1000-нан астам балалар үйінің түлегі баспаналы болды - партия
Бүгін «Nur Otan» партиясы басшылығы әйелдер мен балалар құқығын қорғау бойынша жиын өткізді

«Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері еліміздегі 200 елді мекенді аралап, 1300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын тексеріп шықты. Бүгін жұмыс тобының өңірлерде жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижелері партиялық тыңдауда талқыланды.
Жиында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек отбасын қолдау және балалар құқын қорғау партияның ұдайы назарында болатынын алға тартты.
«Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде тәуелсіздік алғаннан бастап жүргізіліп келеді. 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияны іске асыру бірнеше ұрпақ өміріне оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, балалар өлімінің азаюы бес еседен асты. Білім берумен, соның ішінде мектепке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жылда 13,6%-ке ұлғайып, 95,2%-ті құрады. Инклюзивті білім беру дамып, балалар үйлеріндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың санының соңғы 10 жылда 2 еседен асты, әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасты. Елімізде балалардың құқықтарын іске асыру үшін құқықтық база құрылды, оны жетілдіру жалғасын табуда», - деді Бауыржан Байбек.
Республикалық қоғамдық кеңестің өңірлерге жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар проблема анықталған. Осы ретте партия өңірлік мемлекеттік органдармен және Білім министрлігімен 2 ай бойы жұмыс жүргізіп, анықталған кедергілердің 70%-ы реттелген.
Еске сала кетейік, Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен жылдың ақпан айында құрылды. Жоба аясында балалар үйінің 1000-нан аса түлегі тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 2000 жетім балаға білім беру бойынша жинақтау салымы ашылды, қиын жағдайдағы 270 мыңға жуық отбасыға құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді.