Малды құжатсыз тасыған азаматтар жауапқа тартылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл талап мал ұрлығын азайтуға мүмкіндік береді дейді полицейлер

Енді малды тасымалдайтын адамның қолында үш түрлі құжаты болуы керек. Бұл талапты сақтамаған жағдайда ол заң бұзушы ретінде жауапқа тартылады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай қадамға тәртіп сақшылары мал ұрлығының санын қысқарту үшін барғандарын айтып отыр.

«Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында жиі-жиі рейдтер өткізіп отырамыз. Мәселен, 24-28 ақпанда «Мал ұрлығы» деген атаумен республикалық жедел алдын алу шарасы өтеді. Оның аясында мал тасымалдайтын көлік жүргізушілерінің бәрі тексеріледі», - дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Мейір Демеубаев.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 7-1/453 бұйрығына сәйкес, мал иелеріне №1 нысандағы анықтама беріледі. Анықтама берілген күнненн бастап 1 айға жарамды. Мал тасымалдаған адамда осы құжатпен бірге ветеринариялық паспорт және жануардың жеке номері бар сырға болуы тиіс.

«2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы мал ұрлығын ашу көрсеткіші 59,1 пайызға артты. 148 ұрлыққа қатысы бар 76 қылмыстық топ ұсталды және жауапкершілікке тартылды. 2018 жылы келтірілген шығынды өндіру 64 млн 750 мың теңгені құраса, 2019 жылы 117 млн 582 мың теңгеге жетті», - деді М.Демеубаев.