$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2020, 22:25
Қоғам

Оралда ашуға булыққан зағиптар шенеуніктің көзін байлап тастады

Мүгедек жандардың жеке көмекшілері былтырдан бері жалақыларын алмапты 

Оралда ашуға булыққан зағиптар шенеуніктің көзін байлап тастады

Үш ай бойы жарытымды жалақы ала алмай, ашуға булыққан оралдық зағиптар салаға жауапты шенеуніктің көзін байлап тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Зағип жандар өздерінің мүшкіл халіне атқамінерлердің назарын осылай аударуға тырысты. Мүгедектердің жеке көмекшілері былтырдан бері тиесілі жалақыларын толықтай алмағанын айтады. Бұл аздай, қаңтар айында да жалақысыз қалыпты. Амалы таусылған зағиптар енді қала әкімінен заңды митинг өткізуге рұқсат беруін сұрады.

Зағиптар Орал әкімімен кездесуге тыңғылықты дайындалыпты. Алдымен бір-бірін жетелеп жүріп, түгендеп алды да, талаптары көрсетілген арызға қол қойысты. Бірақ шенеуніктермен бірден тіл табысу оңай болмады. Ақыры Жұмыспен қамту бөлімі басшысының көзін орамалмен байлап тастады.

Жеке көмекшінің қызметін 400-дей оралдық мүгедек пайдаланады. Көмекшілер - өздерінің жақын туысы немесе жұбайы. Әйтпесе көзі көрмейтін жанның қасынан күндіз-түні табылып, жетелеп жүру мүмкін емес. Мемлекет сол қызметтің әр сағатын 360 теңгеге бағалап, 3-4 сағатына ғана ақы төлейді екен. Бірақ олар сол ақшаның өзін ала алмай жүрміз дейді.

«2018 жылы бес айдың ақшасын алған жоқпыз. Солай кетті. Жұмыспен қамту бөлімі сотқа бергенімен, істің мерзімі өтіп кеткен деп істі жауып тастады. Енді қазіргі таңда біз де сотқа бердік, бірақ Жұмыспен қамту бөлімі еш шара қолданған жоқ», - деді І топ мүгедегі Есенғали Өтегенов.

Ашуға мінген мүгедектер жалақы мәселесін шеше алмаған жауапты шенеуніктерден жалақыны түгел төлеуді талап етті. Екі сағатқа созылған кездесуден кейін тараптар ортақ бітімге келді.

«Ақпан мен наурызда қаңтар ауының қарызы төленетін болды. Сағаттарымызды аздап көбейтеді. Оны қалай болса да, сотқа жеткізбей төлейтін болды»,- дейді жеке көмекші Зәуреш Шатикова.

«Атқарылған жұмыстар актісі болады. Сол акті бойынша олар зағип кісіні жетектеп, өздерінің істеп жатқан қызметтерін дәлелдеп шығуы керек. Содан кейін 8 сағатқа дейін төлеу мәселесі тұр. Ол әрбір жеке көмекшімен жеке-жеке шешілуі керек. Әрқайсысын шақырып жеке жұмыс істейтін боламыз», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Галеев.

Биылдан бастап мүгедектерге қызмет көрсету жүйесі өзгертіледі. Яғни, әлеуметтік портал арқылы зағиптар өзіне ұнаған қызмет көрсетушіні өзі таңдайды. Енді мүгедектер ақпан айында рұқсат етілген митинг өткізбек ниетте. Бірақ жергілікті әкімдіктің бұған қалай қарайтыны белгісіз.

Серіктес жаңалықтары