Алматы тұрғынын Түркістандағы емханаға тіркеп қойған: Денсаулық сақтау министрлігінің жеке клиникаларға құзіреті жүрмей ме?

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Қазақстандықтардың ЭЦҚ кілті жеке клиникаларға не үшін қажет?

Елімізде кей азаматтар өздері тіркелген емханаға барып, дәрігерге қарала алмай жүр. Себебі олар басқа емханаға қайта тіркеп жіберген. Айтуларынша, жеке клиникалар жылдың басында мемлекеттен қаражат алу үшін осындай әрекетке әдейі барады екен. Ал емхана басшылары азаматтардың электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы тіркелгенін айтады. Бірақ нақты кімнің базаға енгізгенін білмейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жеке клиникаларға құзырымыз жүрмейді десе, ҚР Цифрлық даму министрлігі азаматтардың атынан өтініш жіберіп жүргендерді біртіндеп анықтаймыз деп отыр. Ал клиникалар 3 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.

Алматыда бір отбасының екі мүшесі бөтен клиникаға тіркеліп кеткен. Бұл істі кім жасағаны әзірге белгісіз. Анасы мен баласы Түркістандағы «дәрігер Орынбаевтың медициналық орталығында»  тіркеліп тұрғанын өздерінің учаскелік дәрігеріне барғанда бір-ақ білген. Отбасының айтуынша, пациенттерді клиника тарапы мемлекеттен қаражат алу үшін әдейі тіркеп алады.

«Осы айдың басында баламның тісі ауырып, Алматыдағы балалар тіс емханасына бардық. Емханаға барғаннан кейін ғана баламның «Дәрігер Орынбаевтың медициналық орталығында» тіркелгенін білдік. Ондағы мамандар бізге қаралу үшін қайта Алматыдағы емханаға тіркелуіңіз керек деді. Әйтпесе, балаңызға қызмет көрсете алмаймыз деді. Амалсыздан тісі ауырып тұрған баламды ақылы бөлімге жіберіңіз дедік. Баламның неліктен ол клиникаға тіркеліп тұрғанын білмейміз. Бізге ешкім түсіндірмеді. Мекеме басшысы Рахат Ерғалиұлы енді баратын жеке клиникалар мен тапсыратын анализдеріңіздің есеп-шотын бізге жіберіңіздер, біз төлейміз дейді. Сонда бұл қалай болғаны?!

Жұбайым да Түркістандағы дәл осы клиникаға тіркеліп тұрғанын мамыр айында бір-ақ білді. Ауырып ем іздеп, емханаға барғанда тосын сый сияқты алдымыздан шығады да тұрады. Мұны қадағалайтын, тексеретін құзырлы орган жоқ па? Дәрігер Орынбаевтың медициналық орталығының басшысы eGov арқылы өздеріңіз тіркелгенсіздер дейді. Электронды цифрлы қолтаңбамен қай жерге қол қойып жатқанымызды жақсы білеміз. Оның үстіне мұндай клиниканың барын бірінші рет естіп тұрмыз. Баламыз еш уақытта Түркістанда болмаған. Біздің электронды деректеріміз әркімнің қолына осылай жеңіл түсе беретін болса, онда Цифрлық даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі не істеп отыр?! Қауіпсіздік деген қайда қалды сонда. ЭЦҚ-ны әр алты ай сайын жаңартып отырамыз, оған жаңа құпия сөз орнатамыз. Цифрлы Қазақстанның деңгейі болса мынау, хакерлер біздің деректерімізді оп-оңай ашып, қажетіне пайдаланып жүр», - деді ата-ана Нұрым Ибрагимов. 

Нұрым Ибрагимовтің жұбайы eGov арқылы қайта өтініш беріп, Алматыдағы өзінің қаралып жүрген емханасына тіркелген. Ал баласын қайта бұрынғы емханаға ауыстыра алмай отыр. Оның себебін дәрігер Орынбаевтың медициналық орталығының басшысы былай деп түсіндірді:

«Қазір баланы басқа медициналық мекемеге тіркей алмайды. Өйткені база жабық. Біздің емханаға тіркелу бойынша өтініш ЭЦҚ кілті арқылы берілген, өзіне де, баласына да. Оны кім бергенін айта алмаймын. Ұлы Асхат Әмір де бізге анасы секілді 2022 жылдың 1 қаңтарынан тіркелген, яғни тіркеу науқаны кезінде eGov порталы арқылы өтініш кеткен. Бұл мәселеге қатысты нақты мен жауап бере алмаймын. Өйткені жұмысқа кіріскен уақытым 18.04.2022 ж күннен басталды. Ал бала жеке клинкаларға қазір қаралса, біздің мекеме құнын төлеп береді», - деді клиника басшысы Рахат Ерғалиұлы.

«Мединцинский центр доктора «Орынбаева-Туркестан» ЖШС-дағы бұл бірінші жағдай емес. Мұны клиника басшысының өзі растап отыр. Айтуынша қазір клиниканың Шымкент қаласындағы бөлімшесін басқарып отырған азамат бұған дейін Түрікстандағы бөлімшеге жетекшілік еткен. Дәл сол уақыт аралығында рұқсатсыз тіркеу болған.

