Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір құрылысы тоқтап тұрған LRT жобасына кезінде рұқсат берген қаланың экс-басшылығын тексеруді тапсырды.
«Үкімет пен әкімдік осы даулы жобаны іске қосу жұмыстарын жалғастыра береміз деп шешті. Маған есеп бергендей, басқа амал жоқ. Тым ұзаққа созылды. Бірақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне тергеуді жандандыру туралы тапсырма бергім келеді. Бір адамның шетелге қашқанын ғана тергеп отыра бермеу керек. Олар жоспарлы түрде қашқан, бұл анық мәселе. Басқаларды, атап айтқанда, кезінде осы шешімді қабылдаған әкімдік басшыларын байқамай қоя салуға болмайды. Құжатта олардың қолы бар. Бұл бір орындаушыға ғана тіреліп тұрған проблема емес. Бұл шешімді әкімдік қабылдаған. Жоба өте даулы. Мен бұл жобаның даулы екенін, экономикалық тұрғыда түсініксіз екенін қайталап айта беремін, бірақ оны аяқтау керек, амал жоқ, халықаралық міндеттер бар», - деді Президент кеңесте.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, LRT желісінің ұзындығын да айтып, таң қалды.
«Тыңдаңыздаршы, марафонды жүгіргенде де 22 километрден асып, жүгіресіздер ғой. Он сегіз шақырым деген не – бір жолың бөлігі бір шақырымнан сәл асады екен. Бұндай жобаны қалай бастауға болады, мүлде түсінбеймін», - деді Президент.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында тек станцияларының дәіңгегі ғана салынып тұрған LRT жерүсті метро желісінің ұзындығы 22,5 шақырым. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен Үкіметке жобаны аяқтаудың нақты уақытын белгілеуді тапсырджы. "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан болса, Қазақстаннан қашып кеткен. Оны қазір Интерпол іздеп жатыр.