Қордайдағы қақтығыс: жарақат алған тағы екі адам хәл үстінде

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың миына оқ тиген 

Масаншыда тұрғындар арасында болған жаппай төбелес кезінде жарақат алған 41 адам ауруханаға түсті. Қазіргі таңда  29 науқас Алматыда ем алса,  қалғаны Жамбыл облысындағы ауруханаларда жатыр деп хабарлайды Аzattyq-ruhy тілшісі. Жарақаттанған адамдардың жасы 17 мен 77 жас аралығында.  Министрліктің мәліметінше,  Алматыға жеткізілген екі адамның халі мүшкіл. Ота үш тәулік бұрын жасалса да, оқ жарақатын алған екі жігіт әлі есін жимаған. 

«25 науқастың жағдайы орташа  ауыр деп бағалануда. 1970 және 1980 жылы туған екі жігіттің миына оқ тиген. Жағдайлары өте ауыр. Операция жасалсада олар әлі ес жиған жоқ. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Екеуі де №7 қалалық клиникалық ауруханада жатыр», - деді Денсаулық сақтау вице- министрі Камалжан Надыров.

Қақтығыс кезінде Қырғызстанға қашқан адамдардың арасында 9 науқас Токмак пен Бішкек ауруханаларына барған. Көрші елдің дәрігерлік көмегіне жүгінген Қазақстанның барлық азаматы 2 санавиация арқылы Алматыға жеткізлген. Жалпы қақтығыстан  жарақат алған 182 адам дәрігер көмегіне жүгінген.  Олардың 5 жансақтау бөлімінде. Қазақ- дұңған қақтығысы кезінде 13 жедел- жәрдем бригадасы 3 күн бойы көмекке келген.

«Қақтығыста жарақат алған 77 жастағы ақсақалдың жамбасына ота жасалды. Жақсарып келеді,  болашақта сауығып кетеді.  Ал Қазақстан мен Қырғызстан арасында келісім бар. Төтенше жағдай кезінде азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Күндізгі  стационарлық ем алуға жіберілген азаматтарда тегін медициналық ем алады”, -  деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Тілеухан Әбілдаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы