$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.02.2020, 13:27
Қоғам

Алматыда электр энергиясының құны қымбаттады –әкімдік

Департамент басшылары электр энергиясының қымбаттауына әсет еткен негізгі факторларды атады

Алматыда электр энергиясының құны қымбаттады –әкімдік
фотода: департамент басшысы Болат Сәмбетов

Электр жарығының құны жаңа жылдан кейін қымбаттағанмен, әкімдіктегілер оның себебін арада бір ай өткен соң ғана түсіндірді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Сәмбетовтің айтуынша, электр энергиясының қымбаттауына бірнеше себеп бар. Өткен жылдың соңында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бағаны көтеру туралы өтініш жасаған. Нәтижесінде, тариф 4,6% қымбаттап, тұтынушылар әр киловатт үшін енді бұрынғыдай 16 теңге 36 тиын емес, 17 теңге 12 тиын төлейді. Мұндай шешім қабылдауға электр қуатын жеткізетін алпауыт компаниялардың қызмет құнын шарықтатуы себеп болған.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ электр энергиясын беру тарифін 10% төмендеуі есебінен электр энергиясының құны 2,8%-ға арзандаған еді. Биыл баға қайта көтерілді. Бұған электр қуатымен қамтамасыз ету қызметтеріне тарифтердің өсуі себеп болды. Мәселен «Жаңартылатын энергия көздері бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС электрмен жабдықтау қызметтеріне тарифті 30% -ға, «KEGOC» желілері арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша қызмет 12% -ға, «ҚТЖ» АҚ-ның 2% -ға қымбаттауы болды», - деп түсіндірді Болат Сәмбетов.

Департамент басшылары есесіне суық су құны 4% төмендеді деп сүйіншіледі. Өз кезегінде «Алматы Су» МКК да табиғи монополияларды реттеу агенттігіне 2020-2024 жылдарға арналған шекті тариф деңгейін бекітуге өтініш білдіріп, бағаны көтермек болған. Алайда, талдау нәтижелеріне сүйенген департамент бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға жүктемені көбейтіп, есесіне халықтың суға төлемін 4% -ға төмендетіп тастаған. Алматы тұрғындары бұдан былай бір текше метр су үшін 42 теңге 86 тиын төлейді. Кәріз суы болса бұрынғыдай 23 теңге 12 тиын қалпында өзгеріссіз қалды. Көгілдір отынның құны да өзгерді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның газбен жабдықтау тарифтері газ тасымалдау тарифін 1,6% төмендеткен. Нәтижесінде тұрғындар әр текше метр газ үшін 29 теңге 44 тиын, яғни, бұрынғы бағадан небәрі 20 тиын ғана арзан төлейді. Коммуналдық қызметтердің құны әдетте 5 жылға жоспарланып жасалады. Алайда, №2 ЖЭО күрделі жөндеуге ұшыраса жоғарыдағы бағалар да өзгеріп кетуі мүмкін.

«Қазір ЖЭО-2 техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде, сәуір айында дайын болуы керек. Біз тарифтің қандай болатынын болжай алмаймыз. Қазір ЖЭО-2 көмірмен жұмыс істейді және экологиялық проблемалар туындатып отыр. Оларды шешу үшін біз газға ауысқымыз келеді. Алматы электр желілерінен бізге әлі нақты өтініш келіп түскен жоқ, сондықтан біз әлі есеп жүргізген жоқпыз. Бірақ, газға ауысқан жағдайда баға көтерілуі мүмкін. Себебі, газ бәрібір қымбатырақ.», - деді Болат Сәмбетов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары