Әйелдерге арналған «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасы жалғасады – Отбасы банк
Бағдарлама бойынша ортақ отбасылық табыс шегі 320 000 теңгеден 640 000 теңгеге дейін көтерілді

Ипотека алушы қыз-келіншектердің саны соңғы 5 жылда ерлерге қарағанда артып келеді. Мұны Отбасы банкінің несиелік портфеліне қарап анық байқауға болады. Ондағы әйелдердің үлесі қарыз алушы ерлермен салыстырғанда жоғары. Мәселен, заемдар саны бойынша бұрымдылардың үлесі – 57% болса, несие сомасы мен берешек қалдығы бойынша – 53%-ға тең. Оған Отбасы банкінің Азия даму банкімен бірлесе ашқан «Ұмай» бағдарламасы да өз септігін тигізген. Соңғы бір жылдың ішінде аталмыш бағдарлама 1 мыңға жуық әйелге баспаналы болу қуынышын сыйлаған. Азия даму банкі жобаны әрі қарай қолдауға әзір екенін жеткізді, сондықтан «Ұмай» келесі жылы да жалғасын таппақ. Azattyq Ruhy тілшісі бағдарламаның шарапатын көрген салымшылардың үйіне Отбасы банк пен Азия даму банкінің өкілдерімен бірге барып, жобаның шарттарын біліп қайтты.
«Ұмай» бағдарламасымен үй алған салымшының бірі – Аруна Әубәкір. 25 жастағы жас маман математика пәнінен сабақ береді екен, әрі білімін докторантурада жалғастыруда. Қостанай облысының тумасы 2014 жылы Алматыға жоғары оқу орнына түсу үшін көшіп келген. Бұрын Университет жанындағы жатақханада, содан кейін жалдамалы пәтерде тұрған. 3 жыл бұрын әріптесінің кеңесіне құлақ асып, Отбасы банкінен депозит ашып, қаражат жинай бастапты. Соның арқасында бүгінде пәтерлі болып отырмын», – дейді өзі.
Аруна Әубәкір
«Баспаналы болғаныма 1 жылдан асты. Екінші деңгейлі банктердің барлық ипотекалық бағдарламаларын қарап шықтым. Бірақ, соңында «Ұмай» бағдарламасына тоқталдым. Небәрі 45 күн ішінде үйлі болдым.
Тұрғын үй құны 18 миллион теңге, оның ішінде 4 миллион теңге бастапқы жарнаны өзім құйдым. Ал 14 миллион теңгені банктен қарыз есебінде алдым. 13 жыл ай сайын ипотекаға 191 870 теңге төлеймін. Жалақым мен шәкіртақымды қосқанда табысым берешегімді қиналмай өтеуге жетеді.
Маған бағдарламаның шарттары ұнады. Банктердің барлығын аралап шықтым, баспанама қажетті соманы тек Отбасы банк қана мақұлдады. Алғашқы жарна төлемей, банк берген 14 миллион теңгеге де үй алуыма болар еді, бірақ мен 18 миллион теңгенің үйін көздедім. Енді қарызға алған соманың 50%-ын жинақтағаннан кейін берешегім тұрғын үй заемына ауысып, пайыздық мөлшерлеме 12-ден бірден 3,5-5 пайызға дейін түседі. Бұл мен үшін өте тиімді», - дейді «Отбасы банк» АҚ салымшысы Аруна Берікқызы.
Гендерлік теңдікті қолдауға негізделген әйелдер бағдарламасын іске асыруға Азия даму банкі Отбасы банкіне бас-аяғы 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөлмек. 2021 жылы алғашқы транш аясында, қазақстандық қыз-келіншектерге жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 заем берілді. Екінші транштың көлемі 14 млрд теңгеге тең болды. Оның аясында тағы 1123 салымшы армандаған баспанасына қол жеткізді. Аталмыш өнімге деген сұраныс әсіресе Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары арасында көбірек болған.
«Бүгін біз "Ұмай" жобасы арқылы үйлі болған салымшылармен, Азия даму банкі директорлар кеңесінің өкілдерімен кездестік. «Ұмай» жобасы былтыр Орта Азиядағы гендрлік теңдікті жетілдіруге бағытталған ең тиімді ипотекалық бағдарламалардың бірі болды. Біз қазақстандық әйелдердің әрқайсысының үйлі болғанын қалаймыз. Меніңше, экономикалық еркіндік жеке баспанаңның болуынан басталады. Азия даму банкіне «Ұмай» жобасын әрі қарай қолдауды ұсындық. Бірақ енді қаражатты мемлекет кепілдігімен емес, тікелей банкке деген сеніммен беруін айттық. Осы ретте Отбасы банкінің рейтингісі мен жалпы банктің қаржылық жағдайын негізге алса жеткілікті деп ойлаймын. Мұндай жобалар қоғам үшін өте қажет», - деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Ләззат Ибрагимова
«Отбасы банкінің атқарып жатқан жұмыстарын көріп көңілім көншіді. Банктің әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жағдайына баса назар аударатыны қуантады. Әсіресе жұмыс істейтін, үнемі алға қарай ұмытылатын әйелдерді қолдау үшін «Ұмай» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай әлеуметтік бағдарламаларды Азия даму банкі әрдайым қолдауға әзір», - деді «Азия даму банкі» АҚ Атқарушы директоры Нур Ахмед.
Айта кету керек, биылғы жылдан бастап аталмыш бағдарлама бойынша ортақ отбасылық табыс шегі 320 000 теңгеден 640 000 теңгеге дейін көтерілді.
Нур Ахмед
Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15%-дық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20%-дық алғашқы жарнамен алуға болады. Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме 13,5% (ЖТСМ - 14,5%-дан бастап) тең, кейіннен 5%-ға дейін (ЖТСМ - 5,2%-дан бастап) төмендетіледі.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға да болады.