Алматы әуежайы мен емханаларында коронавирустың алдын алу шаралары өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Әуежайға қонған 150-ден астам рейстің 17 мың жолаушысы тексерістен өткен

Алматыда коронавирустың алдын алу үшін эпидемияға қарсы іс-шараларды пысықтауға арналған оқыту-жаттығу шаралары , сондай-ақ, коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі Өңірлік штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әуежайында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалық етуімен өткен жиында әуежайға келетін барлық халықаралық рейстерді бақылаудың ағымдағы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ әуежайдың санитарлық және шекара қызметтерінің коронавирусты инфекциялардың таралуының алдын алуы бойынша жұмыс механизмі тексерілді.

Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қала стационарларында коронавирусты инфекцияның таралу қаупі бар аймақтардан келген ЖРВИ мен тұмау белгілері бар 8 емделуші бар екенін хабарлады.

«Емделушілердің жағдайы алаңдаушылық туғызбайды. Жағдайлары жақсарып, қалпына келіп жатыр. Олардың алтауы ересек, бір бала ата-анасымен бірге балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сәйкес, резервтік емхана дайындалды. Қаланың медициналық мекемелері қажетті дәрі-дәрмектермен, келушілерге де, медицина қызметкерлеріне де жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді.

«Алматы халықаралық әуежайына 150-ден астам халықаралық рейс қонды, 17 мыңға жуық жолаушы тексерілді. Олардың 200-ге жуығы Қытай азаматы», – деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.

Отырыс қорытындысы бойынша Өңірлік штабтың төрағасы Ержан Бабақұмаров жұмыс қарқынын арттыруды, барлық халықаралық рейстерге күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылауды жалғастыруды тапсырды.

Бұдан өзге, санитарлық және шекара мен экипаж, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде жедел жәрдем қызметінің өзара іс-қимылын пысықтау, вирустық инфекциялардың алдын-алу және диагностика бойынша эпидемияға қарсы шараларын сақтау туралы оқыту өткізілді. Айқын симптомы бар адамдарды тасымалдау үшін жедел жәрдем іске қосылды. Олар әуежай аумағында тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді.

Сонымен қатар, оқу-жаттығулар аумақтық емханаларда да өтті. Алматыда коронавирусты жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Қаланың барлық қызметтері бекітілген алгоритмге сай жұмыс істейді. Мегаполистегі жағдай биліктің бақылауында.