Мұғалімдерді қағазбастылыққа салғандарға айыппұл салынады
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ашық алаң» бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.
«Педагог мәртебесі туралы» заңда тиісті нормалар бар. Біріншіден, 20-120 АЕК аралығында айыппұл салу қарастырылған. Екіншіден, біз алғаш рет мұғалімдер қандай құжаттарды толтыру керек деген сұраққа жауап бердік», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан бір заңға бағынатын унитарлы мемлекет болғанымен, өңірлердегі жағдай назар аударуды қажет етеді.
«Бір облысты тексердік. Онда мұғалімге 130 құжат тексерту міндеттелген екен. Ең қынжылтатыны - ұстаздар сол құжаттарды, қаншама есептерді толтырады, бірақ бұл құжат, есептер ешкімге керек емес», - деді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бұл есептерді оқуға ешкімнің уақыты да жоқ.
«Қазіргі уақытта біз тиісті тізімді дайындадық. Сол тізім бойынша пән мұғалім нақты бес құжат қана толтырады», - деді ол.