Өскеменде көппәтерлі бірнеше үй құлайын деп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада әбден ескірген үйлерде 140-тан астам отбасы тұрып жатыр

Өскеменде көппәтерлі 40-қа жуық үйдің тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбірі құлағалы тұр. Алды осыдан 70 жыл бұрын салыныпты. Басқа барар жеріміз жоқ болған соң, осы баспаналарды паналауға мәжбүрміз дейді тұрғындар. Айтуларынша, пәтер кезегі де жылжымай тұр.

Жалғызбасты ана Жансая Қасымбаева 3 бала тәрбиелеп отыр. Оның біреуі жарымжан. 6 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Қазір әкімдіктің «уақытша тұрыңдар» деп берген баспанасында тұрады.

«Жағдайды біліп отырып берген үйлері осы, уақытша тұра тұрыңдар деген. Ал мен 2-3 ай дегенде кезегімді білсем, 2 үй ғана жылжыған», - дейді үй тұрғыны Жансая Қасымбаева.

Аблакетка ықшам ауданындағы бұл үйдің тұрғындары апатты үйде күн кешудің қандай қорқынышты екенін бәрінен жақсы біледі. 60-70 жыл бұрын салынған баспаналар бүгінде қақырап әрең тұр. Жұрт жауын-шашында төбеден сорғалаған сумен алысса, қатты дауылда тіптен мазалары қашады.

Өскеменде дәл осындай әбден ескірген үйлерде 140-тан астам отбасы тұрып жатыр. Ал сала басшылары пәтер кезегі ретімен жылжып келеді дейді.

«Биыл 5 арендалық үй қолданысқа берілмек. Онда 700 пәтер бар. Яғни кезектегі сонша отбасы жалдамалы пәтер кілтін алады деген сөз», - деді қалалық «Тұрғын үй қатынасы бөлімі» ММ басшысы Фархат Жылыбаев.

Саладағы заңбұзушылықтар да кезектің жылжуына кедергі келтіріп отыр. Өткен жылы прокуратура талай былықтың бетін ашты. 600 мемлекеттік қызметкер пәтер кезегінде заңсыз тұрған. Оның үстіне жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы 10 жыл бойы пәтер кезегін жаңартып, реттеу жұмыстарын жүргізбеген болып шықты.