Суретші осы жылдың көктемінде Сеулде өткен халықаралық көрмеге қатысқан
Көктемде Сеулде өткен халықаралық көрмеге қазақстандық суретші, аниматор Аңсаған Мұстафаның да жұмысы қойылып, қылқалам шебері арнайы дипломмен марапатталған. Алайда Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі суретшінің жұмысы мен дипломын ұйымдастырушылардан алып кетуден бас тартыпты. Бұл туралы автор өзінің Facebook парақшасында жазды.
Халықаралық көрмеге шақырту алғанымен, суретші Pfizer вакцинасын ала алмауына байланысты Сеулге бара алмапты. Десе де ұйымдастырушылар көрменің төріне шебердің жұмысын қойып, төбесіне еліміздің көк туын жабыстырған.
Ал шара аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар Аңсаған Мұстафаның өзіне хабарласып, жарыққа шыққан каталог, журнал және дипломды алып кетуін сұраған. Суретші ойланбастан, елшілікке тапсыруды ұсынған екен. Алайда Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі ешқандай көмек қолын соза алмайтынын жеткізіпті.
«Мен елшіліктің адамдарына табыстауды ұсындым. Олар ары-бері ұшып жүргендіктен, бір сәті түскенде алып келер деп ойладым. Ұйымдастырушылар елшілікке хабарласып, заттарды алып кетуді өтінген. Алайда олар жоқ депті. Ұялғанымнан өртеніп кетуге қалдым. Мәселен, Мексикада сондай көрме өткен кезде, ол жақтағы елшіліктің адамдары барып, дәл осындай 2-3 затты алып кеткен болатын. Олар мұндай жаңалықты қуанышпен қабыл алды», - дейді суретші.