқтап тұр. Ауданда 8400 оқушы тегін тамақтанады, соған бөлінетін ақшаға байланысты дау туындап отыр», - деді Еңбекшіқазақ аудандық Білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманы Ақмарал Қаранаева.
Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға жақын. Десе де кәсіпкерлер оқушыларды әлі күнге өз қаражаты есебінен тамақтандырып келеді. Асханашыларға тіпті қыркүйек пен қазан айының ақшасы әлі төленбепті. Әділетсіздіктің құрбаны болдық деген кәсіпкерлер іс шешілмесе Алматыда арнайы брифинг өткізіп, Президент атына үндеу жолдамақ.