Атырауда әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды
Айтулы дата елімізде соңғы 10 жылдан бері аталып өтіледі
Атырау облысының әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай сала қызметкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2011 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің №164 Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленген.
«Сіздерді облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетіп, халық игілігіне аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз баршамызға мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға көңіл бөліп, көмекті арттыруда. Лайықты марапаттарыңызбен құттықтап, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Ж.Бисембиев.
Мерекелік шарада халықты әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбектері үшін:
«Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет» грамотасы және аталған министрліктің «Алғыс хатымен», Атырау облысы әкімінің, облыстық Мәслихат хатшысының «Алғыс хаты» сала қызметкерлеріне табысталды.