Жолаушылар тасымалы бойынша ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелген

Автор: Azattyq Rýhy

Үздік үштікке Алматы қаласы, Ақтөбе мен Атырау облыстары кіреді

bnews.kz

2019 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстандағы транспорт түрлері бойынша тасымал көлемі 15,5 млрд жолаушыны құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,4%-ға артты. Бұл өсім 100% автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі болғанмен, автотасымалдан түсетін табыс көлемі 19%-дан 17%-ға дейін төмендеген. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.

Барлық 17 аймақ бойынша жолаушылар тасымалы бойынша өсім бар. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласына тиесілі: 3,6 млрд жолаушы (6,4% артық), Ақтөбе облысында 6,2% өсім бар (211,5 млн адам), үздік үштікке Атырау облысы кіреді (5,8% артық). Ал, ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау (0,1%), СҚО (0,4%), БҚО (0,5%) облыстарында тіркелген.

Жолаушылар тасымалынан түскен барлық кіріс көлемі жалпы табыстың 19,4%-ын құрайды: 2019 жылдың қаңтар-тамыз айлары бойынша 385,6 млрд тг (8,1% артық). Автомобиль және қалалық электр көлігінен түскен қаржы көлемі 67,3 млрд тг (2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,8% көп). Ең көп табыс әуе тасымалынан түскен (252,8 млрд тг), теміржол транспортынан түскені - 65,4 млрд тг.

Автобуспен тасымалдаудан түскен табыс 59,1 млрд теңге болған, бұл автомобиль және қалалық электр көлігінің 87,8%-ын құрайды. Республикамыз бойынша автобус құны 1,1%-ға өсіп, 75 теңгеден 76 теңгеге дейін жеткен. Ең үлкен өсім Ақтөбеде болды 55 теңгеден 80 теңгеге жеткен (45,5%). Ең қымбат жолаушы билеті Нұр-Сұлтан, Өскемен және Қызылорда қалаларында – 90 теңге.