Көпбалалы отбасыларға үй алу үшін алғашқы жарнаны алып тастау ұсынылды

Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «қолыма қағаз, қалам алып есептедім, бұл мүмкін» дейді 

«Нұрлы жер» бағдарламасы талқылаған Парламенттегі Үкімет сағатында Тұрғын Үй  құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асатын «2-10-20» бағдарламасының қазанға дейінгі нәтижесі жарияланды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, осы бағдарлама арқылы бар-жоғы 3200 отбасы ғана үй алған. Оның себебі, Зағипа Балиева атап өткендей, 10 пайыздық жарнада. 

«Көп балалы отбасыларға, мүгедек бала асырап отырған отбасылар мен толық емес отбасыларға 2 пайызбен баспана беру бағдарламасына Үкімет бір жыл үшін 50 млрд теңге бөлді. Осы жылды қосқанда, алдағы үш жылда 50 млрд теңгеден, 150 млрд теңге қарастырылған. Осындай отбасыларға алғашқы жарнасы 10 пайыз, жыл сайын екі пайыз үстемақысымен 20 жылға ипотека беріледі. Бірақ, осы 10 пайызды ешкім жинай алмайды. Себебі, олар қазір пәтер жалдап отыр. Пәтер жалдауға айына 40 000- 100 000 теңге жұмсайды. Ол ақшаны жалдаған пәтерге бермей, банкке төлесе, 20 жыл ішінде төлеп бітеді. Әрбір отбасының ондай мүмкіндігі бар, себебі, олар бәрі бір пәтер  жалдап отыр», - дейді Зағипа Балиева. 

Көп балалы отбасы, мүгедек бала асырап отырған отбасы және толық емес отбасылардың көбі Нұр-Сұлтан қаласында 40 мың теңгеден бастап, 150 мың теңге аралағында пәтер жалдайды, дейді ол. «Бірақ, өз көзіммен көрдім, 40 мың теңгенің пәтері – ол пәтер емес, өте нашар баспана», - дейді депутат. 

«Үкімет Тұрғын үй құрылыс банкіне алғашқы жарнаны алып тастағанда, қанша қаражат керек берсе, отандастарымыз қиналмайтын еді. Депутаттар сол қаражатты сұрауға дайын. Осылайша, 10 пайыз алғашқы жарнаны алып тастау керек. Сол 10 пайыз көп қиындық тудырады», - дейді Балиева.

Кежекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.