«Баламды түк білмейді деп мектепке қабылдамады»: Алматыда бүлдіршіндер бірінші сыныпқа қалай қабылданып жатыр?

Гимназия мен лицейлерге қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады

«Баламды түк білмейді деп мектепке қабылдамады»: Алматыда бүлдіршіндер бірінші сыныпқа қалай қабылданып жатыр?

Алматыда бүлдіршіндер 1-сыныпқа маусым айынан бастап қабылданып жатыр. Осы аралықта кей мектептер жеткіншектерді деңгейіне қарай жаппай сұрыптауға көшкен. Биыл «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын кейбір оқушылар білім ордасына бармай жатып, үздік екенін дәлелдеуі керек. Ал ұстаздар бір балаға бірнеше сұрақ қойып, оқушылардың қарым-қабілетіне баға береді. Azattyq Ruhy тілшісі оқушылардың қандай сынақтан өтіп жатқанын анықтап көрді.

Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясына 1-сыныпқа қабылданып жатқан оқушылар сынақтан өтіп жатыр. Ата-аналардың айтуынша «А» мен «Б» сыныбына кілең үздік оқитындар жиналса, қалған сыныптарға үлгерімі нашар, әріп танымайтын балалар қабылданып жатыр. Бірақ баланың қарым-қабілетін толық білмей жатып, деңгейін төмен бағалайтын ұстаздар да бар көрінеді. Бұл туралы дәл осы мектепке баласын берген ана Арай Айып айтты.

«Бірінші күні балам емтиханға кірді. 8 сұрақ қойыпты. Бірақ жауап бермей қойған. Мектепке шақырып, балаңыз түк білмейді деді. Мен баламның екінің біріне ашылып сөйлей бермейтінін айттым. Сонда да, емтиханның қорытындысы шықпай жатып, бала мектепке жарамайды деді. Қызым бірліктерді ойша қосуды, азайтуды, 42 әріпті біледі, тіпті оқи да алады. Емтиханнан жылап, көңіл-күйі түсіп шыққан өзге балаларды көріп, автоматты түрде қысылып, қорқып жауап бермей қойған. Ол да мені осылай жылатады екен деп ойлап, үндемей тұра берген екен. Бұл бала түк білмейді деген сөз емес. Мұғалімдер әр балаға ерекше көңіл аудара білуі керек.

Ертесіне мектептің оқу-ісі жөніндегі орынбасарына, кейін директорына бардым. Директор оқушылардан емтихан алуға өзі рұқсат бергенін, өйткені білім ордасының статусы мектеп-гимназия екенін айтып түсіндірмек болды. Яғни, «А» мен «Б» сыныбы гимназия, қалған сыныптар жалпы білім беретін орта мектеп болып саналады екен. Дегенмен оқушылардың бәрі бір бағдарламамен оқиды, ал гимназияға қосымша сағаттар берілетін көрінеді. Қызымды қамқорлық танытып, «Е» сыныбына алып отырғанын айтты. Сөйтсе, ол сыныпқа мүлдем әріп танымайтын, 6 жасқа толмағандар да қабылданады екен. Кітап оқи алатын қызым екінші рет сынақ тапсыратын болды. Соңында, қай сыныпқа баратындарыңызды өздеріңіз таңдаңыздар деп тұр. Өйткені, деңгейі гимназияға лайық екен», - деді ата-ана Арай Айып.

Ата-аналардың айтуынша сынақ қабылдайтын ұстаздардың заманауи форматқа көшкені жөн. Ал оқушыларды деңгейіне қарай топтастыру тіпті ақылға қонымсыз деп отыр.

«Негізі баланы бұлай сұрыптаған дұрыс емес. Түбегейлі қарсымын. Сынақтан өтіп жатқан балаға қызық сұрақтар қояды. Мәселен, шорты, футболканы көрсетіп, қай кезде киеміз дейді. Біз ол киімдерді жазда да, қыстыгүні үйде де киеміз ғой. Тіпті жаздық етіктер де болады. Бала көріп жүргенін айтады. Мектеп ескі форматта жұмыс істейді. «Бауырсақ» пен «Шалқан» туралы ертегіден суретті көрсетіп, не көріп тұрсың деп сұрайды. Шалқан дегеніміз орыстың «Редька» туралы ертегісі ғой сонда. Дәл осы ертегі баланың бәрі білуге міндетті емес. Қазақы жақсы ертегілер жоқ па сонда?! Бірақ бала планета туралы, ақшаның жасалу жолы, экология туралы қызықты деректерді айтады.

Балалардың 90 пайызы қазір орысшадан қазақшаға аударып сөйлейді. Барлық ата-ананың проблемасы осы, дейді мектеп тарапы. Бұл мәселенің шешімі жоқ емес, бар ғой. Сондықтан, өз ана тілінде тырысып сөйлеп жүрген баланы мектептің шеттетуге ешқандай құқы жоқ. Баланың зейіні мектепте ашылады.

Мектепті қызылға бітіріп, екі жоғары оқу орнына грантқа түскен адам ретінде айтатыным, емтихан алса да, балаларды бөлмесін. Әр сыныпта жақсы да, орташа да оқитын балалар қатар, тең отыруы керек. Кілең мықтылар, немесе әріп танымайтындар деп бөліп-жаруға болмайды. Мектептің айналасында «Е» сыныбына барғым келмейді деп жүрген бала көп. Баланың басына «А» сыныбы мықты, «Е» сыныбы нашар  деген вирусты мектептің өзі салды. Дарынсыз бала болмайды, барлығына тең мүмкіндік беру керек. Ал мектеп директоры балаларды бөлмесем, «мектеп-гимназия» деген статусты қалай қорғаймын деп отыр», - дейді ата-ана.

Алматы қаласының Білім басқармасы гимназиялар мен лицейлер оқушыларды конкурстық негізде қабылдайтынын мәлім етті. Ал жалпы білім беретін орта мектептерде мұндай талап жоқ. Сол сияқты қалада «мектеп-гимназия» деген статустағы мектептер де бар. Дәл осындай статустағы кейбір білім ордасында балалар білім деңгейіне қарай бөлінеді.

«Жалпы білім беретін мектептерде емтихан немесе тестілеу өткізілмейді, ал гимназия мен лицейлерге қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Осы таңдау арқылы баланы өзінің дайындық деңгейін анықтау үшін әңгімелесуге шақырады. Сұхбаттасушылар қатарына бастауыш сынып мұғалімі, медициналық қызметкер (психолог) және әлеуметтік педагог кіреді», - делінген Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарламасында.

Биыл қазақ тілді мектептерде «Әліппе» және «Ана тілі» пәндері оқытылады, орыс тілі екінші сыныптан, ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап енгізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.