Луганск пен Донецктегі референдумда «бақылаушы» болып жүрген қазақстандық әйелдің Қорғаныс министрлігіне қандай қатысы бар

Автор: Azattyq Rýhy

Министрлік Қарлығаш Нұғмановаға қатысты түсінік берді

РИА Новости

Қазақстандық Қарлығаш Нұғманова есімді әйелдің ЛХР мен ДХР-де болып жатқан референдумға (Ресей Федерациясы құрамына қосылу туралы – ред.) барып, бақылаушы болып жүргені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оның Facebook-парақшасында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында жұмыс істейтіні туралы ақпарат бар.

Қ.Нұғманова әлеуметтік желіде өзін Луганск пен Донецк жерінде болып, референдумға бақылаушы ретінде қатысып жүргенін жазған. ЛХР мен ДХР-де болып жатқан референдумды Қазақстан билігі мойындамайтынын бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан болатын.

Осыған байланысты еліміздің Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

«Бірқатар әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының қызметкері Қарлығаш Нұғманованың Ресейге қосылу туралы референдумдарда бақылаушы ретінде қатысқаны жайлы мәліметтер жарияланды. Таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Себебі Қарлығаш Нұғманова 2019 жылдың 15 ақпанынан бастап аталған мекемеде жұмыс істемейді», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.