Жетісу облысында білім бөлімі мектеп директорымен соттасып жатыр
Директордың үстінен 20-дан астам арыз түскен
Жетісу облысында білім бөлімі мектеп директорын сотқа берді. Басшылардың өзара соттасуына мектепті жылытуға бөлінген дизель отынының жоғалып кетуі себеп болған. Мемлекеттік мекеме басшылары балаларға сапалы білім берудің орнына осымен екінші жыл қатарынан бір-бірімен дауласып келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кербұлақ ауданында мектепті жылытуға берілген сұйық отын 2019 жылы Күреңбел орта мектебінде жоғалған. Сұйық отынның кем шығуы коронавирус қаптап, білім беру жүйесі жаппай қашықтан оқытуға көшкен кезбен сәйкес келеді. Облыстан арнайы комиссия шығып, тексерістің нәтижесінде кемшіліктерді анықтаған. Мектеп әкімшілігінің тек дизель отыны бойынша мемлекетке келтірген шығыны 800 мың теңгеге жуық.
«Алматы облысы бойынша тексеру комисиясы» ММ №2 данадағы аудиторлық есептің қортындысына сәйкес 2019 жылы бекітілген шектеуден 4426 литр артық шығысталған сома бюджет есебіне өндіруге жатады деп қорытынды шығарылған. Соған орай сізден 774 мың 550 теңгені бюджет есебіне өндіріп беруіңізді талап етеміз», - делінген Кербұлақ аудандық білім бөлімінің директорға жолдаған хабарламасында.
Келген шығынды өндіру бойынша Күреңбел орта мектебінің сол кездегі директоры Кәмшат Қыстаубаеваға ескертілген. Ол төрт жарым тоннаға жуық дизельді өз еркімен төлеуден бас тартқан. Екі жылға жалғасқан ерегестен соң білім бөлімі директорды сотқа берді.
«Облыстық мәслихаттың жанындағы арнайы комиссия мектептегі жетіспейтін дүниенің шығындарын анықтаған. Бірақ Кәмшат Болатханқызы оны төлеуден бас тартты. Оның әрекеттері үшін қатаң сөгіс берілді. Былтыр Қыстаубаеваны бұйрықпен жұмыстан шығардық. Алайда ол соттасып, орнына қайта келді де, екі ай жұмыссыз жүрген уақытының шығындарын төлеткізді. Кейін ротация бойынша №49 мектепке ауыстырылды. Бірақ ол бәрібір жетіспейтін дизельдің шығынын төлеуі керек. Оны облыстық экономикалық сотқа бердік. Облыстық сот Қыстаубаеваға қатысты істі Кербұлақ аудандық сотында жүргізу туралы қаулы шығардық. Сот ауданда өтеді», - деді Жетісу облысы Кербұлақ аудандық Білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейтқожаев.
Күн ыстық, желді әрі сары топырақты қатты жер болғандықтан Сарөзек кентінде жеміс ағаштары өспейді. Бірақ соған қарамастан Күреңбел мектебінің директоры бау-бақша өсіретін арнайы топ құрып, айлықты мектептің бюджетінен төлеткізген. Штатқа төрт адам алынғанмен, ешқандай бау-бақша, жеміс ағаштары өсірілмеген.
«Орта мектептің бағбан қызметіне 4 штаттық бірлік заңсыз берілгені және негізсіз төленген еңбекақыларды мемлекет пайдасына өндірту бойынша: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің тапсырмасына сәйкес мектепте тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде мектептің аумағында жеміс беру бақшасы немесе сәндік екпелердің болмағаны анықталды. Бүгінгі күні бағбандар жұмыстан босатылған. Сонымен қатар, мектеп директоры К. Қыстаубаева №105 бұйрығымен «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген Кербұлақ ауданының прокуроры А. Төребековтың жауабында.
Ал аудандық білім бөлімімен осымен екінші рет соттасып жатқан Кәмшат Қыстаубаеваның өз уәжі бар. Оның айтуынша, бұл істердің бәрі арнайы алдын ала ұйымдасқан адамдардың арызы арқылы болып жатыр.
«Маған қысым қатты болды. Кәрі әке-шешеммен тұрған соң ғана өзімді әрең ұстадым. Айналамызда суицид секілді небір оқиғалар болып жатыр. Әлі күнге дейін мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеумен жүрмін. Неге мен басқа арызқойлардың кінәсінен зардап шегуім керек? Қаншама тексеріс келді. Айдаладағы адамдардың арызы себепкер. Мен мұғалімдерден бірнәрсе талап ету үшін өзімнің ар-ожданым таза болуы керек. Аудан менің үстімнен сотқа арызданды. Дизельдің артық шығынын төле деді. Комиссия дизельді лимиттен артық қолдандың деп отыр. Менің сол кездегі акт, өзге де құжаттарым бар. Ал ол кезде қанша отынның жағылуы керек екенін білмедім, аудандағылар да таныстырмады. Мектеп жаңадан ашылған еді. Соттың алғашқы отырысы болды. Тағы да шулатып жатыр. Соттың шешімі шықсын. Менің үстімнен жиырмадан астам арыз түсті», - деді №49 мектептің директоры Кәмшат Қыстаубаева.
Еске салайық, күні кеше Кәмшат Қыстаубаева еден жуушымен соттасып, оны сотта жеңген болатын. Ар-намысыма, беделіме нұқсан келді деген директор бұрынғы жұмысшысынан енді 600 мың теңге өндіріп алмақ.