Шымкент тұрғыны Мақсат Жақсыбай да баласының ыстығы көтеріліп, қаралып жүрген емханаға барғанда, қызының басқа клиникада тіркеліп тұрғанын естіген. Ол бұл жайттың қалай болғанын білу үшін прокуратураға арыз да жазған. Бірақ әлі күнге дейін жауап ала алмаған.

«Балам мамыр айында ауырып, өзіміздің емханаға бардық. ЖСН нөмірін терген емхана қызметкері тіркеуде жоқ екенімізді айтты. Сол кезде ғана Шымкенттен 50 шақырым жердегі Шұбарсу ауылындағы «Аяла Мед» деген клиникада тіркеуде екенімізді білдік. Аң-таң күйде қалдық. Бала-шағамның жеке мәліметі кімнің қолында жүр деген ойда қалдық. Ақыры сол «Аяла мед» деген клинканы іздеп бардым. Ол жақта бұл автоматты түрде болатын дүние деп түсіндіріп тұр. Ақылға қонымсыз. Клиника басшылары кешірім сұрап әлек болды. Бірақ маған ол кешірімнен түк те пайда жоқ. Баламды қайтадан өз емханамызға тіркедік.

Естуімше, жыл басында жеке клиникаларға әрбір науқасты тіркеп берген мамандар 5 доллардан ақша алады екен. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры бойынша клиникаға әр адам үшін әжептәуір қаражат түседі екен. Пацинет дәрігерге қаралсын, қаралмасын 2 мың теңге ақша аудырылып отырады. Бәрі осы ақша үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Жекеменшік клиниканың басшылары пайдаға кенелу үшін осының бәрін әдейі істеуі мүмкін. Әйтпесе, айдаладағы біреудің баласын не үшін тіркейді?

Күнделікті емханаға бара бермейтіндіктен жұрт қайда тіркеліп тұрғанынан да бейхабар болуы мүмкін. Бұл халыққа әдейі жасалынып жатқан қиянат. Мұндай кәсіпкерлерді соттау керек. Осы бойынша Түркістан облысының прокуратурасына шағымдандым. Өйткені, Шұбарсу елді мекені Түркістан облысына қарайды. Қадағалаушы орган деген аты бар прокуратура түк те тындырған жоқ. Бар атқарған жұмысы – міндетті медициналық сақтандыру қорына сілтеді. Ал олардан әлі күнге дейін жауап жоқ. Уақытылы жұмыс істемейді. Негізі осы сақтандыру қорын мүлдем алып тастау керек. Керек адам өзі емделеді. Халықтың есебінен байып жатқан бұл қорды жабу керек», - деді Шымкент қаласының тұрғыны Мақсат Жақсыбай.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, мән-жайды анықтамақ болғанда жеке клиникаларға құзырымыз жүрмейді деген жауап алдық.

«Жекеменшік клиника құрызетімізге кірмейді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті зерттеу жүргізе алады. Бірақ ол үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің атына өтініш жазу керек. Жергілікті атқарушы органға жүгінген жөн. Өйткені, жеке клиникалар лицензияны сол өңірден алады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінң баспасөз өкілі. 

Министрліктің хабарлауынша жекеменшік емханалар көмек алмайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет көрсетуші статусын алса, бекітілген тарифке сәйкес көрсеткен қызметі үшін қаржысын алатындығын растады. Ведомство тариф сомасын ресми жолдайтындықтарын жеткізді.

Ал Цифрлық даму министрлігі ел азаматтарының ЭЦҚ кілттерін кез-келген адамның пайдалануы мүмкін емес деп отыр. Кімнің, қай уақытта өтініш бергенін анықтай алатындықтарын жеткізді. Бастысы Egov порталы арқылы өтініш жіберуіңіз керек.

«Азаматтар өздерінің дербес деректерін заңсыз жинау мен өңдеу, сонымен бірге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қолдану талаптарын бұзу (мысалға азаматтың рұқсатынсыз ЭЦҚ-ны шығару) мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінуге құқылы. Жолданар өтініште жасалған заң бұзушылық туралы барынша ақпарат көрсетілу керек: өтініш берушінің аты-жөні, байланыс деректері; бұзушылыққа жол берілген жағдайдың сипаттамасы; бұзушылық жасау мерзімі мен уақыты; бұзушылықты растайтын сенімді материалдар; құқық бұзушылық жасаған тұлға.

Өз кезегінде, өтінішті қарастыру барысында комитет Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижелері бойынша құқық бұзушылықтар расталған жағдайда оларды жою жөнінде нұсқама беріледі және әкімшілік айыппұл салыну мәселесі қаралады.

Бұдан басқа, өтініште әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер – бұзушылық фактісін растайтын материалдар, құқық бұзушылыққа жол берген субъектіні және оны жасау мерзімдерін қамтитын ақпарат болған кезде жоспардан тыс тексеру жүргізбестен әкімшілік іс жүргізу қозғалады және айыппұл салынады. Қазіргі таңда министрлік Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіндегі 79, 640 және 641-баптарда көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік істерді қарайды және осы баптарда көрсетілген құрамдар бойынша айыппұл салады», - деп мәлімдеді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, заң бұзған кәсіпкерге 3 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.