Халық санағының ақырғы қорытындысы 2021 жылдың соңында жарияланады
2020 жылы Қазақстан бойынша жүргізілетін халық санағы 2 кезеңнен тұрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов мәлім етті.
Бірінші - дайындық кезеңі. Маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі.
Халық санағының жаңа логотипі
Екінші - негізгі кезең. Қазан айының 1-і мен 30-ы аралығында өтеді. Алғашқы 15 күнде интернет-сауалнама жүргізіледі. Онда респонденттер Интернет желісі арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын толтырады.
«Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазанда интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда, халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі», - деді комитет төрағасы.
Айдапкеловтің мәліметінше, халық санағына дайындық және өткізу үшін 8,2 млрд теңге (8 млрд 211 млн теңге) қаржы бөлінген. Бұл 2009 жылғы халық санағының бюджетімен салыстырғанда 1,7 млрд теңгеге көп. Осыдан 10 жыл бұрынғы санақ бюджеті 6,5 млрд теңгені құраған. Ол кезде бір адамға шаққандағы шығындар көлемі - 2,9 доллар болса, биыл бір адамға - 1,2 доллар жұмсалады.
Оқи отырыңыз: Халық санағын жүргізуге қажет планшеттер алуға 1 млрд теңге жұмсалады
«Бөлінген қаржының басым бөлігі (3,7 млрд теңге) 32 мың 500 интервьюердің ақысын төлеуге жұмсалады. Санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады. Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде, дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсетілген қызметтері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған. Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге - авт. ) көрсетілген қызметтері үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланған. Толық көлемде 45 күнге қызмет көрсетілген кезде, дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсетілген қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланған. Ал, 1 млрд теңгеге планшет сатып алынды. Қалған қаржы техникалық қажеттіліктерге жұмсалады», - деді Н. Айдапкелов.
Шара аяқталған соң, санақ өткізушілердің шарф, планшет пен портфельдері «Қазпошта» немесе Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу жоспарланып отыр.
«Халық санағы бойынша алғашқы есеп желтоқсанда белгілі болады. Ал, 2021 жылдың наурызында шамамен санақ қорытындысы жасалады. Соңғы әрі нақты цифрды 2021 жылдың соңында жариялаймыз»,- деді комитет төрағасы.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан