Нұр-Сұлтанда екі аптада 5-ақ жүргізуші сары нөмір алды

Автор: Azattyq Rýhy

Жүргізушілер көлігін тіркеуден өткізуге неге құлықсыз?

Фотоколлаж

Қазақстан аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген көліктерді уақытша тіркеу басталғанына 10 күн өтті. Осы уақыт ішінде елордадағы «автоцон» арқылы Ресейден Қазақстанға әкелінген небәрі 5 көлік тіркеуден өткен.

Ақпан айынан бастап автоцондарда (халық арасындағы атауы - авт.) ЕАОЭ-дан әкелінген көліктерді уақытша тіркеу бойынша акция жүріп жатыр. Онда Ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері шетелдік авто иелеріне кеңес береді. Алайда, Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Армениядан әкелінген көлік иелері көрінбейді. Соған қарағанда, жүргізушілер көлігін тіркеуден өткізуге құлық танытпайтын секілді.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманының мәліметінше, кеңес алуға келгендердің көбінің көлігі ескі. Сондықтан уақытша тіркеуден өткізуге жарамсыз.

«Қазақстанда шетелден әкелінген көліктерді уақытша тіркеу үшін автомашина Еуро-4, Еуро-5 стандартына сай келуі тиіс. Яғни, 2007 жылдан кейін шыққан көліктерді тіркеуге ғана рұқсат бар. Бұдан бөлек, уақытша тіркеу үшін бастапқы алымды да төлеу қажет. Ал, салық кодексіне сай, бастапқы алым көліктің зауыттан шыққан уақытына байланысты төленеді. Екі жыл болған көлікті бастапқы тіркеу үшін 0,25 айлық есептік көрсеткіш (662,75 теңге), 3 жыл болған көлікке – 50 АЕК (132 550 теңге), 3 жылдан асқан көлік үшін 500 АЕК (1 325 500 теңге) көлемінде төлем белгіленген», - деді Талғат Тайлақбаев.

Оның айтуынша, кеңес алу мақсатында күніне 10 шақты келеді. Жүргізушілер мінген көліктердің дені ескірген. Ал, елімізде ескі көліктерді тіркеуге тыйым салынған. Сондықтан ол көліктерді елден шығарып немесе утилизацияға жіберуден басқа амал жоқ.

Көлігін уақытша тіркеуден өткізе алмай жүрген ескі авто иелерінің бірі - Ержан Сыздықов. Ол осыдан жарты жыл бұрын 1,5 млн теңгеге 1999 жылы зауыттан шыққан көлік сатып алған.  

«Өзім де дұрыс түсінбедім. Темір тұлпар халықаралық стандарттарға сай келмейді деп жатыр. Енді «машинаны елден шығар, бөлшектеп сатып жібер» дейді. Не істерімді білмеймін», - деді көлік иесі.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері көлікті уақытша тіркеу үшін құжаттарды қабылдап жатыр. Олар бастапқы тіркеу алымын толық төлегеннен кейін ғана көлік иелеріне сары түсті нөмірлер берілетінін айтты.

«Бастапқы тіркеу алымын бірден төлеп, уақытша нөмір алғандар үшін утилизация алымы мен кедендік баж салығын наурызға дейін бөліп төлеуге болады»,- деді Сәбит Мұсақұлов.

Азаттық рухы тілшісі 2017 жылы шыққан «Toyota Camry» (қозғалтқыш көлемі - 2.5) көлігін уақытша тіркеу үшін қанша қаражат кететінін есептеп көрді?  Арменияда осы маркалы көлік шамамен 4 млн теңге тұрады.

Естеріңізде болса, Ішкі істер министрлігі қаңтарда «Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан мен Ресейдің тіркеу нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін» мәлімдеді. Министрлік шетелден көлік алғандарға бастапқы алымды, утилизация алымын және баж салығын төлеп, автокөліктерін тіркеуді ұсынды.

Министрліктің мәлімдемесі шет елдерден көлік сатып алғандардың жаппай наразылығын тудырды. Еліміздің бірнеше өңірінде автожүргізушілер қарсылық танытып, көлік тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, Үкіметтен тіркеу жолын жеңілдетуді әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндігін жасауды талап етті.

Жүргізушілер наразылығынан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктерді 2021 жылдың наурызына дейін уақытша тіркеуге қоюды тапсырды. Уақытша тіркелген көліктерге 18 реттік санымен арнайы сары түсті нөмір беріледі. Бірақ шетелден автомобиль әкелгендер 2021 жылдың наурызына дейін бастапқы алымды, утилизация алымын (утилизация – көлік ескіргенде иесінен алып, жою – авт.) төлеп, көлігін тұрақты тіркеуге қоюы тиіс.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан