Шаруалар АШМ-ның жұмыртқа субсидиясын тоқтату туралы бастамасына қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа ережесін селекторлық кеңесте таныстырған 

Селекторлық жиын ауыл шаруашылық министрлігінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен. АШМ-ның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 

«Айдарбек Сапаров субсидиялау ережесіне енгізілетін өзгерістер саланы жаңғырту үшін және «агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасына енген өзгерістер мен толықтырулар негізінде жасалатынын» атап өткен.

Кәсіпкерлердің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі осы өзгерістер арқылы жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатпақ. Дегенмен, бұл АШМ тарапынан айтылған бастама.

«Егер министрлік бастамадан бас тартпаса, Қазақстанға шетелдік жұмыртқа енетіні анық», - дейді кәсіпкерлер.

«БЕЛАРУСЬ, РЕСЕЙ ӨНДІРУШІЛЕРІНЕН ҰТЫЛЫП ОТЫРМЫЗ»

«Ай-Құс» кәсіпорнының өкілі Тимур Қожахметовтің айтуынша, қазір Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері жұмыртқаның өзіндік бағасы бойынша Беларусь, Ресей өндірушілерінен ұтылып отыр.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда бір жұмыртқа құс фабрикаларынан 23 теңгемен сатылымға шығады. Бұл жерде – 18 теңге таза өндірістік өзіндік құн, ал, 5 теңге – әкімшілік шығынды, несие, қосымша құн салығын жабу үшін өзіндік бағаға қосылатын сома.

«Өзіндік құнның барлық деңгейі бойынша біз ішкі нарықпен қатар, сыртқы нарыққа да қатты ұтылып отырмыз. Егер осындай шешім қабылданса (жұмыртқаға субсидия тоқтатылса), екі-ақ жол қалады. Яғни, қазір біз субсидия арқылы екі мәселені шешіп отырмыз – бірінші инфляциялық саясаттты жүзеге асырамыз, өйткені, жылды жұмыртқа бағасын ұстап тұру туралы әкімдікпен арадағы меморандуммен бастаймыз. Өйткені, мемлекеттен қолдау көріп отырмыз. Ал, егер біз меморандумға қол қоймасақ, баға өсірсек, монополияға қарсы комитет тексереді. Осылайша біз екі ортада қаламыз. Біз бағаны өсіре аламыз, бірақ, баға өскен күні Ресей, Беларусь елдерінің жұмыртқасы келеді, осылайша олар жергілікті өндірушілерді нарықтан «қуып шығады», - дейді Тимур Қожахметов.

«АШМ ЕСІН ЖИЯДЫ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

«Акас» Агрофирма» ЖШС-ның өкіді Дамир Әшіғалиевтің айтуынша, республика бойынша С1 категориялы жұмыртқа субсидиясы – 7,6 млрд теңгені құрайды

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ойланады деп үміттенеміз. Республика бойынша, С1 категориялы жұмыртқаны саладағы барлық кәсіпорындарға 7,6 млрд теңге субсидия жасалады. Бұл қыруар ақша», - дейді ол.

«АҚТӨБЕ КӘСІПКЕРЛЕРІ НЕГЕ ШУ ШЫҒАРДЫ?»

Редакцияға хабарласқан дереккөз Ақтөбе облысының осы саладағы кәсіпкерлері әкімдікке келсе де селекторлық кеңеске тікелей эфир арқылы қатыса алмағандарын айтып, видеоматериал ұсынды.

Бейнежазбада көрініп тұрғандай, бірнеше адам әкімдік қызметкерінен теледидарды қосуын талап етіп жатыр. Біз әкімнің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Аманғали Бердалинге телефон соқтық. Оның айтуынша, мәселе шешілген.

«Министрлікке қайта хабарласып, селекторлық кеңеске қайта қосылды. Яғни, шаруалар вице-министрге сұрақтарының бәрін қойды. Ол жерде техникалық ақау болды, бірақ, артынша кім сұрақ қойғысы келсе, барлығының сұрағы тыңдалды», - дейді ол.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл әзірге ұсыныс және ол ұсыныс алдағы уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқыланады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан